Ұлт мәдениетін жаңғыртқан
·
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan»
газетіне берген сұхбатында тарихи тұлғалар туралы «Ел тарихында ерекше орны бар
тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта
түсуге зор септігін тигізеді» деп атап
өтті. Сондай тұлғалардың бірі – ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдарындағы кеңес
дәуірінің азулы ықпалында жүрсе де ұлтына адал қызмет жасаудың үлгісі болған,
мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі
Жәнібеков.
Халқымыз үшін тер
төгіп, ар-намысын қорғаған, қиын-қыстау заманда еліне жол көрсетіп, ұлы
күрестерде көшбасшы бола білген қаншама ұлы тұлғаларымыздың есімі тарихта
қалды. Олардың жүріп өткен өмірі, жолы, халқы үшін жасаған ерен еңбегі мен
батырлығы біз үшін қашанда үлгі-өнеге.
Өзбекәлі Жәнібеков -- қазақтың әрбір қолөнер бұйымын
көздің қарашығындай сақтап, жоғын түгендеген, ұмыт болған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды
жаңғыртқан, жәдігерлерді жинап, ескерткіштерді бүтіндеген, «ұлтым» деп еңбек
етіп, кеңестік кезеңдегі тоталитарлық жүйенің қағидаларына қарсы тұрған тарихи
тұлға.
Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ халқының мәдени мұрасын,
ою-өрнегін, ұлттық киім-кешегін зерттеп, осы бағытта жазған ғылыми еңбектері
қазақ елінің тарихы мен мәдениеті бойынша зерттеулерді дамытуда үлкен маңызға
ие. Атап айтар болсақ, оның «Қазақтың
қолтума мәдениеті» (1982), «Жаңғырық ... Алтын домбыра жайлы аңыздың ізімен»
(1990), «Уақыт керуені» (1992), «Жолайырықта» (1995), «Қазақ киімі» (1996),
«Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» (1996,1997) деген кітаптары мен
көптеген ғылыми мақалалары бар. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков қылышынан қан
тамып тұрған кеңестік дәуірде қызмет ете жүріп, басын бәйгеге тігіп халқымыздың
жауһарларын сақтауға, жаңғыртуға барынша күш салды. Сол игі істерінің бірі
ретінде 1926 жылдан кеңестің әкімшіл-әміршіл саясатының салдарынан «діни
мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп тоқтатылған Наурыз мейрамын қайта жаңғыртуға
сүбелі үлес қосуын айтуға болады.
ХХ ғасыр басында Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан
Бөкейханов 1915 жылдан бастап Наурыз мерекесінің уақытын 22 наурызға белгілеп,
қоғамдық ортада бекітеді. Түркістан республикасының Атқару комитетінің төрағасы
болған Тұрар Рысқұлов 1920 жылы 26 наурыздағы №406 бұйрығымен юлианша
күнтізбесімен 9 наурыз, григорианша 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мерекесі», «Наурыз»
болып бекітілсін деген шешім шығарды. Алайда, кеңестік билік 1926 жылдан
мерекені діни мереке деп санап, ресми тойлауға тыйым салды. Кеңес елінде
большевиктік темірдей тәртіп босаңсып, жариялылық, қайта құру кіргеннен кейін
қазақ елінде өткен ғасырдың 80-ші жылдардың соңында бұл мейрамды қайта тойлау
жаңғыртылды. Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей атсалысуымен 1988 жылдың 22
наурызынан бастап Наурыз мерекесі елімізде ұлттық мереке күні болып белгіленіп,
республика көлемінде тойлана бастады.
Өзбекәлі Жәнібеков өзінің мақаласында мынадай мәселелерге
тоқталған: «Наурыздың басқа да тәрбиелік маңызы бар жақтарын ұмытуға болмайды.
Бұрын наурыз күні бүкіл ел болып таң шапағатын қарсы алатын. Таң сәріден ерлер
жағы алдын-ала дайындалған атыз арықты тескенді, бұлақ көздерін аршитын,
қарттар артында мал қалғанша, ағаш қалсын», «бір ағаш кессен, он ағаш ек» деген
леппен жаппай ағаш отырғызуға басшылық ететін, ал әйелдер болса жер анаға деген
сый құрмет белгісі есебінде жаңадан отырғызылған шыбықтарға сағасы аршылған
бастауларға мал ағын жағатын».
