Елге құрылысшы болып оралдым

1978 жылдың 24 қарашасы күні Шымкенттің әскери комиссариаты арқылы армияға шақырылған 100-ге жуық өрімдей жас жігіт пойызға отырдық. Олардың 50-і Отырар ауданынан (бұрынғы Қызылқұм ауданы), 50-і Бәйдібек ауданынан (бұрынғы Алғабас ауданы) едік. Басшымыз лейтенант Росляк Юрий Витальевич деген жігіт ағасы болатын. Қасында екі сержанты бар. 

Арада төрт күн өткенде сол 100 баланың бірде-бірінің шашауы шықпай Мәскеудің Қазан вокзалынан бір-ақ шықтық. Одан әрі қалааралық жүрдек пойызбен Мәскеудің іргесіндегі Наро-Фоминск қаласына келіп түстік. Біздің қызмет етуге кіріскен 01604 әскери бөліміміз Кантемиров атындағы 4-ші танк дивизиясының құрамында екен. 17 күндік «карантиннен» өткеннен кейін әскери ант қабылдап, нағыз солдат болдық. Әскери жаттығулар, оқулар алты айға дейін созылды. Содан кейін барып қана, ол кезде өте құпия саналатын Кантемиров танк дивизиясының арнаулы блоктарын салуға қатыстық. Кантемиров танк дивизиясы мен Таманьск мотоатқыштар дивизиясының «Тәжірибе қалашығы» деп аталатын аумақта инженерлік-құрылыс нысандарының бой көтеруіне атсалыстық. Бізбен бірге өзіміздің Қостанайдан, Латвиядан, Украинадан, Новосибирскіден жігіттер болды. Бәріміз бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті, қоян-қолтық араласып жүрдік. Ол кезде қазіргідей әскердегі әлімжеттік, суицид мәселесі атымен жоқ еді. Бір-бірімізді жатырқамай, әскерден кейін де жиі-жиі хат жазысып тұрғанымыз есімде.

Осы жерде назар аударатын бір нәрсе, бізге сол кезде әскери борышымызды өтей жүріп, қорғаныс саласының инженерлік-құрылыс нысандарын салуға қатысқанымыз үшін кәдімгідей қаражат төленген болатын. Бұл да кеңестік саясаттың үлгі алар бір тұсы болса керек деп ойлаймын. Себебі, әскерге шақырылған азамат әрі борышын өтейді әрі мамандық алып шығады. Бізді Шымкенттен сонау Наро-Фоминск қаласына дейін бастап апарған Юрий Витальевич Росляк әуелі бізге взвод командирі, кейін ротаның саяси жетекшісі болып екі жыл қызмет етті. Оны туған ағамыздай жақсы көріп кеттік. Бейілді, зейінді кісі болатын. Ал, тоқсаныншы жылдардан бастап Ю.В.Росляк «Мосқұрылыс» комитетіне басшылық жұмыстарға ауысып, 2003-2010 жылдар аралығында Мәскеу қаласы мэрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Қазір «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясында басшылық қызметте.

   Әскерге бізбен бірге барған Бөрібай Назаров деген азамат кейін инженерлік-құрылыс саласын жақсы меңгеріп, Мәскеуде біраз жыл қызмет істеп, кейіннен еліміздің өсіп-өркендеуіне де көп үлес қосты. Сондай-ақ, құрылыс саласының білгірі Мәдібек Мықыбаев деген азаматымыз да «Алматықұрылыс» компаниясында еңбек етіп жүр. 

   Біздің екі жылдық әскерде болған уақытымыз осылайша көптеген азаматтарымызға өмірлік азық әрі тәжірибелі маман болып қалыптасуына септігін тигізді. Бұл жігіттер осы күнге дейін командиріміз Ю.В.Рослякпен хабарласып, ақыл-кеңесін алып тұрады. Әскерде алған мамандық оларды көп нәрсеге үйреткені анық.


Сейітхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ, журналист,

 Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты.

Пікір қалдырыңыз