БІЗДІҢ СТУДЕНТТЕР ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ОҚИДЫ

Бүгінгідей жаһандану кезінде жастарға берілер білімнің мазмұны ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінік-пайыммен, ақпараттық жетістіктермен және тіл байлығымен толығып отыруы қажет.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының сапалық деңгейі халықаралық кеңістікте жоғары бағаланады. Мұндай баға берерде академиялық ұтқырлыққа ерекше назар аударылады. Себебі, академиялық ұтқырлық Еуропада жоғарғы білім берудің ажырамас шарты ретінде белгіленсе, оқытушылардың, студенттер мен түлектердің ұтқырлығы Болон үрдісінің негізгі элементтерінің бірі саналады.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Автоматтандыру, телекоммуникациялау және басқару» кафедрасының студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында әлемнің түрлі университеттерінде білімдерін шыңдап жүр. Атап айтар болсақ, Бауыржан Артық, Еркебұлан Жақсыбай, Бауыржан Мырзабай есімді студенттеріміз Литваның Вильнюс қаласындағы техникалық университетінде, Жазира Гайдар есімді қызымыз Оңтүстік Кореяның «Sangmyung» университетінде білімдерін жетілдіріп қайтты.

Пандемия кезінде студенттердің аталған бағдарлама аясында шетелде оқу мүмкіндігі мүлдем тоқтап қалды. Дегенмен, үрей басылып, ел еңсесі көтерілген тұста «Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы жұмыстарды қайта іске қосты. Осының нәтижесінде Қуанышбек Мадалиұлы есімді студентіміз былтыр көктем мезгілінде Германияның Хейниц қаласындағы университетінде білімін шыңдап қайтты.

Бүгінгідей жаһандану кезінде жастарға берілер білімнің мазмұны ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінік-пайыммен, ақпараттық жетістіктермен және тіл байлығымен толығып отыруы қажет. Сонымен қатар, олардың экономикалық және әлеуметтік салаға қатысты танымын қалыптастыру, отбасының, достарының, айналасының, жалпы қоғамның қамын ойлауды сезіндіру, шыққан әлеуметтік тегіне қарамай, дарынды да білімді жастарды қолдау қашанда маңызды. Университеттің бұл бағыттағы жұмыстары алдағы уақытта жалғаса беретін береді.

Амантай БАТЫРБЕКОВ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасының оқытушысы.

 

Пікір қалдырыңыз