«Ғимаратқа қона жатқан кездеріміз де аз емес»

«Turkistan Media Holding» ЖШС-іне қарасты «Turkistan» телеарнасы аз уақытта республикалық телеарналармен иық тірестірер дәрежеге жетіп, ең үздік аймақтық арнаға айналды. Өзіндік бағыт, ерекше бағдарламаларымен көрермендерін баурап алған ұжымды кешеге дейін белгілі журналист Жанахмет Ағыбаев басқарды. 
Жуырда «Turkistan Media Holding» ЖШС мен «Turkistan» телеарнасындағы басшылық қызметін өз еркімен тапсырған Жанахмет Жәнібекұлына аз-кем сауалымызды қойған едік.

– Жанахмет Жәнібекұлы, бүгінгі телевизия жаңа заман талаптарына ілесе алды деп ойлайсыз ба? 
– Мен еңбек жолымды 1997 жылы Қызылордада «Ақмешіт ақшамы» деген қалалық газеттен бастадым. 2000 жылы Ұлттық арнаға ауыстым, сосын «Хабарда» тілші болдым. «Аlmaty TV», «Mangystay TV», «Atyray TV», «Қазақстан» Ұлттық арнасында басшылық қызметтерде болдым. Осы ширек ғасырдағы еңбек жолымда «Turkistan» телеарнасының мен үшін орны бөлек.
Соңғы жылдары телевизия қатты дамып кетті. Революциялық деңгейде төңкеріс болды десек те жарасады. Дәстүрлі медиа ол – классика. Эфирдің аты – эфир. Эфирдің, дәстүрлі телевидениенің сараптамалары, ақпаратты жан-жақты тексеріп, саралап-талдап беру дегеніңіз ерекше шығармашылық жұмыс. Жаңа медианың бұдан басқа да артықшылықтары бар. Ең әуелі – оперативтілігі, супер жеделдігі, Телеарнадағы журналистер оқиға орнына жедел жетіп, сол сәтте-ақ ақпарат тарата береді. Әуелі әлеуметтік желіге лайықталған қысқа контент телефонмен әзірленіп, парақшаларға салынады. Бекітілген ереже бар: ең ұзағанда 30 минутта әлгі оқиға не іс-шара әлеуметтік желіде жариялануы тиіс. Содан кейін монтаждап, түскі не кешкі жаңалықтарға лайықтап эфирге шығара береді. 
Жаңа медиа деген – жаңа ақпараттық технология. Технологияны ұтымды пайдаланып, әлеуметтік желідегі парақшаларымызды дамыттық, ол өз жемісін беруде. Қазір телеарнаның Ютуб арнасының жазылушылары күн санап көбейіп келеді. Арнаның аудиториясы қалың. Бұрындары тікелей эфир ұйымдастыру өте қиын еді. Қазір мобильді интернет арқылы кез келген жерден журналистер тікелей эфирге шығып жүр. 
– Аймақтық болғанына қарамастан «Turkistan» телеарнасы өте қарқынды дамып келеді. Бұл жетістіктеріңіздің сыры неде? 
– Расында біздің жас ұжым қысқа уақытта көптеген жетістіктерге қол жеткізді. «Turkistan» арнасы кей өлшемдерде аймақтық телеарна ауқымынан шығып кеткендей. Мәселен, Түркиядан, Әзербайжаннан, басқа да көрші елдерден хабар таратуға талпындық. Кәсіби жағынан республикалық телеарналармен теңесіп қалған тұстары бар. Оның басты себебі – техникалық жарақтандырылуы мықты. Кезінде түркі елдеріне хабар тарататын арна болады деп соңғы, жаңа техникалармен сәтті жабдықталды. Екінші жағынан шығармашылық жағынан да ұжым қазір толысты, жетілді. Телеарна негізі – жастар. Телеарнаның шапшаңдығы мен шұғыл бетбұрыстарына жас адамдар ғана төтеп бере алады. Оларға шығармашылық жағынан еркіндік берілді. Креативті жобаларды енгізу бұл жастарға сөз емес. Жаңашылдықты жүз пайыз қолдадық. Үшінші кезекте – еңбек. Телеарнаның жұмысын жолға қоямын, көтеремін деп ғимаратқа қона жатқан кездеріміз де аз емес. Шын ықыласыммен, уақытпен санаспай жұмыс істеп, адал қызмет еттім. Соңғы тікелей эфирді бітіргенше, тапжылмай отырып жұмыс істедік, табандылық таныттық. 
– Жалпы, кез келген медиа ұйымының концепциясы, бағыт-бағдары болады. Бүгінде телеарна ұжымы нақты қандай бағытта жұмыс істеп жатыр? 
– «Turkistan» әуел басында түркі елдеріне хабар тарататын халықаралық телеарна болады деген концепция болған. Бірақ, ол мүмкін емес. Себебі, құқықтық негізі бекітілмеген. Ол үшін мемлекетаралық келісім болуы керек, әр мемлекеттің бюджетінен белгілі бір көлемде қаржы қарастырылуы тиіс. Ал, бұл телеарнаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Құрылтайшымыз – облыс әкімдігі. Мемлекеттік тапсырыстың талабында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар деп нақты көрсетіледі. Сондықтан облысты қамтуға міндеттісің. Ал, Түркістандағы жаңалықтар Әзербайжанға, Түркияға қызық болмауы мүмкін. Ол жаққа өту үшін арнайы контент дайындау керек, оған күш салайын десең, мемтапсырыстың талабы ақсайды. Оны орындамасақ қаржыдан қағыламыз. Дегенмен, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жолын қарастырып, там-тұмдап Түркиядан, Әзербайжаннан сюжеттер дайындап, эфирден беріп жүрдік. Оның барлығы өз күшімізбен, журналистеріміздің ықыласымен жүзеге асқан дүниелер. Өңірдегі іс-шаралар мен жаңалықтар осы аймақтың тұрғындарына ғана қызықты, маңызды. Сондықтан мейлінше халыққа жақын, қарапайым еңбек адамын, ерекше кейіпкерлерді көбірек тауып, көрсетуге тырыстық. Айту парыз, тағы бір жетістігіміз – эфирге шығатын бағдарламалардың 90 пайызға жуығы өз өнімдеріміз. Айталық, 18 сағат хабар тарататын болсақ, соның 17 сағатында өз өнімдеріміз көрсетіледі. 
– Ашығын айтыңызшы, жергілікті биліктің телеарнаға деген көзқарасы, қолдау көрсету жағы қалай? Мемлекеттік қолдаудан тыс қаржы көздерін табуда қандай ізденістер жасадыңыз?
– Алғашында холдингті шығынмен қабылдап алдым (150 млн. теңгенің үстінде қарызы болды). Қарыздарды жаптық, жалақыны көтеріп, жақсы жұмыс істегендерге сыйақы бере бастадық. Қаржы көздері дегенде, объективті түрде айтатын болсақ, барша бұқаралық ақпарат құралдары үшін қаржы көзі – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қой. Бұл жаман демеймін. Бұқаралық ақпарат құралы идеология құралы болғандықтан мемлекеттік саясатты қолдау, ел мүддесіне қызмет көрсету керек. Бірақ, медальдің екінші жағы бар. «Тендердің талабын» орындау тәуелділікке әкеледі. Кей жағдайда ұстанған бағытың, ту етіп отырған «креативің» адыра қалып, тапсырыстың жетегінде кетіп қаласың. Жоғарыдағы журналистиканың кемшілігі неде деген мәселеде осыны айтар едім. Холдингтегі 120 адамға жалақы тауып беру керек. Ол бірінші кезектегі мәселе. Коммерциялық, жарнамадан түсетін табыс көлемі өте аз. Қала шағын, бизнес дамымаған. Өңірлік телеарналардың дені жүгіртпе жолға ақылы жарнама қабылдап қаражат тауып отыр. Біз, бірақ, саналы түрде жүгіртпе жолдан бас тарттық. Халықаралық деңгейде хабар таратамыз деп меже қойғандықтан, эфирден «қой жоғалды», «асқа шақырамыз» деген хабарландыру берілсе беделімізге нұқсан-ды. Бір қызық жағдай айтайын, кәсіпкерлерді көп түсірдік, насихаттадық. Көбі өзінің бизнесін дәріптеуге қарсы болып жатады. Неге дейміз ғой. «Қажет емес. Ертең жарқ етіп шыға келсем, анау да келеді, мынау да келеді, тексерістен көз ашпаймын, абзалы танылмай-ақ, тыныш жүрейінші» дейді. Бұл бізде бизнестің дамымағанын, кәсіпкердің адымын аштырмайтын кедергілердің көп екенін байқатады. 
– Жақсы шығармашылық команда қалыптастыра алдыңыз ба? 
– Басында республикалық телеарналардан мамандар шақырдық, көбі келмеді. Сосын жергілікті журналистерді, мамандарды тәрбиеледік, шыңдадық. Тәжірибелі журналистердің тренингтерін, мастер кластар ұйымдастырдық, оқыттық, үйреттік. Жас журналистердің таным көкжиегін кеңейту үшін өзге қалаларға, мүмкіндігінше, шет мемлекеттерге іссапарға жіберіп отырдық. Осылайша қолдан келгеннің бәрін жасадық. Менің өзімнің қағидам: жүзуге келгенді суға тастап жібер, жаны қысылса да жағаға жетуге тырысады. Солай, бүгін келген жас маманды бірден тікелей эфирге шығарып жіберген кездер де болды. 
Кемшілікке келсек, біз телевизияға қадам басқан 2000 жылдармен салыстырғанда бүгінгі журналистикада еркіндік шектеулідей көрінеді. Біз қатты энтузиазммен жұмыс істедік, идеямызды ту етіп көтердік. Қазіргі журналистика құрсаулы қоғамның шеңберінен шыға алмайды. Журналистиканың дамуын тежейтін процедуралар көп: анау болмайды, мынаған ресми хат жолдап, рұқсат алу керек деген сияқты. Оның бәрін орындап отырғанда ақпарат «суып» қалмай ма? Журналистиканың басты қағидасы – оперативтілік емес пе? Былай қарағанда цензура жоқ, бірақ, еркіндік те жоқ. Тордан шыққанмен алысқа ұша алмайтын құстың кейпіндеміз. Бұл тек журналистердің кемшілігі емес шығар, бәлкім.
– Алдағы жоспарыңызды білсек...
– Енді... журналистикадан біржола кетемін деп шештім. Өзімді басқа салаларда сынап көрмекшімін. Мақсат – елге пайдамды тигізу. Мен өмірімді түбегейлі өзгертемін деген шешім қабылдадым. 
– Ендеше сәттілік тілейміз! 

Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз