«Бірінші орында – халықтың сенімі»

Ертең – Қазақстан полициясы күні. Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі қарсаңында біз Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат ҚАБДЕНОВПЕН сұхбаттасқан едік. 

– Мұрат Талапұлы, өңіріміздегі жалпы криминогендік ахуал қандай? Алғашқы сауалымызды осыдан бастасақ... 
– Өзіңізге мәлім, Түркістан облысы құрылғалы бері еліміздегі қылмысы ең аз өңірлердің қатарынан түспей келеді. Мұны түркістандық тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысының оң нәтижесі деп білеміз. Яғни бұл көрсеткіш өңірдің криминогендік ахуалы тұрақты екендігін білдіреді. Мәселен, 2024 жылдың 5 айдағы қорытындысы бойынша облыста жалпы құқық бұзушылық 2193-тен 2020-ға (7,9 пайызға) азайса, қылмыс деңгейі 15,8 пайызға төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі 720-дан 613-ке кемісе, бұзақылыққа қатысты қылмыстар 28,6 пайызға немесе 70-тен 50-ге, ұрлық 38,2 пайызға, пәтер ұрлығы 45,2 пайызға азайды.
Облыстық полиция департаментіне қарасты Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде биыл мал ұрлығы 46,6 пайызға немесе 88-ден 47-ге төмендеп отыр. «Мүлікті қорғау бойынша 2024-2026 жылдарға арналған бағдарлама» аясында мал ұрлығымен айналысып жүрген 7 қылмыстық топ құрықталып, 
16 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 9 дерек бойынша мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Жалпы жыл басынан бері 286 мал ұрланса, оның  215-і иелеріне қайтарылды. Тонау 30,4 пайызға азайып, алаяқтық қылмыстардың да едәуір төмендегені байқалады. 
– Сіздің бастамаңызбен биылғы жыл «Профилактика жылы» деп жарияланды. Жалпы, мұндай іс-шаралардың жыл бойы жүргізілетінін білеміз. Дегенмен, профилактикалық іс-шараларға ерекше екпін берудің себебі неде? Мұның қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға қаншалықты септігі тиіп жатыр? 
– Әрине, мұндай іс-шаралардың берері мол деп айта аламын. Біздің мақсатымыз – қылмысты анықтау немесе құқық бұзушыға айыппұл арқалату емес, қандай да бір орын алуы мүмкін қылмыстың алдын алып, қоғамға жат қылықтарға тосқауыл қою. Жалпы 2024 жылды «Профилактика жылы» деп атап, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, жол-көлік оқиғалары, мал ұрлығы, алаяқтық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, вандализм секілді бірқатар қылмыстардың алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз. Яғни 15 бағыт бойынша берілген нұсқаулықтарға сәйкес тәртіп сақшылары бүгінде күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Осы ретте облыс тұрғындарына рейд, профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары жиілесе, оған түсіністікпен қараңыздар дегім келеді. Себебі, көп жағдайда ұсақ құқық бұзушылықтар үлкен қылмыс алдындағы саты іспетті. Мұндай ұсақ оқиғалар қастандық, бопсалау, ұрып-соғу мен тонау қылмыстарына жол ашып береді. Сондықтан барлығын бақылауда ұстап, ұсақ-түйекті назардан тыс қалдырмауға тырысып жатырмыз. 
– Бүгінгі таңда өңірде қылмыстың қай түрлері өршіп тұр? 
– Біздегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста қылмыс түрлерінің тіркелуі біршама азайып, олардың ашылу көрсеткіші едәуір жақсарып келеді. Десе де, мені қарапайым тұрғындардың интернет алаяқтарының арбауына жиі түсіп, қолындағы барынан айырылып қалып жатқаны қатты мазалайды. Тіпті, кейде алаяқтардың құрығына қалай түсіп қалғанын байқамай өзінің атынан несие ресімдеуге келісім беріп жататын оқиғалар да жоқ емес.
Сондықтан барша облыс тұрғындарын жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндердің айлалы әрекеттерінен сақ болуға шақырар едім. Облыс тұрғындарынан өзіне ғана мәлім банктік құжаттардың құпия сандарын ешкімге айтпауларын сұранамын. Бәрін тез арада реттеп беремін дегендерге сенбеген жөн. 
– Әлеуметтік желіде тұрғындармен байланысқа шығып, олардың арыз-шағымдарына, талап-тілектеріне құлақ асып жүресіз. Азаматтардың тікелей сізге жүгінуі полицейлердің халықпен жұмыс істеу тәсілінде түйткіл бар дегенді білдірмей ме? 
– Жоқ, мүлдем олай емес. Бұл кейбір тұрғындардың мәселені басшылыққа айтқанда ғана тезірек бітеді деген әбден қалыптасып қалған пікірлерінен шыққан болар. Менің орынбасарларыма, аудандық, қалалық полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына өз аумақтарындағы жағдай етене таныс. Оның үстіне басшы құрамдардың әр аптада азаматтарды қабылдау күні белгіленген. Сондықтан маған, болмаса полиция департаментінің басшы құрамдарына мұң-мұқтажын айта келген кез келген тұрғынның мәселесі аяқсыз қалмайды. Сондай-ақ, бізге «Е-өтініш» арқылы да жүгініп, 3 жұмыс күні ішінде сұрақтарға нақты жауап алуға болады.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, полицейлердің тұрғындармен сыпайы қарым-қатынас орнатуына ерекше мән берілуде. Бұл жөнінде оларға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Олар жұршылықпен қарым-қатынаста өздерін тәртіп сақшысы деген атқа лайық, дұрыс ұстауы тиіс. Ең бастысы, қандай жағдай орын алса да, полиция қызметкері ұстамды, сабырлы қалпын сақтап, дөрекі мінез танытпағаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау – бүгінгі күннің ең маңызды міндеттерінің бірі. 
– Бүгінге дейін қаншама реформалар жасалып, талай іс-шаралар атқарылса да, құқық қорғау қызметкерлері халықтың сенімінен шыға алмай келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? 
– Меніңше, үздіксіз жүргізілген реформалардың нәтижесінде полицияның беделі ел арасында бірте-бірте көтеріліп келе жатқан сыңайлы. Негізінде, полицияның беделі халықпен жақын қарым-қатынас жасағанда ғана көтеріледі деп ойлаймын. Бұл бағытта біздің жеке құрам үнемі алдыңғы қатарда жүреді. Жұртшылықпен жиі тілдесіп, қажет болса көмектесіп, өз өмірлерін қатерге тіге отырып, кейбір қауіп төнген адамдарды ажалдан арашалап қалатын сәттер де кездеседі. Мұндай іс-әрекеттердің полицияның оң имиджін қалыптастыруға септігі мол. 
Осы ретте айтарым, қоғамдық тәртіпті сақтап, елдің амандығы үшін қызмет ететін полицейлерді тұрғындардың үнемі қолдап отырғаны жөн. Қазақта «Жақсы сөз жан семіртеді» деген сөз бар. Қоғамдық тәртіпті сақтау жолында жүрген азаматтар жөнінде жақсы пікір білдіріп, оларды ынталандырып отыру да артықтық етпейді. Тәртіп сақшыларының имиджін көтеруде халықтың оларға деген сенімі бірінші орында тұрады. Сонда ғана құқық қорғаушылар заңға да, арға да сүйеніп, ел сенімін ақтауға құлшына қызмет етеді. 
– Соңғы кездері құқық қорғау қызметкерлері өзін балағаттап, қол көтергендерге қарап сөйлеуден қалып бара жатқан секілді. Сұрайын дегенім, бүгінде полицейлердің құқығы қаншалықты қорғалып жүр? 
– Бұл – өте өзекті мәселе. Жасыратыны жоқ, ел ішінде полицейлерге қарсы шығатындар да табылады. Бірақ, елімізде бұған қатысты арнайы заң бар. Билік өкіліне қарсылық танытқандар жазадан құтыла алмайды, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 
– Сынды қалай қабылдайсыз? 
– Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Өз басым жөнімен айтылған сынды өте дұрыс қабылдаймын. Біздің тарапымыздан қателіктер кетіп жатса, оны тез арада түзетуге тырысамын. Ал, сынды қабылдамай, ашуға берілу  абырой да, жақсылық та әкелмейді. Кез келген жағдайда ұстамды болуды үйренуіміз қажет. Орын алған оқиғаға үнемі позитивті көзқараспен қарауға тырысамын, кейде сыни әңгімені кейінге қалдырған да дұрыс. Жалпы өз басым «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» принципін ұстанамын. Себебі, сабырлы болу – адам бойындағы ең бір ізгі қасиеттердің бірі. 
– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз? 
– Ішкі істер органдары – мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі. Бүгінде қазақстандық полиция елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтап, бірлікті нығайтуға өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді. Осы тұста полицейлердің қылмыс пен құқық бұзушылықтың белең алуына тосқауыл болар кәсіби біліктіліктері, ел ішіндегі заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жанқиярлық еңбектері қандай құрметке болса да лайық демекпін. Сондықтан полиция қызметкерлерінің күш-жігер мен төзімділікті, әділдік пен жауаптылықты талап ететін еңбектеріне алғыс білдіремін! Барша әріптестеріме абыройлы қызмет, зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін! 
– Әңгімеңізге рахмет! Қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз