Абайдың сөзі талапты ерге арналады
«Бала тәрбиесі – баршаға ортақ!» деген қанатты сөз баяғыдан бағалы. Абыройлы іске атсалысу– әрбір азаматтың міндеті. Ақыл-есі түзу кісі болашақтың қамын жейді. Алақанға салып, алдына алған еркесінің, көз қуанышының маңдайына кімнің жел тигізгісі келеді?! Есіңізге алыңызшы, сүйікті перзентіңіздің қатпаған қабырғасына, он екіде бір гүлі ашылмаған нәзік қанатына нәр беріп, әл беруден қажыған, шаршаған күніңіз бар ма? Жоқ шығар? Лайым, жоқ болсын! Ұлы Абайша айтсақ, әр бала дүниеге кірпіш болып қаланады. Егер, бір кірпіш қисық түсіп, орнын таппаса, бейнетіңіздің сор болғаны. Құрылысыңыз құлайды. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқынды, «жаңа өспірім, көк өрім», қолдың саласындай жас ұрпақты сөзімізге көндіре аламыз ба, айтқанымызға сендіре аламыз ба? Жас кірпішті қабылдауға қабырғамыз дайын ба? «Ат арымайтын, тон тозбайтын, қадір кетпейтін» етіп сақтаған қандай сабағымыз бар? «Мал табарлық» қандай жол-жоба ұсына аламыз? Осы салиқалы сауалдардың жауабын «қазаққа қара сөзден дес бермеген» Абай өлеңдерінің өнегесінен іздейміз.
Осы орайда ұлы Абайдың бала тәрбиесіндегі бағалы үлгісі туралы жеке ой-пікірімді ортаға салуды жөн көрдім. Ол сөз патшасының иесі ретінде «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп өлең жазудағы мақсатын ашып айтты. «Іші алтын, сырты күміс, сөз жақсысын» кестелеген Абай үлгісінің, Абай тәрбиесінің құпиясын ұғып, сыны мен сырын қалың елге тарату оңай шаруа емес. Білімдіден шыққан сөзді талаптыға еншілеп, жүрегіне байлау – ауыр салмақ. Өлең сөздің нұрын, сырын көре алатын көкірегінің көзі бар тыңдаушыны таңдай аламыз ба, таба аламыз ба?
Мен бірнеше ата-анаға «балаңыздың өскенде кім болғанын қалайсыз?» деген сарында сауал тараттым. Көбісі баласының биліктің, әйтеуір, шенді-шекпенді қызметтің айналасында жүргенін ұнататын болып шықты. Жарайды, келістік. Атқа мінгеннің белін буайық. Ал, бірақ, барлық баламыз төрде төрелік қылып, кеңсе жағаласа, олар кімге жең, кімге жаға болмақшы? Кімді жазалап, кімді ақтап, қандай дауды шешпекші? Өндірісті өсіріп, құрылысты кім құнттамақ? «Жасында ғылым барын ескеріп, пайдасын кім тексермекші?» «Әуесқой болмай әрнеге, өнерпаз болып кім арқаланбақшы?» Ақпараттың асқынған, жаңалық пен жаңғырудың жарысқан ғасырында асау заманмен алысып, жүйрігімен жарысып, еңбектің елге, ұлтқа жарамдысы мен жақсысының жалына кім жабыспақ? Кімнің ақылы мен тақымы мықты? Атадан қалған ел арқанына ие кім?
«Балы тамған жас қамыс, ормасаңшы, көктесін» демеп пе еді, жастарға жанашыр Абай. Ал, біз қазірден билікке сүйреп, ұлықтыққа қосақтап көктемі келіп, көктемей жатып оның жас өмірін орып жатқан жоқпыз ба? Шөп басын шалмаған шөп былғағыштар онсыз да толып жүрген жоқ па?! «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген Абай атамыздың алысты меңзеген асыл арманын аяқ асты еткен жоқпыз ба? «Би болған, болыс болған өнер емес» деген ескертуге елең еткен ел бар ма? Қасымыздағы ала тақиялы ағайындар тәуелсіздік алған соң, бар көліктің жаңа түрлерін игеріп, пайдасын көріп, аты барда желіп, жер танып, ел танып, көкіректері көкте жүр. Халқының саны жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптады. Саудасының да, ауласының да сәні бәз қалпында. Шығысымыздағы Қытай халқы еңбекқорлымен, тынымсыз тірлігімен шырайланып барады. Жаңашылдығымен, жанкештілігімен жалпақ әлемді таң қалдыруда.
Біз ше? Жаяу да емеспіз, жалаңаш та емеспіз. Бірақ, еншімізге тигені әлдебіреудің арзаны.Тозғаны. Өзіміздікі жоқ. Бар болса,таздың тарағындай. Арзанның сорпасы татымайды. Жол апаты көп. Қайғыға қайғы жамалуда. Өз кезеңінде Абай атамыз қазақ бойындағы «арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз, елірме, ергіш» тағы басқа да жат қасиеттеріне төзбей, аяусыз сынады. Қазаққа қарап: «Жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып» деп «улы сия, долы қолын» сермеді. Кейінгі жас ұрпаққа «сүйсінерлік адамды сүй, қызмет қыл» деп ағалық айтып, «ақырын жүріп, анық басудың» тағлымын іждағаттады. «Сөз танырлық кісі бол», «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деп арқасынан қақты. Әлі де алақанының табы жылуын шашып тұр. Көреген Абай «егіннің ебін, сауданың тегін үйрен» деп нарықтық заманға көшетінімізді ерте танып, ұрпағына өсиет қалдырды.
Ұлы Абайды «қазақтың жауы – қазақ» деп айтты деп айып тағатындар бар. Бұл– «мыңмен жалғыз алысқан, соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» ақылы асық Ақынның жүрегіне терең бойлап, жұмбағын түсінбеген жанның арзан өкпе, артық реніші. Абай налыса, туған ұлтының надандығына налыды. «Не залал, не пайда екенін айыра алмай жүрген» даңғойлығын жек көрді. «Өзінен сөзі ұзын», «малын жауға, басын дауға» қалдырған бейқамдығына күйінеді, «құлағын салмас,тілін алмас» бойкүйездерден түңіледі. Жалқаулығына, «өз малын өзімдікі дей алмайтын» жалтақтығына жараланады. Кейінгі ұрпақты білім мен ғылымға, жақсы өмірге шақырады. «Өнімсіз іске шеп-шебер, майданға түспей несі өмір?» деп жас керуеннің жалынын қозғап, қайратын қайрайды. Қалың елінің қатарынан қалмауын қалайды, заман көшіне бас болғанын тілейді. Адам мен адамның айырмашылығы білімінде екенін көп қайталайды. «Онын алып, тоқсаннан дәме қылған» Құдай атқан жат қылық, құбылмалы қылықтан арылтқысы келеді. «Бірі-екі жолы болған кісіге еріп», «өзіміздің иттігімізден» қисық қылыққа еріп, жаны аяулыдан адасып қалмауға шақырып, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек» деп адамшылыққа қақпа ашады.
Ұлы Абайды қайталап отырып, «Бірлікке, берекеге шын пейілге» ұмтыласың. «Боқ көтерген боқтың қабына» айналып заяға кеткен күндеріңе өкінесің. Төрт қабырғасы түгел толық адам сапына қосылуға бет бұруға ниеттенесің. Ұлы Абайдан артық қазаққа бауыр, туыс, ұлтына жанашыр жан жоқ. Ол жалғыз қазаққа ғана тату болғысы келмейді, адамзаттың бәрін де сүйеді. Сүй деп үйретеді. Қалың елін мақтаныш тұтады. Арқа тұтады. Ал, теріс қылығы есіне түскенде, амалсыз теріс айналады. Ащы сынмен шаңын қағады. Қабырғаң қайысады. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінің бір-ақ шумағын еске түсіріп көрелікші. Әуелі қазағын «Қалың елім!» деп бауырына тартады. Егізіндей еміренеді. Келесі тармағында «Қазағым!» деп одан сайын қабырғасы қайысады. Құшағына құшырлана басқысы бар. Арқасынан қағып, маңдайынан сүюге дайын. Аздан соң «қайран елім!» деп денесі түршігіп, өзінің де, сөзінің де реңі қашып, жаңағы тәтті күй даңға айналып, қос алақанымен бетін жабады. «Өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын» ұйқыдағы жұртының болашағына алаңдап, қамығып, қайғыланады. Одан әрі «Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» деп ұры иттей жылмағаңдаған құбылмалы, қулыққа құмар, қиянатшыл бейнесін жирене суреттейді. «Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың» деп жеріне жеткізе жекиді. Атадан қалған жол– бұл жол емес екенін, бұл болашаққа қол емес екенін айтпай ұғасың. Жас ұрпақтың жақсы менен жаманды ажырата алатын, бірін бірі дос тұтатын, сүйетін жақсы ел болуын аманат етеді. Абай үшін: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!». Дана Абайдың ойы мен сөзін жүрегінің көзі бар жан ғана ұға алады. Абай «Қара басқан, қаңғыған, Қас надан нені ұға алсын, Көкірегінде оты бар, Құлағына ойлы зер салсын» деп, «саусағын күнге жайған жас жүрекке», «талапты ерге» сөз арнайды.
Абайдың соңына қалдырған «шыбынсыз жазы бар», «өткірдің жүзі, кестенің бізі сала алмас» шынайы сөзі жүрекке үлкен ой салады, ірі істерге, шықпаған шыңдарға жол мегзейді. Абай дүниесі – үлкен әлем. Қарай берсең, қара көңілің ояна береді. Жарығы жарқырай түседі. «Майдағы жұрттың іші қар, бәйшешек қарға өнер ме?» деп төңірегіне мәністі сөз тастайды, мәйегі мықты санадан жауап күтеді. Аңғарған жанға қарапайым қос қатар жолда түйінін шеше алмас, түймесін ағыта алмас пәлсапалық пайым жатыр. Шіркін, жоғарыдағылар Абайдың өлеңін түсініп оқыса, жастар тәрбиесінде адаспас еді ғой деп қиялданамын.
Нұрғали ИБРАЙЫМ,
ҚР білім беру ісінің үздігі.
Шардара қаласы.