Рухани орталық тұрақтылықты көздейді

Түлкібас ауданындағы «Руханият орталығы» былтыр шілде айында құрылған болатын. Жақында орталық басшысы Қанат ЕЛЕУОВПЕН жолығып, көкейде жүрген сауалдарға жауап алған едік. 

– Қанат Бақытбекұлы, бүгінге дейін руханият саласында ауыз толтырып айтарлықтай қандай жұмыстар атқарылды? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ.

– Иә, күнделікті қарбалас жұмыстармен жүріп, бір жылдың қалай өткенін білмей де қалдық. Алдымен аудандағы руханият саласының жай-күйімен, жүзеге асырылар жобалармен таныстым. Кадрлық, қаржылық және басқа да маңызды мәселелерді зерделедім. Орталық негізінен әлеуметтік қамсыздандыруды қоспағанда, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және дін саласындағы тұрақтылықты сақтау бағытында жұмыс істейді. Айталық, 2024 жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін аудан мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларына «Діни экстремизмге қарсы» және «Шетелде діни білім алудың қауіптілігі» деген тақырыптарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мұндай кездесулер оқушылар арасында діни сауаттылықты арттыруға, радикалдық идеологияларға қарсы тұруға және қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға көмектеседі. Осы арқылы діни экстремизмнің қауіптілігі мен оның қоғамға келтіретін зардаптары туралы да кеңінен мәлімет береміз. Облыстық дін істері басқармасымен бірлесіп аудан көлеміндегі мекеме қызметкерлерімен де осы тақырыптар төңірегінде әңгіме өткіземіз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Өзіңізге мәлім, биыл Көкшетауда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы елдің рухани құндылықтарын жандандыруға айрықша көңіл бөлді. Осы бағытта нендей маңызды іс-шаралар қолға алынып жатыр?

– Иә, кезекті құрылтайда Президентіміз ұлттық құндылықтар жөнінде ой толғап, заң жүзінде реттелетін нақты ұсыныстарын білдірді. Олардың мазмұнын байытып, мәртебесін көтеру, сонымен қатар рухани құндылықтарымыз арқылы ұлттық бірегейлігімізді нығайтуды да назардан тыс қалдырмады. Осыған орай орталық тарапынан бірқатар жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе, «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу, жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту бағытында кездесулер өткізіп жатырмыз. Шынында да соңғы уақыттарда қара күш пен ауыр еңбекті талап ететін жұмысшы мамандықтарын таңдайтын жастардың қатары азая бастады. Біздің бұл бағыттағы жұмыстарымыз осы аталған мәселені шешудің бір жолы деп білемін.    

– Орталық басшысы ретінде өзіңізді қандай мәселелер толғандырады?

– Алдағы уақытта бізді ауқымды жұмыстар мен тың жобалар күтіп тұр. Қазір олар пысықталып жатыр. Бұларды жүзеге асыруға ауданда толық мүмкіндік бар. Ең бастысы, уақыт талабына сай жұмыс істеп, ауданның рухани келбетін биікке айшықтау.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз