Қытай автомобилінің 3 кемшілігі
Еңбекқор қытай халқы ойы жеткеннің бәрін іске асырып, қолы да жететіндей етуден алдына жан салмайды. Соңғы бірнеше жыл ішінде автокөлік өндірісінде тыңнан түрен салып, байырғы алпауыттарды қуып жетті десек қателеспейміз. Оған қытайлық көлік маркасының сан алуандығы және дүние жүзінде саудасы жап-жақсы жүріп тұрғандығы дәлел. Олардың Қазақстан авто-нарығын жаулағанына да бірнеше жыл болды. Дәл қазір сатылым жағынан көш бастап тұр десек әбден болады. Автосалондар Қытай көліктеріне толы. Көшелерде де көп көреміз. Алайда, аспан асты елінің көліктері бағасы жағынан тиімді болғанымен, қауіпсіздік жағынан әлі де беймәлім тұстары бар. Мәселен, олардың артықшылық ретінде айтылған кейбір сипаттары шын мәнінде кемшілігі де болуы мүмкін.
Жолақты сақтау жүйесі
Теориялық тұрғыдан бұл өте ыңғайлы қызмет. Кейде жүргізуші қандай да бір жағдаймен (ұйықтап кету, телефонға ұзақ қарау, жанындағы адаммен сөйлесу, т.с.с.) байқаусызда өзі қозғалып келе жатқан жол жолағынан шығып кетеді. Сондайда жолақты сақтау жүйесі автомобиль рөлін бұрып, көлікті жолаққа қайта түсіреді. Өйткені, ол жолақты белгілеу сызығын оқи алады және жүрістің қиыс кетпеуін бақылайды. Сөз жүзінде бұл керемет дүние. Бірақ, шын мәнінде жағдай аздап басқаша болуы мүмкін. Мысалы, көптеген қытайлық көліктердегі бұл жүйе рөлді бірден тартады. Сондықтан автомобиль жолдан шығып кетуі әбден ықтимал. Осыған дейін тіркелген жол-көлік оқиғаларына бірнеше рет осы жағдай себеп болған. Бұл процесс жүргізушінің бақылауынсыз, оның назары басқа жаққа ауған санаулы секундтарда болады. Яғни жүргізушінің дер кезінде рөлді дұрыс бағытқа бұрып үлгеруі үшін уақыт жеткіліксіз болады. Бір жағынан жүйе көлікті бірден жұлқи бұратындықтан, жүргізушіде шошу немесе абыржу сияқты реакция көбірек орын алады. Тағы бір кемшін тұсы – кей көліктердің жолақты сақтау жүйесі жол үстіндегі өзге де сызықтарды жолақ сызығы деп қабылдауы мүмкін.
Бейімделгіш круиздік бақылау
Қытайдың көптеген арзан автокөлігінде үнемділік басты критерийлердің бірі болып саналады. Сондықтан «круиз» жүйесі радар арқылы емес, алдыңғы әйнектегі стерео-фотоаппарат немесе стерео-камерамен жұмыс істейді. Стерео-камераның көру қабілеті нашар, сондықтан бұрылу кезінде көлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жылдамдықты еш негізсіз, ескертусіз баяулатуы мүмкін. Бұл жолдағы өзге көліктер үшін айтарлықтай қауіпті. Мысалы, автомагистральда алдыңыздағы көліктің жылдамдығы аяқ астынан, еш себепсіз және ескертусіз баяулады. Арақашықтықты сақтап келе жатқанның өзінде мұндай кілт кідірудің соңы жол апатына соқтыруы мүмкін.
Жаңбыр мен жарық сенсорлары
Бұл қызметті бастапқыда өте ыңғайлы, тіпті тамаша жаңалық ретінде қабылдайсыз. Бірақ, қымбат қытай көліктерінің өзіндегі бұл жүйенің ақауы баршылық. Мысалы, құрғақ ауарайында ақаулы датчик қате ақпарат беріп, әйнек сүрткіштер өздігінен іске қосылып кетуі мүмкін. Немесе жарық туралы жаңсақ дабылдың әсерінен фаралар жыпылықтап қоя береді. Ал, мұның барлығы көлік тізгіндеп келе жатқан жүргізуішге кері әсерін тигізеді.
Бетті дайындаған Бауыржан ЕРМАН.