Тамшылатып, жаңбырлатып...
Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – су. Су болғанда да – ағын су. Қазіргі уақытта суды үнемдеу және суды үнемдейтін технологияларға көшу экономиканың барлық салаларында өткір қажеттілікке айналуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы проблемасының өзектілігін атап өтіп, озық су үнемдеу технологияларын енгізуді жылына 150 мың гектарға дейін жеделдетуді тапсырған болатын. Көп ұзамай жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, оған елімізде ескірген су жүйесін жаңғыртып, су тапшылығы мәселелерін шешуді жүктеді. Министрлік су шаруашылығын реформалаудың негізін үш маңызды құжатты әзірлеуден бастаған екен.
Бірінші кезекте 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі Жол картасын бекітті. Жол картасы – су үнемдеу, тариф жүйесі, су саласын цифрландыру және су заңнамасын жетілдіру, кәсіпорындарда суды есепке алудың, айналымды және қайта сумен жабдықтаудың қазіргі заманғы жүйелерін енгізу, су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктері, қоғамда суға қатысты ұқыптылықты насихаттау және тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралар, тағы басқа сан-салалы су шаруашылығын қамтитын құжат болып саналады. Қаңтар айында министрліктің мұрындық болуымен Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Жуырда жаңа заң жобасы – Су кодексін әзірлеп, ұсынды. Бұлар басты құжаттар. Ал, өмірде, өндірісте су шаруашылығындағы түйткілдер қалай шешілуде? Өңірлерде Үкімет тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологиясын енгізудің жайы қалай болып жатыр? Мәселенің мәнін тарқату үшін тиісті құрылымдарға хабарласып, мамандармен тілдескен едік.
Қарлығаш НҰРИХАНОВА,
ҚР Су ресурстары министрлігі, су үнемдеу технологиялары және тарифтік саясат департаментінің басқарма басшысы:
– Бүгінгі таңда елімізде суармалы жерлердің ауданы 1,9 млн. гектарды құрайды, оның ішінде 2023 жылы су үнемдеу технологиясымен 312,2 мың гектар алқап суарылды (227,3 мың га жаңбырлату, 84,9 мың га тамшылатып суару), бұл суармалы жерлердің жалпы көлемінің 16%-ын ғана құрайды.
2024 жылы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің көлемін 462,2 мың гектарға ұлғайту, ал, 2030 жылға қарай оны
1 млн. 362 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Министрлік су үнемдеу технологияларын орнатуды ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізді. Яғни суармалы жерлерде су алу және беру үшін инфрақұрылымды жүргізу кезінде фермерлердің ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту көзделген (2023 жылғы 10 желтоқсаннан бастап күшіне енді). Сондай-ақ, инфрақұрылымды жүргізуге, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға 50-ден 80%-ға дейін кеңейтілді. Бұл 2024 жылғы 25 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.
Тұтастай айтқанда, суды үнемдеу технологияларын қолдану жер бетімен суарғанға қарағанда суды 20-30% үнемдейді, сонымен қатар, айта кету қажет, суару кезінде су біркелкі жеткізіледі және топырақ эрозиясының, яғни құнарлы қабатты шайып кетудің алдын алады.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Ол су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу бойынша бірқатар кідіріссіз шараларды, сондай-ақ, экология және іргелес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерін көздейді.
Таяу болашақта 42 су қоймасын салу және 30 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру жоспарлануда.
Суды үнемдеу технологияларын пайдалану суды үнемдеп қана қоймайды, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.
Әлібек ПЛАЛОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Су тапшылығы – бүгінде ғаламдық проблемалардың бірі. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, адамдардың ысырапшылдығы сияқты факторлар алдағы уақытта проблемаға проблема жамауы мүмкін. Осыған байланысты біз ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шараларын қабылдауымыз қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданғаны мәлім.
Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 16%-ды немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Ағымдағы жылы жаңадан 22,0 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендіріледі. Биыл алғашқы жартыжылдықта 13,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8,0 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орнатылған.
