«Тұқым сапалы болмай, өнім сапалы болмайды»

Ауыл шаруашылығы саласында ерекше көңіл бөлуді қажет ететін нәрсе – тұқым сапасы. Өйткені, еккен егіннен мол өнім алу үшін бірінші кезекте оның тұқымы сапалы болуы керек. Ал, сапалы тұқымды қайдан аламыз? Оны бізге кім дайындап береді? Жалпы, оған кепіл болатын кім бар? Диқандар үшін маңызы зор осы мәселе төңірегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры Ғалым Құралбекұлы Жұмжаевпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ғалым Құралбекұлы, өзіңіз басшылық ететін мекеменің міндеттерімен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстыра кетсеңіз. Жалпы, бұл мекеме қашан құрылған?

– Біздің мекеменің тарихы жайлы айтқанда сөзді әріден қозғаған дұрысырақ. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту ауыл шаруашылығы саласының дамуына тікелей байланысты. Ал, оны дамытудың бірден-бір жолы – сапалы өнім шығару. Сапалы өнім дайындау үшін ең алдымен тұқым сапалы болуы керек. Мекемеміздің негізі осындай себеппен 1936 жылы қаланған. Әр жылдары әртүрлі атауға ие болып, атқаратын жұмыс ауқымы да түрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырған. Дегенмен, атқаратын міндеті біреу – егін шаруашылығына қажетті сапалы тұқым дайындап беру. Дайындағанда қалай? Мысалы, заман ағымына қарай тұқымның жаңа сорттары шығады. Ол біздің климатымызға, топыраққа сай келе ме? Өнімділігі қандай? Біздің мамандар осы мәселені зерттейді. Жаңа сортты тұқымның бізге жерсінуі, шөлге, суға шыдамдылығы, түрлі зиянкестерге төтеп бере алатындығы, бәрі-бәрі назарға алынады. Ол ұзақ процесс. Айталық, бидайдың бір сортын сынақтан өткізу үшін бір мезгілде оны төрт арнайы орынға егіп, күтіп-баптаудың түрлі тәсілдері қолданылады. Оларды көзден таса қылмай қадағалап, төрт рет қатарынан сынақтан өткіземіз. Қандай өзгешеліктер байқалды, нендей жағдайлар жасалды, оның бәрі қағазбен қатталады. Өнімділігіне толық көз жеткеннен кейін ғана кепілдік беріледі. 

– Бір қарағанда елеусіздеу көрінгенімен жұмыстарыңыздың ауқымы үлкен екен. Мұның бәріне үлгеру қиын емес пе? 

– Әр жұмыстың өзіне тән қиыншылығы, сонымен бірге қызығы қатар жүреді. Былай қарағанда, өсімдіктердің өсу процесін бақылаудың өзі қызық. Мұндай мекеме еліміздің әр облысында бар. Біздің облыстық филиалымызда жеті бөлімше жұмыс істейді. Оларға жалпы 572 гектар егістік жер тиесілі. Атап айтсақ, Сайрам, Төлеби, Сарыағаш аудандары сияқты әр ауданның ауа-райына, жер жағдайына байланысты жем-шөптен бастап, жеміс-жидекке дейінгі сынақ алаңдары бар. Бұрын мұндай сынақ алаңдары облыста 

14 еді. Кейін түрлі жағдайларға байланысты біразы біріктіріліп, бүгінде жетеуі жұмыс істеп тұр. Бөлімшелер біріктірілгенімен осы өңірде егілетін өнімдердің ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс бұрынғысынша жүргізіліп жатыр. 

– Соңғы кездері мақта шаруашылығына байланысты субсидия беру ережесіне біраз өзгерістер енгізілген көрінеді. Бұрын субсидия егілген мақтаның көлеміне қарай берілетін болса, кейінгі жылдары оның сынақтан өткен сортын назарға алатын болыпты...

– Бұл министрлік тарапынан бекітілген ереже. Тек мақта емес, барлық дақыл бойынша біздің өңірге қандай сорт тиімді, соған басымдық беріледі. Яғни мемлекет шаруаларды өзіне керекті өнімді көптеп өсіру үшін ынталандырады. Соңғы үш жылда біздің мекемеге мақтаның он алты түрін сынақтан өткізу ұсынылған екен. Оның ішінде өзіміздегі ғылыми-зерттеу институттарынан бастап жекелеген ғалымдардың ұсыныстары, сонымен қатар алыс-жақын шетелдердің өнімі бар. Өзбекстан елі «БД-1», АҚШ – «Карла», Қытай «Цин Фин Юан» деген сортын сынақтан өткізді. Олардың өнімділігі, жерсінуі, тиімділігі сынақтан өткізіліп, тек сегізіне ғана жергілікті жерде егуге болады деген ұйғарым жасалған.

– Ғалым Құралбекұлы, таяуда республикалық семинар өткізуді жоспарлап отыр екенсіздер. 

– Иә, семинар дегенді тәжірибе алаңы деуге де болады. Мұнда осы салаға қатысты түрлі мәселелер қозғалады. Соңғы жылдары қолға алынған жаңалықтар сараланады. Жалпы, қай сала болмасын, заман ағымына қарай дамып отыру үшін осындай іс-шаралар өткізіп тұрған дұрыс. Сіз айтып отырған семинар да осы мақсатта ұйымдастырылып отырған іс-шаралардың бір парасы ғана. Маусым айының 13-і күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен, «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия» РМК-нің ұйымдастыруымен Сайрам мемлекеттік сорт сынау учаскесі базасында «Дала күні» өтетінін хабарлаймыз. Оған есімі елге белгілі ғалымдар мен осы салаға қатысты мамандар, агрономдар, шаруа қожалығының төрағалары қатысады.

Іс-шарада көпшіліктің назарына сыналып жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық және шетелдік селекциясының сорттары мен будандары, сондай- ақ, осы жұмыстарға арналған заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, тіркемелі және зертханалық құрал-жабдықтар ұсынылатын болады. 

– Еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!


Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».


Пікір қалдырыңыз