«Сырлы кебеже»

Біз әдебиет туралы әңгіме болғанда көбіне «балаларға арналған кітаптар жоқ» дегенді жиі айтамыз. Расында, бүгінде балаларға арнап шығарма жазатындар сирек. Олардың кітаптары аз таралыммен шыққандықтан да барлық мектепке, кітапханаларға жете бермейді. Өмірінің басым көпшілігін бала тәрбиесіне арнаған білім саласының ардагері Көшкінбай Елікбаев ағамыз осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныпты. Сексеннің сеңгірінен әлдеқашан аттаған байырғы авторымыз, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Көшкінбай көке таяуда баспадан «Сырлы кебеже» атты балаларға арналған кітабын шығарды.

Жинақтағы әрбір әңгімеде балалардың ішкі сезімдерін, жан дүниесіндегі өзгерістерді суреттеуге баса назар аударылғаны байқалады. Кітаптағы «Сырлы кебеже», « Солдат етігі», «Мойындау», «Ерлік ұмытылмайды», «Тәтті күлше», «Жасыл желек», «Көпір», «Ол өкінген жоқ», «Өзіме де сол керек», тағы басқа да шағын әңгімелер жұп-жұмыр, өте жеңіл оқылады. «Балалық шақ елестері» атты әңгімесінде таңертең тезек тере кеткен анасына шай қайнатып қоюды ойлаған баланың самаурынға су құймай от жағып, оттықты ерітіп алатыны, мал күзетемін деп ұйықтап қалатыны қызықты баяндалады. Ол ұйықтап жатқанда жанына жылжып жылан келеді. Сол кезде ойламаған жерден бір құрбақа пайда бола кетеді. Жылан баланы шақпай, құрбақаны жұтып жібереді. Сол кезде келіп қалған анасы: «Япырай, Құдайдың сақтағаны-ай! Егер құрбақа кездеспегенде жылан шағып алатын екен» деп таңдайын басуы, сол күні жеті шелпек пісіріп, көршілерге таратуы да оқырмандарды ойландырады. Соғыс жылдарындағы ауыл көріністерін автор бар бояуымен бере алған.
Расында, «Сырлы кебежеде» көптеген асыл қазына бар. Кітап жасөспірімдер қолына тисе, көп ғибрат алары сөзсіз. Ал, автордың өзі «Өзім еңбек еткен мектептердің озат оқушыларына сый ретінде беремін» дейді. Несі бар, қолдайтын- ақ  бастама!

С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз