Бақылау жоқ жерде пара белең алады

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келеді әрі бұл істің қарқыны ешқашан да бәсеңдеген емес. Президенттің қадағалауындағы бұл мәселе мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды десек қателеспейміз. Елімізде коррупцияның алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атқарылған істердің өзіндік нәтижелері жоқ емес, біраз істің беті ашылып, жолы да кесіліп жатыр.

Дегенмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты түп-тамырымен жойып жіберу, өкінішке қарай, әзірге мүмкін болмай тұр. Тамыры тереңде жатқан сыбайлас жемқорлық, әсіресе, білім ошақтары мен ауруханаларда, мемлекеттік қызмет органдарында жиі кездеседі. Сондықтан да жемқорлыққа қарсы негізгі іс-шараларды дәл осы орындарда жүргізіп, оның тиімді атқарылуына ерекше көңіл бөлген жөн. Жоғары оқу орындарында студенттерден ақша алу, ауруханаларда науқастарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті сату, операцияларға заңсыз қаржы талап ету сияқты оқиғалар әлі де болса кездесіп қалатыны жасырын емес. Бұл жерде көп мәселе халықтың азаматтық белсенділігі мен құқықтық сауаттылығына да байланысты екенін айта кеткен жөн. Егер сізден пара талап етсе немесе пара беруге итермелейтін әрекеттер жасаса, онда дереу құқық қорғау органдарына шағымданыңыз. Тіпті, қазір халыққа қызмет көрсететін әр ұйым мен мекемеде сенім телефондары жұмыс істейді, сол телефондарға хабарласып, әлгі фактілерді баяндасаңыз, елімізде сыбайлас жемқорлықтың азаюына аз да болса үлес қосқан болар едіңіз. 

Гүлфаруза ӘБІШЕВА,
Шу ауылдық әкімдігінің әскери есеп столы маманы.
Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз