«Жаңа жатақхана қонақүйден кем емес»


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа арнаған Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсенді түрде енгізу керегін айтқан еді. Биылғы білім оқу жылын М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенттері ерекше қуанышпен бастап отыр. Себебі білім күні қарсаңында бұл оқу орнының студенттері үшін қонақүй үлгісіндегі жаңа жатақхана пайдалануға берілді.

Бұл студенттер үйі 550 адамға лайықтап салынған. Жатақхана «Sunrise SY» ЖШС қаржысы есебінен салынып отыр.

– Қонақүй үлгісінде салынған бұл жатақханада студенттерге барлық жағдай қарастырылған. Мұнда студенттер тұратын бөлмелерден бөлек, оқу залы, кітапхана, интернет бөлмесі БАР. Одан бөлек студенттер үйі толығымен тегін WI-FI жүйесімен жабдықталған. Студенттердің қауіпсіздігі де басты назарда. Әр қабатта бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жалпы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенттері 100 пайыз жатақханамен қамтылған. Осындай жайлы жатақхана салып берген «Sunrise SY» ЖШС-іне алғысымыз шексіз, – дейді  М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың басқарма мүшесі, әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев.

Жаңа жатақханаға жайғасқан студенттер де дән риза.

– Студенттер үйіне келгенімізге 1 апта болды. Мұнда білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған екен. Оның үстіне жатақхана қаланың ортасында әрі оқу орнымыздың дәл жанында орналасқан. Сабаққа барып келу қиындық тудырмайды. Осындай қонақүйден кем емес жайлы жатақхананың салынуына мұрындық болған университет басшылығына, демеушілерге мың алғыс, – дейді студент Диана Баратова.

Жап-жаңа студенттер үйінің лентасын құрметті ардагер Жеңісбай Сұлтанов, Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев, кәсіпкер, меценат Батырбек Көшербай қиып, жаңа оқу жылын бастаған жастарға сәттілік тіледі.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз