Көліктегі мультимедия қалай дамыған?

Автокөліктердегі мультимедиялық технологиялардың өзіндік даму тарихы бар. Тіпті, қазіргі заманғы автомобильдерде ақпараттық ойын-сауық жүйесінің экраны ерекше орын алады. Себебі, оған педальдардан, қораптан және рульден басқа барлық параметрлер қосылған. Мысалы: климаттық бақылау, орындықтарды жылыту, навигация, музыка, айналарды басқару және т.б. 

Винил ойнатқышы және радио 

Бұл технологияның автомобильдегі алғашқы түрі 1930 жылдары пайда болды. Ең алғашқы құрылғылар тек амплитудалық модуляция диапазонында жұмыс істеді және өте қымбат болды. Шамамен жиырма жылдан кейін нарықта FM радиосы пайда болды. Көліктерде кассетамен жұмыс істейтін ойнатқыштар пайда болғанға дейін жүргізушілер винил жазбаларын тыңдаған. 1956 жылы винил ойнатқышы алғаш рет Chrysler көлігінде пайда болды. Құрылғы Highway Hi-Fi деп аталды. Америкалық CBS компаниясы ойнатқышты әзірлеуге және жазбаларды шығаруға жауапты болды. Әсіресе, машиналар үшін винилдің арнайы, кішірейтілген форматы ойлап табылды. Олар баяу айналды, ал жазбаның өзіне екі есе көп музыка қойылды – 90 минутқа дейін. Олар кәдімгі ойнатқыштардан шамамен екі есе кішкентай, бірақ салмағы екі есе ауыр болды. Кедір-бұдырларда ойнатқыштың инесі ауытқып кететіндіктен, музыка тыңдауды жалғастыру үшін оны түзетуге тура келген. Сондықтан мұндай мультимедия ұзаққа созылмай, 1956 жылдан 1959 жылға дейін үш жыл ғана қолданылды. 

Байланыс құрылғысы 

Автокөлік телефонының алғашқы үлгісі 1946 жылы пайда болды. Жүйені Motorola ұсынды. Көлік радиотехнология арқылы стационарлық телефон желісіне қосылды. Бұл революциялық жаңалық болатын. Бірақ, бүкіл жүйенің салмағы шамамен 36 келі тартқандықтан, бұл машина үшін тым ауыр деп танылған. Сонымен қатар, байланысты күту өте ұзақ болған, өйткені желі бір уақытта тек үш қоңырауға қызмет ете алатын. Жүргізуші сол телефон желісіне қосылған басқа жүргізушінің сөйлесуді аяқтағанын күтуге мәжбүр болған. Автокөлік телефондарының технологиясы тек 80-ші жылдары толығымен таралды. Бірақ, сол кезде де бұл опцияны өз көлігіне орнатуды таңдағандар аз еді. Олар тек жолда жұмыс істеген аға басшыларға қажет болды. Тиісінше, бұл технологияның өркендеуі ұзаққа созылмады. 1990 жылдардың ортасында жеке ұялы телефондар автомобиль телефондарын ығыстырып тастады. 

Бірінші сенсорлық экран 

Тарихтағы көлікке орнатылған алғашқы сенсорлы экран – 1986 жылғы Buick Riviera. Ол әр түрткен сайын дыбыстық сигнал шығаратын. Технологияның нарықтағы ғұмыры небәрі 4 жылға созылды. Себебі,  ол жүргізушінің назарын өзіне бұрып, жолға қарап отыруға кедергі келтірген. Яғни бұл проблема сенсорлық экрандармен бірге пайда болған және әлі де шешілген жоқ. 

Ақпараттық ойын-сауық индустриясының пайда болуы 

Көптеген функцияларды біріктіретін бірыңғай жүйе – ақпараттық ойын-сауық жүйесі деп аталды. Ол арқылы борттық компьютердің, навигацияның деректерін көріп, музыканы басқаруға болады. Бұл жүйені өз көліктеріне енгізген алғашқы брендтердің бірі – BMW. Бұл 2001 жылы болатын. Көп ұзамай басқа автоөндірушілер де осы үлгіні ұстанды. Осылайша әр компания өз көліктері үшін өзіндік операциялық жүйесін әзірледі. 

Bluetooth және ұялы телефон  

Телефонды өз көліктеріндегі мультимедияға Bluetooth арқылы қосу мүмкіндігін 2000 жылы ұсынған алғашқы бренд – Chrysler. Оның артынан басқа автоөндірушілер ілесті. 2010 жылға қарай бұл технология өте кең таралды. Технология әлі де бар және Apple CarPlay және Android Auto сияқты күрделі ұялы байланыс жүйелері үшін қолданылады. 

Әрмен қарай не болады? 

Технология дамыған сайын ақпараттық ойын-сауық жүйелерін пайдалану оңай және интуитивті бола бастады. Бірақ, олардың әлі де ұзақ жолы бар. Соңғы зерттеулер жүргізушілер үшін экрандардың тым күрделі, тұрақсыз екендігі және сенсорлық басқару физикалық басқару элементтерін алмастыра алмайтынын көрсетті. Сондықтан автоөндірушілер ақпараттық ойын-сауық жүйесінің жұмысын қарапайым әрі түсінікті ету үшін әлі де біраз жұмыс істеуі керек.
Пікір қалдырыңыз