Қызылқияда кісі қызығарлық істер көп

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Іргетасы 1969 жылы қаланған Қызылқия ауылдық Мәдениет үйінде 320 орынды көрермендер залы бар. Осындағы вокалды эстрада үйірмесі көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Мәдениет үйінің жанындағы «Жұлдыздар», «Таңшолпан» халықтық би ансамбльдері ширек ғасырға жуық халыққа қалтқысыз қызмет етуде.
Сондай-ақ,  Мәдениет үйінің жанынан 2018 жылы Ардақ Бижанованың жетекшілігімен «Асыл әже» тобы құрылған болатын. Аталған топ жастарға өрмек тоқу, киіз басуды үйретеді.
«Асыл әже» тобы республикалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жыр жауһары» байқауына қатысып, жүлделі оралды. Ақ жаулықты әжелер «Жастар тәрбиесі – ұлт болашағы», «Туған жер – алтын бесігім» атты іс-шаралар өткізіп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, салт-дәстүрімізді насихаттау жолында елеулі іс тындырды.
Біршама уақыт бұрын Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына үлес қосқан қайраткерлердің мерейтойлық іс-шаралары ұдайы ұйымдастырылады. Мәселен, қылқалам шебері, халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай жас суретшілер байқауы өтті. Сол секілді композитор, әнші әрі ақын Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай өткен іс-шара да келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан тыс «Ынтымақ – ырыс қазығы» өнегелік сағаты, «Сиқырлы би әлемі» би байқауы, «Ата – әулеттің тірегі, әже – ұрпақ жүрегі» сынды іс-шаралар өткеннің өнегесін сабақтап, өскелең ұрпақтың көкірегіне түрлі ой салды.
Мәдениет саласында талмай
40 жылға жуық жұмыс істеген Серғазы Қалмұратовтың еңбегі ескерусіз емес.
Мәдениет және өнер ұжымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2023» атты республикалық фестивалінде өнер көрсеткені үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен, «Ауыл – мәдениеттің бастауы» атты ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтар арасында өткен облыстық байқауда облыстық мәдениет және туризм басқармасының 1-дәрежелі дипломымен марапатталды.
Иә, жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер ордасының өрісі кеңейіп, бұдан кейін де түрлі биіктерден көріне беретініне сенім зор.       
                                                                    
Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдырыңыз