Америкадағы сайлау және оның әлем елдеріне әсері...

АҚШ-тағы кезекті президенттік сайлау биылғы 5 қарашаға жоспарланған. Бұл сайлауда егер 46-шы президент Джо Байден жеңіліп қалса, онда АҚШ-тың 47-ші президенті сайланады.
Америка Құрама Штаттарының мемлекет басшысын сайлауы елдің өзі үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін үлкен маңызға ие. Өйткені, бұл сайлау нәтижесінің жаһандық әсері бар. АҚШ президенті қабылдаған шешімдер әлемдік саясатқа, экономикаға және қауіпсіздікке ықпал етеді. Америка Құрама Штаттары әлемдегі жетекші державалардың бірі және оның саясаты Америкадан тыс әртүрлі аймақтардағы оқиғаларға әсер етуі мүмкін. АҚШ президенттігіне үміткерлер Украинадағы, Палестина–Израиль арасындағы соғыс, йемендік хуситтер мен Иран тарапынан болуы мүмкін ұрыс қимылдары, Қытаймен қарым-қатынас және Тайвань мәселесі туралы сөз қозғайды, бұл мәселелерге ықпалын тигізеді.
Экономика мәселесінде президенттің фискалдық саясат, сауда, салық салу және басқа да экономикалық мәселелер туралы шешімдері әлемдік экономикаға әсер етуі мүмкін. Әлемнің көптеген елдері АҚШ-тағы экономикалық тұрақтылыққа тәуелді: бұл халық­аралық сауда мен доллардың негізгі резервтік валюта ретіндегі рөліне қатысты, соңғы жылдары көптеген елдер долларсыздандыруға ұмтылғанымен, жағдай соншалықты өзгере қойған жоқ. АҚШ билігі мен бизнесі, мысалы, Ресейден, Ираннан немесе Венесуэладан тасымалданатын жанармайға әртүрлі шектеулер енгізу арқылы энергетикалық нарыққа әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, 2008 жылы орын алғандай, АҚШ экономикасындағы проблемалар әлемдік қаржылық дағдарыстарға әкеліп соғуы мүмкін.
Қауіпсіздік мәселесінде президент сыртқы саясат, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік, терроризмге қарсы операциялар және халықаралық қақтығыстарға қатысу туралы шешімдер қабылдайды. АҚШ-тың Ирак пен Сирияда әскери контингенттері орналасқан.
Сайлау және оған дайындық – американдық қоғамның саяси өмірінің маңызды оқиғасы. Бұл сайлауда Америка Құрама Штаттарының президентінен бастап Америкадағы шағын ауылдық қауымдастықтың шерифіне дейін 18 000-нан астам лауазым иелері сайланады. АҚШ-та сайлау жүйесінің керемет жұмыс істеуінің себебі, Америкадағы сайлау жанама түрде өтеді. Жеңімпазды дауыс берушілер коллегиясы  анықтайды. Сонымен қатар, ондағы дауыс берушілер саны халықтың санына байланысты – әрбір штатта дауыс берушілер саны штат халқының санына тура пропорционалды. Америкада барлығы 50 штат бар. АҚШ астанасы Вашингтон штат емес, Колумбия округінің бөлігі болып табылады, сондықтан онда дауыс берушілердің саны аз. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 538 дауыс беруші анықталды. Дауыс берушілер халықтың еркін білдіруге тиісті. Олар партиядан тағайындалған адамдар болуы мүмкін немесе отставкадағы саясаткерлер немесе жергілікті шенеуніктер болуы мүмкін. Дегенмен, дауыс беруші  Конгресте қызмет атқара алмайды немесе федералды шенеунік бола алмайды.
Дәстүр бойынша Америкада екі саяси партия бар – оңшыл, консервативті көзқарастарды ұстанатын республикашылдар және солшыл либералды көзқарастарды ұстанатын демократтар. 1853 жылдан бері осы екі партияның кандидаттары ғана АҚШ президенті болып келеді. Екі партия әр штатта өз дауыс берушілерін тағайындай алады. Әдетте, әрбір штатта, республикашылдар мен демократтардан дауыс берушілер тізімі болады. АҚШ конституциясында дауыс беруші өзін тағайындаған партияға дауыс беруге міндетті деген талап жоқ. Осылайша, дауыс берушілер кандидатқа өз бетінше және халыққа белгілі сенімдері негізінде дауыс береді.
Америкада көптеген жылдар бойы дәстүрлі түрде республикашылдарды және демократтарды қолдайтын штаттар қалыптасып үлгерген. Президенттікке кандидаттың қолдаушы штаттары неғұрлым көп болса, оның сайлауда жеңіске жету ықтималдығы да соғұрлым жоғары болады.
АҚШ-тағы президент сайлауы бірнеше кезеңдерден тұрады:
1) алдын ала кезең: мұнда үміткер туралы хабарландыру жасалады.
2) ықтимал үміткерлер президенттікке үміткер болу ниеттерін ресми түрде жариялайды. Бұл баспасөз конференциясы, пресс-релиз немесе әлеуметтік медиа мәлімдемесі түрінде болуы мүмкін.
3) сайлау штабы құрылады. Кандидаттар өздерінің сайлау штабтарын құрады, стратегия, қаржыландыру, коммуникация және сайлаушыларды жұмылдыру бойынша команда жасақтайды.
4) үміткерлер өздерінің сайлау науқанын қаржыландыру үшін қаражат жинай бастайды. Олар әлеуетті демеушілер мен донорлар шақырылатын шаралар мен гала-кешкі ас ұйымдастыра алады, сондай-ақ,  қаражат аударуға болатын онлайн платформаларды пайдалана алады.
5) праймериз. Әртүрлі штаттарда сайлаушылар өздері қолдайтын партияның таңдаулы кандидатын таңдайтын праймериздерді өткізеді. Праймериздің жеңімпаздары партия съездеріне делегат болады.
6) партиялық съездер. Партиялар Республикалық немесе Демократиялық партиядан президенттікке және вице-президенттікке кандидаттар ресми түрде ұсынылатын ұлттық конвенциялар өткізеді.
7) ресми кандидаттарды жариялау. партия съездерінен кейін партияның ресми кандидаттары жарияланып, ұлттық сайлау науқанын бастайды.
8) теледидар дебаттары. Үміткерлер негізгі мәселелерді талқылауға арналған теледебаттарға қатысады.
9) штаттардағы науқан. Үміткерлер өз науқанын негізгі штаттарға бағыттайды, сайлаушыларды жұмылдыру үшін митингілер, пікірталастар және жарнамалық кампаниялар өткізеді. Дәстүр бойынша демократтарды немесе республикалық партияның кандидаттарын қолдайтын штаттар бар.  Дегенмен, «толқымалы» штаттар да бар, олардың кімге қолдау көрсететінін болжау мүмкін емес. Бірақ, дәл осы штаттардағы сайлаудың нәтижесі кімнің жеңімпаз болатынын жиі анықтайды. Бұл штаттар: Айова,  Аризона, Вирджиния, Висконсин, Джорджия, Миннесота, Мичиган, Невада, Огайо, Пенсильвания, Солтүстік Каролина, Флорида.
10) дауыс беру және делегаттарды сайлау. Әртүрлі штаттарда сайлаушылардың дауыс беруі өтеді, ол сайлаушылар алқасында кандидатқа қандай делегаттар дауыс беретінін анықтайды. Дауыс беруден кейін сайлау нәтижелері есептеледі. Сайлаушылардың көп даусын алған үміткер жеңеді, дауыстың барлығы – 538. Сайлауда жеңіске жету үшін президенттікке үміткер 270 немесе одан да көп дауыс жинау керек. АҚШ-та 50 штаттың 48-інде «жеңімпаз барлығын алады» деген ереже бар, яғни сайлаушылардың ең көп даусын алған кандидат барлық дауыстарды алады. Бұл АҚШ тарихында үш рет қарсыласынан гөрі сайлаушылардың қолдауына аз ие болған кандидаттың президент болуына әкелді. Мұндай жағдай соңғы рет 2016 жылы Трамп жеңген кезде болды.
Қазір қолданылып жүрген АҚШ президентін сайлау механизмі 1787 жылы қабылданған конституциямен белгіленген еді. Содан бері конституцияға бірнеше рет түзетулер енгізілген. 1804 жылғы 12-ші түзету  президент пен вице-президентті сайлау, осы лауазымдарға дауыс беруді бөлу тәртібін түсіндірді. Азаматтық соғыстан кейін, 1865 жылы енгізілген 15-ші түзету бойынша азаматтарға нәсіліне немесе түсіне қарамастан тең сайлау құқығы берілді. 1920 жылғы қабылданған 19-шы түзету әйелдерге дауыс беру құқығын алып берді. ХХ және ХХІ ғасырларда конституцияға әртүрлі өзгерістер енгізілді, олардың негізгілері сайлау құқықтарының кеңеюіне, партиялық съездерде делегаттарды тікелей сайлауды енгізуге, делегаттарды бөлудегі өзгерістерге қатысты болды. Солардың арасындағы маңызды өзгерістердің бірі 1951 жылы 22-ші түзетумен енгізілген екі реттен артық президент қызметін атқару мүмкіндігін шектеу болып табылады.
АҚШ конституциясының екінші бабына сәйкес, президент болып сайлану үшін үміткер тумысынан АҚШ азаматы болуы керек, кемінде 35 жаста болуы және елде кемінде 14 жыл тұруы керек. Президенттік мерзім – 4 жыл. Кандидаттар өздерінің саяси партияларынан, әдетте, праймериздердің нәтижелері бойынша ұсынылады. Соның барысында партиялық съезде белгілі бір кандидатқа дауыс беруге уәкілеттік берілген делегаттардың саны айқындалады. Партия съезі сонымен қатар тиісті тізімдерді қалыптастыру үшін вице-президенттікке үміткерді анықтайды. Қарашадағы жалпы сайлау жанама сайлау болып табылады, онда сайлаушылар сайлау алқасының мүшелеріне белгілі бір кандидатқа дауыс беруге  өкілеттік береді.
АҚШ-тағы биылғы президент сайлауына дайындық 23 қаңтарда Нью-Гэмпшир штатында Республикалық және Демократиялық партиялардың алғашқы партияішілік праймеризі өткен кезде басталды.
 Қазіргі таңда Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат анықталатын бастапқы сайлау барлық штаттар мен арал аумақтарында өтіп үлгерді. 5 наурызда «Супер сейсенбі»  – ең маңызды дауыс беру күні өтті, онда бірден 15 штатта республикалық праймериздер мен кокустар өтті. Келесі үш айда тағы бірнеше ондаған аумақтық құрылымдарда сайлау өтті, ал, 4 маусымда Монтана, Нью-Джерси және Нью-Мексико штаттарында соңғы праймериз өтті. Дауыс беру сол күні Оңтүстік Дакотада өтуі керек еді, бірақ, басқа кандидаттардың келмеуіне байланысты жеңіс Дональд Трампқа берілді.
Қазіргі нәтижелер бойынша Дональд Трамп сенімді түрде көш бастап тұр.
12 наурызда экс-президент президенттікке ресми ұсыну үшін қажетті дауысқа қол жеткізді, яғни делегаттардың 1215 даусына ие болды. 5 маусымдағы жағдай бойынша саясаткер шілдеге жоспарланған партия съезінде 2260 делегаттың қолдаймын деген уәдесін алып қойды. Осылайша, 5 қарашада форс-мажорлық жағдай орын алмаса, президенттік сайлауда Республикалық партия атынан Трамп шығады. Оның басты бәсекелесі, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Никки Хейли бар болғаны 97 делегаттың даусын алды. Саясаткер тек екі праймеризде ғана жеңіске жетті – Вашингтонда (Колумбия округі) және Вермонтта. 6 наурызда Никки Хейли президенттік сайлауға түсуден бас тарты, енді Дональд Трамп Республикалық партиядан жалғыз үміткер болып отыр. Дегенмен, Хейлидің есімі қалған кандидаттар сияқты (олардың саны – 12), бюллетеньде қалды, көптеген штаттар оларды саясаткер мәлімдемесінен бұрын басып шығарды. Мысалы, 19 наурызда бес штатта өткен праймеризде Республикалық партияны қолдаушылардың 20%-ға жуығы Дональд Трампқа қарсы дауыс берді, көпшілігі Хейлиді одан дұрыс көрді. Бұл нәтиже Трамп үшін алаңдатарлық жағдай, өйткені, дәл сол сайлаушылар ұлттық сайлау күні сайлау учаскелеріне келмеуі мүмкін.
АҚШ президенті Джо Байден Дональд Трамп Нью-Гэмпширдегі алғашқы праймериздегі жеңісінен кейін- ақ 2024 жылғы президенттік сайлауда Республикалық партияның кандидаты болатынын айтқан еді. Сонымен қатар,  қазіргі уақытта Дональд Трампқа бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр: 30 наурызда Манхэттен қылмыстық сотының алқабилер алқасы (Нью-Йорк) Трампты порноактриса Сторми Дэниэлске төлемдерді жасыру мақсатында қаржылық құжаттаманы бұрмалағаны үшін барлығы 34 айып бойынша кінәлі деп тапты. Олардың әрқайсысы үшін 4 жылға дейін түрме қарастырылған. Сот жазаны бүгін – 11 шілдеде жариялайды. Алайда, тіпті, түрмеде отырудың өзі саясаткерге президенттік жарысты жалғастыруына кедергі болмайды.
Демократтар үшін де праймериздер барлық штаттарда өтті. Джо Байден барлық жерде жеңіске жетті: қазіргі мемлекет басшысы Демократиялық партияның сүйіктісі. Флоридада президенттік праймериздер бюллетеньдерде басқа кандидаттардың аты-жөні болмағандықтан оларды жоюға шешім қабылдады және осы штаттан делегаттардың барлық 224 даусы Байденге ауысты. Жалпы, осы жерде айта кету керек, бәсекелестіктің төмен деңгейі саясаткері президенттікке қайта сайлану  үшін күресіп жатқан партияға тән.
Алайда, Байден американдық Самоада, Полинезиядағы АҚШ-тың корпорацияланбаған территориясы мәртебесіне ие аралдар тобында жеңіліске ұшырап, танымалдығы төмен кандидат Джейсон Палмерден жеңілді. Сонымен бірге ол бірқатар штаттарда АҚШ президенті Израильге әскери көмек көрсетуге қарсы топтар ұйымдастырған наразылыққа тап болды. Белсенділер ең үлкен жетістікке негізінен мұсылман диаспорасы басым тұратын Мичиган мен Миннесота штаттарында қол жеткізген, бұл штаттарда тиісінше сайлаушылардың 13 және 19%-дан астамы «бәріне қарсы» бағанасын таңдаған. Байденнің «көрінбейтін қарсыласы» осы уақытқа дейін партияның 35 делегатының даусын ала алған. Алайда, бұл саясаткердің президенттікке қайта ұсынылу мүмкіндігіне әсер етпейді, 12 наурызда ол Демократиялық партиядан кандидат ретінде ресми түрде ұсыну үшін қажетті 1968 делегаттың қолдауына ие болып отыр. Дегенмен, АҚШ президенті Джо Байденнің денсаулық жағдайы қазіргі Ақ үй басшысының қабілеттілігіне қатысты алаңдаушылық пен күмән тудырады. Соған қарамастан демократтар биылғы қарашада өтетін президенттік сайлауда өздерінің басты кандидатын додадан алып тастағысы келмейді, бірақ, оны президенттік қызметте шұғыл түрде ауыстыра алатын үміткерлерді барынша мұқият таңдайтын болады.
Наурыздың 6-сы күні бұған дейін бірде-бір делегат даусын ала алмаған Миннесота өкілі Дин Филлипс президенттік сайлаудан бас тарту туралы шешімін жариялады. Алайда, оның аты-жөні басылып шыққан бюллетеньдерде қалып қойғандықтан, үміткерліктен шығып қалған соң да ол 4 делегат даусын алды. АҚШ президенттігіне тағы бір үміткер жазушы Марианна Уильямсон 7 ақпанда сайлау алды науқанын тоқтатты, бірақ, 28 ақпанда күресті қайта жалғастыратынын мәлімдеді. Онда бірде-бір делегат даусы жоқ.
8 маусымда демократтар АҚШ-тың екі аралдық аумағында  – Гуам мен Виргин аралдарында ақырғы кокустарын өткізді. Демократиялық партияның ұлттық құрылтайы тамыз айында өтеді.
Алдағы сайлау додасының барысын, әрине, электоралдық циклдің  проблемалық мәселелері анықтайтыны анық. Потенциалды сайлаушылар 2024 жылғы сайлаудың басты проблемасы ретінде экономикалық мәселелерге басымдық береді. COVID–19 пандемиясының жағымсыз әсерлері  сайлауға дейін салдарын жоймайды. АҚШ 2021 жылдан бастап жоғары инфляция кезеңін бастан кешірді, бұл коронавирустық шектеулерге және онымен байланысты  тауар жеткізілімінің дағдарысына байланысты орын алды.  Жағдай Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруіне байланысты тіптен ушыға түсті.
Байден әкімшілігінің экономикалық саясаты туралы сауалнамалар 2021 жылдың соңынан бері үнемі теріс көрсеткіштерге ие болып отыр. Пандемиядан кейінгі экономикалық құлдырау әйелдерге, әсіресе, балаларын күту үшін жұмысын тастап кеткендерге қатты соққы болды. Американдық құтқару жоспарының шегінде балаларға күтім жасау үшін енгізілген уақытша шаралар, соның ішінде балаларға салық несиелері ата-аналардың экономикалық жағдайын жақсартуға арналған шаралар ретінде енгізілді, бірақ, олардың мерзімі  осы қарашада өтетін сайлауға дейін аяқталады.
Сонымен бірге, шекара қауіпсіздігі мен заңсыз иммиграция 2024 жылғы президенттік сайлаудағы потенциалды сайлаушыларды алаңдататын негізгі проблемалардың бірі болып отыр. 2023-2024 жылдар аралығында Мексика шекарасы арқылы елге кіретін мигранттар санының айтарлықтай өскені байқалды. Мигранттардың ағылуына жауап ретінде Техас және Флорида сияқты республикашылдар басқаратын штаттар мигранттарды Нью-Йорк пен Чикаго сияқты демократтар басқаратын ірі қалаларға автобуспен тасымалдайды. Дональд Трамп президент болып сайланған жағдайда депортация санын көбейтетінін, әскери күштерді шекараны қорғауға жіберетінін, көші-қон және кеден полициясының мигранттарды ұстауға жұмылдыратынын, жергілікті құқық қорғау органдарына шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсыратынын, шекара күштері мен шекара патрульдерін қаржыландыруды арттыратынын және оңтүстік шекарадағы қабырғаның құрылысын аяқтайтынын мәлімдеді. Байден әкімшілігі Венесуэла, Украина, Никарагуа, Куба және Гаити сияқты белгілі бір елдерден келген мигранттарға уақытша қорғау саясатын жүргізуде. 2024 жылдың ақпанында Байден мен келіссөздерге қатысқан заң шығарушылар шекараны қорғау туралы заң жобасы бойынша келісімге келді, бірақ, Трамп бұл заң жобасына қарсы болды. Байден республикашылардың Конгрестің қатысуынсыз шекараны қорғай алатыны туралы мәлімдемелерін қабыл алмады.  
Газада жалғасып жатқан соғыс және Ресейдің Украинаға басып кіруі сайлауда маңызды рөл атқармақ. Америка Құрама Штаттары Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде Украинаға айтарлықтай әскери және гуманитарлық көмек көрсетті. Демократиялық саясаткерлер мен республикашыл саясаткерлердің едәуір бөлігі бұл жоспарды қолдап, АҚШ-тың «демократияны қорғауда және ресейлік басқыншылықпен күресуде» маңызды рөлі бар екенін алға тартты. Кейбір кандидаттар, соның ішінде Дональд Трамп, Ресейді райынан қайтару Америка Құрама Штаттары үшін соншалықты маңызды болмауы керек және Украинаға көмек шектеулі болуы керек деп санайды.
Газадағы соғыс басталғаннан бері Байден Израильге анық әскери қолдау көрсететінін жариялап, Хамас пен басқа да палестиналық содырлардың әрекеттерін айыптады. Байден Конгрестен Израильге 10,6 миллиард доллар көмек көрсетуді сұрады. Байденнің Израильді қолдауын прогрессивті адамзат және мұсылман әлемінің басшылары сынға алды, олардың көпшілігі Израильдің Газаға басқыншылығына байланысты  Байденге дауыс бермейтіндерін ашық мәлімдеді. Трамп Израильді қолдауға және Иранға қарсы қатаң саясат ұстауға уәде беріп, соғыс туралы нақты түсіндірме бермеді.  
АҚШ-тағы кезекті президенттік сайлауға  небәрі 4,5 айдай ғана уақыт қалды,  бүгінде Вашингтонда саяси күрес күшеюде, сайлау жақындаған сайын ол күрес өрши береді. Американың болашақ саясаты билікке республикашылдың немесе демократтың келетініне байланысты болады. Сарапшылардың пікірінше, алдағы сайлаудың нәтижесі қарапайым американдықтардың ғана емес, сонымен қатар Америкадан тыс көптеген мемлекеттердің де тағдырына қатты әсер ететін болады.

Г.СЫЗДЫҚОВА,
 филолоия ғылымдарының
кандидаты, Ө.Жәнібеков
атындағы ОҚПУ-дің доценті.

1 пікір

  • Alexa Mika
    Alexa Mika

    Help To Recover Scammed Cryptocurrency // Lost Recovery Masters I never thought I would get scammed of all my assets on this exchange which I was warned by friends to keep off the exchange, they stole all my life saving the total funds of $88k worth of bitcoin. I couldn’t believe bitcoin could ever be recovered, all thanks to a kind hearted team of Lost Recovery Masters they just offered me top notch services and they are capable of offering hacking services of any sort. To that one person or persons out there who really need a true and efficient cryptocurrency recovery expert I would advise you to contact Lost Recovery Masters via Email: Support@lostrecoverymasters.com Whatsapp +44(7537)-105921 Website: https://lostrecoverymasters.com

Пікір қалдырыңыз