«Ойы жоқ адам – қойы жоқ қотан сияқты»

Әсілі, адам баласы жарық дүниеге келгеннен өмірінің соңына дейін ізденумен өтеді десек, мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Ал, сол ізденудің, білмекке талпынудың «әліппесі» әріп танудан басталса, одан арғысы күнделікті көріп-білу мен оқып-үйренумен әрмен қарай жалғаса береді. Бір сөзбен айтқанда, «оқусыз – күнің қараң!»
Бірақ, мәселе нені, қалай оқуда! Осы ретте әр нәрсеге әріден қарап, өзіндік «өлшемін» айтатын, былайша айтқанда, қалай иірсең де алшы түсетін асық сияқты, қай тақырыпқа «тапсырыс» берсең де талдап тұрып, терең түсіндіріп жазып беретін тұрақты авторымыз, ХГТУ-дің бизнес кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұловты баспасөз қызметкерлері күнінің қарсаңында сұхбатқа шақырдық.
– Қуатбек аға, өз басым сізді «оқу өтіп кеткен адам» сияқты көремін. Өйткені, қай тақырып болмасын, өзіндік көзқарасыңыз бар. Мұның бәрін білу үшін көп іздену керек шығар. Қалай үлгересіз?
– Өмірдің мәні көру, білу емес пе?! Адамға ауа қалай керек болса, білім де солай қажет. Мысалы, біреумен сөйлесу үшін де білім керек қой. Өзара ортақ тіл табысу үшін, тақырыпқа тереңірек бойлау үшін сенің оқығаның, білгенің маңызды рөл атқарады. Адамның бойында түрлі қабілет болады. Жалқаулыққа салынып оқымаудың, ізденбеудің кесірінен соны тұншықтырып алып жатамыз. Баланың көкірек кілтін тауып, білімге зейінін ояту – мұғалімнің міндеті. Ал, әдебиетке, өнерге құмар бала ертелі-кеш оның жемісін көретін болады.
– «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деп жатамыз. Сонда олардың зейінін аша алмаған мұғалімдер кінәлі ме?
– Біріншіден, қазіргі жастардың бәрі кітап оқымайды деп күстәналауға асықпайық. Өз басым кітапты жастанып жатып оқитын жастарды білемін. Бәлкім, өзінің қызығушылығына қарай түрлі мотивациялық кітаптар оқитындар көп шығар, бірақ адамның ойлау қабілетін дамытуда көркем шығармалардың орны бөлек екенін де ұмытпайық. Мұны, жаңа өзің айтқандай, «оқу өтіп кеткен» жастар да айтып жүр.
– Сіз тіл маманы емессіз. Бірақ, мақалаларыңызда сирек кездесетін сөздерді жиі қолданасыз...
– Тіл білу үшін міндетті түрде соның маманы болудың қажеті жоқ. Әр сөз өз орнында тұрса сөйлем де дұрыс құралады. Мың-сан оқырманның арасында сенің екі ауыз сөзді қалай жазғаныңа қарап-ақ білім-білігіңнің қай деңгейде екенін білетін терең адамдар бар. Солардан ұят болмауы үшін барынша дұрыс жазуға әрекеттенген абзал. Осы салада жүріп өрескел қателіктерге барып, өзімен бірге қаншама адамды адастырып жүрген тілшілер де бар. Ондайлар біреуге зиянын тигізгенше өзінің шамасы келетін «шоқпарды» беліне байлағаны дұрыс емес пе?! Ал, көпшілік оқитын дүниенің, Абай атамыз айтқандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» тұрғаны жөн ғой.
– Сіздің сөйлем құрау стиліңізден бөлек, ойлау қабілетіңіз де басқаша сияқты. Жасыратыны жоқ, кейде күрделі саналатын тақырыптарды Сізге сеніп тапсырыс беріп жатамыз, көп кідіртпей алып шығатыныңызды да көріп жүрміз. Күнделікті мың-сан шаруадан бізге уақыт бөліп, өтінішімізді тап-тұйнақтай орындап беретініңізге рахмет! Айтайын дегенім, мамандықтардың төресі саналатын журналистика Сіздің де жаныңызға соншалықты жақын-ау...
– Иә, бала кезден жазу өнеріне жаным құмартып өсті. Ал, білімің болмаса бұл сала есігінен де сығалатпайды. Содан көп оқыдым. Редакция тарапынан қандай да бір тақырыптарға тапсырыс түсіп жатса, мен оған қуанамын. Өйткені, бар екеніңді, адамдарға керек болғаныңды сезінесің. Жазған-сызғандарымызға баспасөз беттерінен орын беріліп жатса, оның әсері тіпті бөлек. Редакцияланған мақаланы түпнұсқасымен салыстырып қараймын. Кейде редакциядағы жігіттердің жеткізе алмай жатқан ойымызды ұтымды сөйлемдермен келістіріп жіберетін кездері болады. Мақаланың артық жерін күзеп, кем-кетігін түзеп жіберетін сөздер ешқашан естен шықпайды.
Біздің университет қабырғасында арнайы «ютуб» каналымыз бар. Сонда мен «Қарапайым экономика» бағдарламасын жүргіземін. Осы салаға қатысты өзіндік ойы, ұтымды көзқарасы бар белгілі тұлғаларды шақырып, сұхбат ұйымдастырамыз. Журналистиканың бір жақсы жері, көптеген нәрсені қолжетімді етеді. Аталған бағдарламаның арқасында қаншама таныс арттырдым, белгілі тұлғалармен сұхбаттас болдым. Студенттер студияға келіп, өздерінің қарым-қабілетін байқатып жатады. Осының бәрінің басы-қасында жүріп, журналистикаға қызықпаймын деп айтсам, оныма кім сенеді?!
– Ғасырдың жүзін көрген «Оңтүстік Қазақстан» газеті сіз үшін несімен ерекшеленеді?
– Бүгінгі күні баспасөз алдында кеңестік дәуірдегіден мүлде басқа міндеттер тұрғаны белгілі. Әрбір БАҚ-тың өз міндеттері мен мақсаты бар. Ал, «Оңтүстік Қазақстан» газеті «қарашаңырақ» секілді баршаға ортақ басылым. Газеттің құрылу тарихы да қызық. Мұнда Сұлтанбек Қожанов, Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың қаламдарының ізі қалған өзіндік стилі сақталған.
– Баспасөз күні – баршамызға ортақ мереке. Осы мерекеге орай оқырмандарға қандай тілек айтасыз?
– Газет – оқырманымен газет! Оқырмандарыңыз көп болсын! Ал, адам саналы, ойлы болуы үшін міндетті түрде оқуы керек. Ойы жоқ адам – қойы жоқ қотан сияқты. Қотан деп біздің қазақ қойды баққан кезде түнде түнететін, күндіз жусататын жерді айтады.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».