Су үнемдеу технологияларының тиімділігі – егінге қажетті суды тікелей беріп, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеп, персоналдың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.
Тамшылатып суару жүйесінің тағы бір артықшылығы – тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстанудың қажеті жоқ.
Қазіргі таңда өз елімізде де су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда. Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Перспективалық жоба ретінде «BNK Group LTD» ЖШС құны 2,0 млрд. теңгені құрайтын 50,0 мың гектарға тамшылатып суару, «Тұран су» ШЖҚ МКК құны 600,0 млн. теңгені құрайтын, жылына 9,0 мың гектарды тамшылатып суару жүйесін шығаратын кәсіпорындарды алғашқы жартыжылдықта іске қосады. Алдағы жылдан бастап, жергілікті кәсіпорындар су үнемдеу технологияларымен көршілес облыстардың да сұранысын қанағаттандыратын болады.
Бүгінде Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен инвестициялық субсидиялау қағидасының №11 «Су алу және жеткізу инфрақұрылымын құру және кеңейту арқылы су үнемдейтін суару технологияларын енгізу» жоба паспортының 80% шығынын өтеу үшін 4,0 млрд. теңге қарастырылған. Аталған қаражат 3125 гектарды қолдауға жеткілікті. Бүгінгі күні, жалпы алаңы 6,0 мың гектарды құрайтын 6 шаруашылықтан өтінім түсіп, 3 шаруашылықтың өтінімі мақұлданды.
Осы жылдың мамыр айынан бастап шығындарды субсидиялау нормативі су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға, сондай-ақ бүкіл паспорт бойынша инфрақұрылымға инвестициялық салымдар кезінде 80%, оның 30%-ы жергілікті бюджеттен субсидияланады.
Бұған қосымша, фермерлерді заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында 2023 жылдың шілде айында суару тәсіліне байланысты субсидиялар мөлшерін саралау бөлігінде фермерлерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Яғни су үнемдеу технологияларын қолданбаса, суару кезінде өтеу пайызы су беру әдісіне қарамастан үш жыл ішінде кезең-кезеңімен төмендейді және тариф құнына байланысты 30%-дан 55%-ға дейін барады.
«Суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып суару кезінде тариф құнына байланысты өтемақы 60%-дан 85%-ға дейін болады. Сондай-ақ, биылдан бастап суару жобалары СҚО тәжірибесі аясында кредиттелетіндер тізбесіне енгізілді.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытуда су жүйелерін цифрландыру және каналдарды модернизациялаудың маңызы зор.
2023 жылы жалпы құны 15,9 млрд. теңгені құрайтын «Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасы пайдалануға беріліп, 60 шақырым канал бетонмен қапталды. Бұл жылына 60,0 млн. текше метр ағын су үнемделіп отыр деген сөз. Каналдың су өткізу құрылымдарына 66 дана австралиялық «Рубикон Воутер» автоматтандыру жүйесі орнатылды. Бұл өз кезегінде су шығысын қашықтан автоматты басқара отырып, судың нүктелі (точечный) есебін нақты жүргізуге мүмкіндік береді, яғни қосымша су шығындарын үнемдеуге қол жеткізе аласыз.
Қазір каналдың 4 кезеңінің жобасы дайын. Жоба құны 11,5 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен биылға 5,0 млрд. теңге қажет. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылатын болады. Сондай-ақ, 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн. текше метр ағын су үнемделеді.
Облысымызда су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы аграрлық саланың дамуына жол ашатын негізгі бастамалардың бірі – су үнемдеу технологиясын ұтымды пайдаланып жатқан шаруа қожалықтықтары аз емес. Жаңа технологияны жатсынбай, оны игеріп, игілігін көріп отырған шаруашылық жетекшілерінің бірқатарымен сөйлескен едік.
Оразалы ШЫРШЫҚБАЙ, Шардара ауданы, Жаушықұм елді мекені «Иіржар-Агро» ЖШС директоры:
– Әкімдіктен ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, мемлекеттен берілетін қолдауларды пайдаланыңыздар деген соң 7-8 ұсақ шаруа қожалығын біріктіріп, жұмысты бастағанбыз. Жалпы, 500 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгіздік. Биыл соның 370 гектарына күнбағыс егіп, жаңа технологияны игеріп жатқан жайымыз бар. Болашақта кластерлік жүйеге көшу ниетіміз бар. Мақсатымыз – жаңа технологияны жылдам игеріп, мол өнім алып, оң тәжірибемізді жастарға үйрету.
Егістіктердің күрделі тегістеу жұмыстарын көрмегеніне көп жыл болған. Жылма жыл еге бергендіктен жердің де құнары кетеді. Егіс алқаптарын дұрыс жоспарламаса дақылдардың ауыспалы егісі сақталмайды. Бұл да ағын судың дұрыс бөлінуіне кері ықпал етеді. Егер егістікті ағын сумен суарсаңыз, дөңестеу жерге егілген дақылдар қажетті суы мен тыңайтқышын ала алмайды, су сай жерге жиналып, күннің ыстығынан көлдеген жерлердегі егін өліп қалады.
Тамшылатып суару технологиясының ерекшелігі сонда – суды үнемдеп, тыңайтқыштар нақты егілген дақылға беріледі. Біз көктемде уақыт тығыз болғандықтан үлгермедік, субсидияға енді құжат дайындап жатырмыз. Тиесілі дүниені бұйыртса алармыз. Құдай қаласа, егіннің шығымы жаман емес. Өнімдерімізді отандық күнбағыс майын өндірушілерге өткізуге ұсыныс жасап жатырмыз. Олардың бағасы көңілден шықпаса, экспортқа шығарып көрсек дейміз, себебі, көктемде ауданға түрік инвесторлары келіп, біздің өнімдерге қызығушылық танытқан болатын.
Дәулетхан ҚУАНЫШБАЕВ,
Сауран ауданы, Шаға ауылындағы «Агрохолдинг Түркістан» шаруа қожалығының төрағасы:
– Біз биыл «BNK-агро» арқылы су үнемдеу технологиясына қол жеткіздік. Асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысып отырғандықтан, малға азық дайындау мақсатында жоңышқа, жүгері егеміз, артылғанын сатамыз. Жаңбырлатып суару технологиясын тұңғыш рет пайдаланып жатырмыз. Технология шаруаларға өте тиімді екен. Біріншіден, суды үнемдейді. Бұрынғыдай басына жетіп, аяғына жетпей, толық зәктемей қалу деген жоқ. Су бірқалыппен барлығына бірдей беріледі. Екіншіден, суарудан кейінгі әдеттегідей қатқақ қалдырмайды. Суарып болған соң бұрын егістікті міндетті түрде культивация жүргізіп, қопсытып алатынбыз. Оның қажеті болмай қалды. Сосын бұл қондырғымен алқапты дәрілеуге де болады екен. Үшіншіден, бағасы өте тиімді. Бұрындары мемлекет 50 пайызын субсидияласа, биылдан бастап 80 пайызын субсидиялайтын болды. Ар жағында қалған 20 пайызын шаруалардың 1-7 жыл аралығында төлеп құтылуына болады. Бұдан артық қандай қолдау қажет шаруаға?! Мемлекеттің жаңа технологияны пайдалануға мүмкіндік жасап, қолдап жатқаны қуантады, әрине.
P.S «Судың да сұрауы бар» дегенді айтқан дана халқымыз негізі ысырап жасауды о бастан дұрыс көрмейді. Содан да шығар, су үнемдеу технологияларын да жатсынбайтындай. Мәселе дұрыс түсіндіруде. Бұл енді ауыл шаруашылығы, су ресурстары салаларын басқарып отырған азаматтардың төл міндеті. Қалай болғанда да суды үнемдеу – заман талабы.