Этнография және ұлт болмысы

Қазақтың тарихы да, мәдениеті мен салт-дәстүрі де бай. Қилы заманды бастан өткізген ата-бабаларымыз дала мәдениеті мен қала мәдениеті ұштасқан таңғажайып озық өркениет үлгісін дүниеге әкелген. 

«Этнография» – гректің этнос (тайпа, халық) және графия (жазамын) деген сөзінен шыққан. Ол тайпалар мен халықтардың арғы тегі мен қалыптасу тарихын зерттейтін ғылым. Бір сөзбен айтқанда этнография – бүкіл бір халықтың салт-дәстүрін, ғұрып-әдеттерін, ырымдары мен тыйымдарын, әдебиетін, көркемөнерін, шежіресін, саяси, экономикалық, қоғамдық шаруашылығын, бәрін-бәрін барлық саланы зерттейді. Нақтырақ  айтқанда, этнография тұтас бір ұлтты тану ғылымы болып табылады. Этнография ғылымы тіл, әдебиет, дін, философия, математика, химия, физика, биология, жағрапия, тарих, заң, шипагерлік сияқты толып жатқан пәндермен сабақтасып жатқан сүбелі ғылымдардың бірі. Қазақ этнографиясының арнасы кең, бір ұлттың заттық, рухани мәдениетінің жетістіктерін, өзіне тән ұлттық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуді өзінің басты нысанасы етеді.

Ғылымға жүгінер болсақ, «Этнография – белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениетін өткен замандағы, бүгінгі дәуірдегі тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын, мәдениет өзгешеліктерін, тарихын, тілін, тағы басқа жақтарын зерттейтін ғылым». Ата-бабаларымыз «Бесігіңді сатпа, салтыңды сақта», «Ауылыңның атын ұмытсаң да, салтын ұмытпа» деп ұрпақтарына ұлағатты тәрбие беріп отырған. Қазақ этнография ғылымының ең үлкен саласы тұрмыстық салт-дәстүрлер сонау ескі заманнан басталып ұлтымыздың егіншілік, мал шаруашылығы, орманшылық, аңшылық, теміршілік, емшілік секілді алуан салаларымен тамырласып жатады.

Қазақтың төрт түлік мал, аңшылық, егіншілік, балық аулау, зергер-лік, кестешілік секілді ұлттық өнерлері, киіз үй мәдениеті, үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, ұлттық тағамдардың түрлері мен ерекшеліктері, ас-су және дастарқан әзірлеу, ұлттық киімдер тігу секілді сан алуан тұрмыстық салт-дәстүрлерін тереңнен тану, мән-мағынасын түсіну, зерттеудің маңызы өте зор. Халқымызда төрт түлік малға қатысты аңыз, ертегі, өлең-жырлар  өте көп. Сонымен бірге төрт түлік малдың иесі бар, «жылқы пірі – Қамбар ата, қой пірі – Шопан ата, түйе пірі – Ойсыл қара, сиыр пірі – Зеңгі баба, ешкі пірі – Шекшек ата» деген таным-сенім қалыптасқан.

Қазақ халқының өмір тәжірибесінен туған, өндірістік тіршілікпен шұғылдану барысында жасаған тымақ, тақия, бөрік, қалпақ, ішік, сәукеле, кимешек, жаулық, шәлі, желек,тон, күрті, бешбет, көйлек, жейде, етік, киіз етік, шалбар, мәсі, кебіс, тізеқап, шапан, тағы басқа толып жатқан киім-кешектеріміз көрген жанның көзін сүйсіндіреді. Халқымыздың тұрмыстық салт-дәстүрінен орын алған ұлттық қолөнер бұйымдары, дәмді тағамдарымыз, киім-кешектеріміз туған еліміздің туризм саласын дамытуда, экономикамызды жандандыруда, әйгілі бренд өнімдер шығаруда ерекше маңызды рөл атқарады.

Қалыптасқан ата салтымыздың ішінде ерекше орын алған әлеуметтік салт-дәстүр мәдениеті үй болуға байланысты кәделер (құда түсу, құдаларды қарсы алу, қыз жасауы, келін түсіру, тағы басқалар), өлім жөнелту (естірту, көңіл айту, өлген адамды жерлеу, жоқтау айту, қырық нәзірін, асын беру), Наурыз мейрамы, ақындық-шешендік өнерлер, бата-тілек, ақындар айтысы, халықтық музыка аспаптары, сал-серілер, туыстық қарым-қатынас тәрізді алуан мазмұнды қамтиды. Той жасау – бір отбасының ғана емес бір ауылдың мерекесі болып есептеледі. Қазақта «Той – Құдайдың қазынасы», «Той десе, қу бас домалайды» деген сөздер бар. Тойға сойылатын малдың түсі де таңдалатын болған. Мысалы, түйе болса ақ, жылқы болса көк қасқа, қой болса ақсарбас немесе қызыл қасқа болуы қажет. Тойға сойылатын малға батаны береке-бірлікті ұйытқы еткен басқа рудың әйгілі адамдарына, көпті көрген беделді қарттарға, әулеттің абыройлы ақсақалдарына жасатқан. 

 Балаларға жақсы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар қалыптастыру жайлы ұлы Абай «Ғылым, білімді әуелі бала өзі іздеп таппайды, басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі ізденгендей болғанша, қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деген ұлағатты пікір айтады. Көшпенді халықтың қоғамдық өмірінен туындаған халық педагогикасының қайнар көзін халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен тамырласып жатқандығынан аңғаруға болады.

Қазақ ауыз әдебиеті философия, эстетика, дін, ғылым, көркем өнердің басқа салаларынан нәр алып дамып, өзінің дәстүрлі бала тәрбиелеу жүйесін қалыптастырады. «Бесік жыры» арқылы баланы қаршадайынан тәрбиелеуді мақсат еткен қазақ ұрпағын тәртіпке, ақылдылыққа баулып, «әдептілік әліппесін» үйретті. Мысалы, «жасыңнан әдеп сақтағай, есікті қатты жаппағай», «ел салтын біліп өстің бе, бесікті сатпа ешкімге», «құлақ ас айтқан ақылға, сыйлама пышақ жақынға», «Назарсыз жүрме, науқасқа күлме», «жақын ба, әлде, бөтен бе, кісіге қарап жөтелме», «Сөзді ойланып айт, бос айтпа, адамға саусағыңды шошайтпа», тағы басқа нақыл сөздер халқымыздың салт-санасына терең тамыр тартып кеткен дәстүрлі тәрбиенің көрінісі. 

Жалпы айтқанда, этнография әлемі ұлт болмысын айшықтайды. Қазақтың дәстүрлі этнография мәдениетінің тарихы өте тереңге тамыр тартып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Ұлттық болмысымыздан алшақтамай, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөле отырып, қанымызға сіңген дәстүрімізді, тарихи-мәдени, рухани байлықтарымызды мейлінше сақтап, дәріптеу арқылы біз болашағы жарқын егеменді еліміздің тұғыры мықты мәңгілік елге айналуына сүбелі үлес қосқан болар едік.


Сәбира Айтбай,

 «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы 

этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері.


Пікір қалдырыңыз