Кей деректерде, Алматыда көп жылдардан кейін 1988 жылы
алғаш тойланған мейрамда жиналған халықтың саны өте көп болған екен. Осы
мерекенің тойлануын қарап, бақылап жүрген Ө. Жәнібеков пен Г. Колбин мерекені
тойлауға жиналған халықтың көптігін байқаған. Сонда Г. Колбин бұған таңқалып,
1986 жылғы желтоқсандағыдай көтеріліс болып кетпей ме деп күдіктенеді. Сол
кезде Ө. Жәнібеков: «Наурыз мерекесін тойлауға деген халықтың көптен күткен
сағынышымен қатар салт-дәстүріне деген ерекше құрметі және билік басындағыларға
ризашылығы» деп жауап берген екен. Сонда Геннадий Колбин ондай болса тағы да
халықтың қандай салт-дәстүрін жаңғыртуға болатындығын сұрағанда, осы
мүмкіндікті пайдаланған Ө. Жәнібеков «тіл мерекесін, яғни қазақ тілінің қолдану
аясын кеңейтсек» дегенінде, Геннадий Колбин «жарайды» деген келісімін беріп
жіберген деген мәліметті Құлбек Ергөбектің «Айқын» газетіне берген сұқбатында
айтқан.
Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт мәдениетін жаңғыртудағы
еңбектерінің мазмұны сан алуан болып келеді. Мәселен, музей ашу, қазақ қол өнер
бұйымдарын, музыкалық аспаптардың үлгілерін жинау. Қазақ халқында домбыра мен
қобыздан басқа музыкалық аспап болмаған деген қисынсыз сөзге қарсы тұру үшін
түрлі музыкалық аспаптарды жинастырып, этнографиялық «Адырна», «Шертер»,
«Алтынай» сияқты ансамбльдер ұйымдастырды. Ғалым «Тағдыр тағылымы» кітабында:
«Шебердің
қолы ортақ, өнердің
жолы ортақ болатынын 70 жылдардың аяғында 80
жылдардың басында Маңғыстау мен Үстіртте жүргізілген тарихи-мәдени және
сәулет ескерткіштерінің есебін алып, «Маңғыстау –
Үстірт» музей-қорығын ұйымдастыра
бастаған тұста тағы да аңғардым. Маңғыстау деген атаудың өзі
(оны кейбіреулер «Мыңқыстау» деп жорамалдайды) менің пайымдауымша
«Мәңгіқыстау» деген тіркестен шығуы ықтимал. Олай дейтінім осы
бір кішкентай ғана
түбекте жоғарғы тас дәуірінен
(неолит) қазіргі заманға
дейінгі кезеңді қамтитын 10
мыңнан астам сәулет,
археология, мүсіндеу өнеріне
жататын ескерткіштердің бар
екені белгілі болды.
Олар негізінен 300-ден астам
«өлі қалаларда» (некропольдерде) орналасқан.
Осынша ескерткіштері бар кішігірім
аймақты Қазақстан мен
Кіндік Азияның өзге аудандарынан
іздеп табу қиын.
Оның үстіне мұндағыдай
дулыға іспетті күмбездер,
ежелгі қойтас, құлпытастар,
петроглифтер, «үзілмес», «өткізбе»
стиліндегі ою-өрнектер басқа жерлерде
қайталана бермейтін құбылыс» деп жазады.
Қоғам қайраткерінің наурыз мейрамын қайта тойлануына
ықпал еуі, қазақ тілі қоғамын құруы, Тайқазанды қайта алдыруы, Алаш
ардақтыларын ақтау сияқты маңызды істері барлық уақытта жастарға үлгі болып
қала бермек. Бұл турасында «Тағдыр тағылымы» кітабында сол уақытта орын алған
жағдайларды таратып жазады: «Қазақстанда
жылдар бойы кейбір
аса көрнекті ақын-жазушылардың жеке
басына, шығармашылығына әділетті
бағасын беруге жұрттың шамасын
келтірмей, иығынан басып,
басқаша ойлауға мұрсат бермей
келген Сталин заманының мәнеріндегі
түсініктер мен бұрмалаушылықтар өрістетіліп
келді. Оларға бет алды баға беріліп,
дәлелденбесе де кертартпа-шонжар, буржуазияшыл-ұлтшылдар болып
масқараланған күйінде қала
берді. Енді келіп, аталмыш қаулыда
Қазақстанда буржуазияшыл-ұлтшылдарды
ақтауға қам жасалды
деген қай жағынан
алғанда да орынсыз, қасаңқы пікір айтылғанына жол болсын?!
Тіпті, 1988
жылдан бастап, Шәкәрімнің,
Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың,
тағы басқа да
бұрын кеңес үкіметінен
опық жеген мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығын зерттей
бастағанымызда «Алаштың» бір
құжатын оқымаған лауазымдылардың «алашордашыларды ақтап жатыр» деп бізге де айдар таққысы келгені сол
ескі түсініктер мен бұрмалаушылықтың айғағы емес пе?
Әлі есімнен кетпейтіні,
сол бір топ
мәдениет қайраткерлерінің «ісін»
қайта қарау үшін арнаулы
комиссия құрмақ болып,
Орталық, комитетке шақырып, олардың
қылмысын айтып беруді
өтінгенімде, Жоғарғы соттың, Ішкі
істер министрлігінің, Мемлекеттік
қауіпсіздік комитетінің
басшылары үндемей қалды.
Тек Қазақстанның сол кездегі
прокуроры Ғалым Елемесов
қана (осы бір
кісі жөнінде желтоқсан оқиғасына
байланысты әртүрлі пікір
айтылып келді ғой): «Бұлардың бар
қылмысы қыстағанда, «қаперге алынсын» дегенге ғана тұрарлық. Абақтыға
жауып, атып жіберудің
ешқандай қисыны болған жоқ» деп ашықтан ашық, айтты. Прокурор
кейін де үлкен азаматтық
көрсетіп, комиссияға қолдан келген
көмегін аяған жоқ».
Өзбекәлі Жәнібековтің қоғам және мемлекет қайраткері
екендігін дәлелдейтін ойларына тоқтала кетсек:
«Ерлік – елдіктің
белгісі» деп бұрынғылар
босқа айтпаған. Алтайдан Атырауға,
Оңтүстік Сібірден Тянь-ІІІаньның теріскей сілемдеріне дейінгі
ұланғайыр кеңістікті, кеңінен
жайлап өмір сүрген қазақтың
ежелден-ақ еркіндікті, елдікті
аңсағандықтан жауынгерлік
рухы, батылдығы, өзіне
сенімі, отаны мен
елі үшін тәуекелге бел
байлауға дайын тұратыны
көптен белгілі болған.
Оның ұлттық
рухы, мінез-құлқы, табиғи
болмысы өз жұртын іргелі
ел ретінде сезініп,
Ресей, Қытай мен
Кіндік Азия елдері аралығында оқшауланған,
тәуелсіз мемлекет құратын
тұсымен, әсіресе арагідік үзілістермен
екі жүз жылға
созылған жоңғар
қалмақтарымен жойқын шайқаста
өзі жасақтаған атты
әскерінің тұяғының дүбірімен
қалыптасты.
Қазақ мемлекеттігі
деген түсініктің біз
үшін аса маңызды Азаттық, Теңдік,
Бірлік, Туысқандық секілді
паритеттердің қатарынан
көріне беретін себебі
міне, осында жатыр.
Мемлекеттің тәуелсіздігімен
ойнауға болмайтыны да
осымен байланысты».
Ұлт мәдениетін жаңғытушы Өзбекәлі Жәнібековтің
еңбектерінде көтерілген мәселелер уақыт өткен сайын өзектілігін жоймақ емес.
Исабек Б.Қ.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ
Стратегиялық даму-
әлеуметтік
және тәрбие істері жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.