Бизнесті мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігі іске қосылады

KAZINFORM. Жоғары аудиторлық палатаның нұсқауын орындау аясында Қазақстанда ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп, бекітілді.

ҚР Жоғары аудиторлық палата баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Сауда және интеграция министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит барысында республикада сауда инфрақұрылымының одан әрі дамуын тежейтін себептердің бірі бизнестің осы бағытта инвестициялау мүмкіндіктерінің шектеулілігі екені анықталды. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық әлеуетін арттырудың нақты механизмдерін айқындау тапсырылды.
Нәтижесінде министрдің биыл 21 маусымдағы бұйрығымен Ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары бекітілді, олар қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша іс-шараларды ынталандыруға бағытталған.
Бірінші кезеңде мемлекет бұл бағытқа 4 млрд. теңге бөлді.
«Даму» қорынан қаржыландыруды осы жылдың қазан айында бастау жоспарлануда.
Сондай-ақ ережеде мемлекеттік қолдау алушылар үшін отандық өндірістің азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда орындарына орналастыру бойынша қарсы міндеттемелер көзделген. Бұл қазақ­стандық тауар өндірушілердің өнімді өткізу арналарына қолжетімділігін арттырады.
Осыған дейін мемлекеттік аудиттен кейін ұлттық парктерде абаттандыру жұмыстары басталғаны хабарланды.

Пікір қалдырыңыз