Олар қандай құрметке де лайық!

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Тоқсаныншы жылдардың басында басталған тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыс жайлы бүгінде көп адам біле бермеуі мүмкін. Мызғымастай көрінген КСРО күйреп, оның орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылып жатқан тұста тәжік-ауған шекарасындағы жағдай шиеленісе түскен еді. Сол кезеңде Тәжікстан Ауғанстанмен шектесетін шекарасын қорғауға мүмкіндігі болмай, ТМД елдерінен көмек сұрауға мәжбүр болды. ТМД-ға мүше Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттері сегіз жыл бойы тәжік-ауған шекарасын қорғауға атсалысты. Көршілес елдің шебін қорғау отандастарымыздың да маңдайына жазылды. 1992-2001 жылдар аралығында шекара тыныштығын күзетуге біздің елден шамамен он мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысқан деген дерек бар. Өкінішке қарай, содырлармен болған қақтығыстардың салдарынан 46 жауынгер қаза тауып, 100-ге жуығы түрлі жарақат алыпты. Жылда әскери қақтығысқа қатысқан жауынгерлер қаза тапқан жолдастарын еске алады. Бейбіт күнге шүкіршілік етіп, егемен еліміздің амандығын тілейді.
1993 жылы 15 сәуірде ҚР Жоғарғы Кеңесі «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» Қаулы қабылдады. Нәтижесінде, бес жүз адамды құрайтын жеке 
құрама-атқыштар батальоны құрылды. Сөйтіп, қазақ сарбаздары шекаралық аймаққа жіберілді. Сол сарбаздардың бірі – Тасболат Үсекеев. Ол 1976 жылы Созақ ауданына қарасты Созақ ауылында дүниеге келген. «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясында білім алып, 1995 жылы әскер қатарына алынады. Әскери борышын өтей жүріп, 1996 жылы шілде айында келісімшарт бойынша тәжік-ауған шекарасына жіберіледі. 
– Кеудесін оққа тосқан қазақстандық жауынгерлер тәжік-ауған шекарасында қайсарлық пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Елден жырақта болу да бізді қамшылай түсті. Мен Халайкум қышлағында орналасқан 5571 әскери бөлімінде үш ай қызмет еттім. Осы уақыт ішінде талай дүниені түсіндім. Әскери міндетімізді абыроймен атқардық. Сол заманда пешенемізге жазылған тағдырдан асып кете алмадық. Өз Отанымызды қорғауды, жақындарымыздың амандығын ойладық. Шекара қызметінде қалғып кетуге болмайды. Оны қорғау өте маңызды, – дейді Тасболат Бабанұлы. 
Кейіпкеріміз айтқандай, ол кезде жауынгерлердің басты міндеті – ТМД шекарасының оңтүстік шебі, яғни Ауған-станмен шектесетін аймақ тыныштығын күзету еді. Олар тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды реттеуге, жалпы, сол кездегі саяси жағдайдың тұрақтануына көмек берді. Сондай-ақ, гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етті. Босқындардың қауіпсіздігін қадағалап, маңызды нысандарды жаудан қорғады. 
– 1993-2001 жылдары Тәжікстанда саяси ахуал өте күрделі болды. Көршілес елдердің шекарасы арқылы енген лаңкестер біздің елімізге де қауіп төндірді. Сондықтан мемлекетіміздің тұрақтылығын сақтап қалу үшін біз айрықша еңбек еттік деп ойлаймын. Сол қақтығыстарда қаншама азаматтарымыз жарақат алып, қаза тапты. Кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің ерен ерлігі қанша уақыт өтсе де ел есінде, ұрпақ жадында сақталуға тиіс, – дейді Тасболат.
1995 жылы Памир тауының Пшихавр шатқалында ең жойқын қақтығыс болды. Содырлармен атыс кезінде 17 қазақ жігіті көз жұмды. Қазіргі кезде олардың ерлігі еленіп, елдің әрбір өңірінде ескерткіштер мен аллеялар бой көтеріп жатыр. Кейіпкеріміз шекара қызметінен оралған соң әскери қызметін Степногорск қаласында жалғастырды. Кейіннен елге оралып, «Қазатомпром» ҰАК-ның күзет қызметінде жұмыс істеді. I, II, III дәрежелі «Қайсар» орденімен және «Тәжікстандағы әскери қимылдарға қатысқаны үшін», «Ерлігі үшін», Тәжікстанның «Мупофонда шуд» медальдарымен марапатталды. «Қазір әлемнің көптеген мемлекеттерінде тұрақсыздық байқалады. Ішкі және сыртқы қауіптен сақтану үшін бізге еліміздің тұтастығын сақтау қажет. Сондықтан ізімізді басып келе жатқан жастар бейбітшілік пен тәуелсіздіктің қадірін түсініп, еліміздің патриоты болып өссе екен» дейді ол.
«Ардагерлер туралы» заң қабылданғалы тәжік-ауған шекарасында болған азаматтардың еңсесі көтеріліп қалды. Бүгінде олар осы заң аясында мемлекеттен 20 мың теңге көлемінде жәрдем-ақы алады. 
– «Ардагерлер туралы» заң шыққанда қуанғанымыз рас. Дегенмен, бұл заңның шарапатын біз әлі толық көре қойған жоқпыз. Қазір тек жәрдемақы алып жүрміз. Ал, заң бойынша біз үшін қарастырылған жеңілдіктер баршылық. Тек оларды алу қиын. Ал, кей өңірлерде біздің қарулас жолдастарымыз бір жылда берілетін курорттық-шипажай жолдамасы, екі жылда бір көрсетілетін стоматологиялық көмек, емханаларда кезектен тыс қабылдау сияқты жеңілдіктердің игілігін көре бастапты. Біз оларға қызыға қараймыз, – дейді тәжік-ауған соғысының ардагері. 
Қорыта айтқанда, тәжік-ауған шекарасын күзетуге аттанған сарбаздарымыз егемендікке енді ғана қол жеткізген еліміздің бітімгершілік миссия аясындағы алғашқы қарлығаштары еді. Сол кездегі саяси тұрғыдан қарағанда түбіт мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан өрімдей жастар өлім мен өмірдің ортасында жүрді. Олардың қайсарлығы мен табандылығының арқасында Орталық Азиядағы тұрақтылыққа сызат түспеді. Сол себепті де олардың бүгінгі талап-тілектеріне, мұң-мұқтажына түсіністікпен қарау керек. Олар артық дүние сұрап тұрған жоқ. Бар болғаны жергілікті атқарушы билік өз өкілеттігінің шеңберінде заң талаптарын орындаса деген тілек айтады. Сайып келгенде, бұл мәселеге қатысты шешімнің кілті облыстағы атқамінер азаматтардың қолында екенін ардагерлер жақсы біледі.
Тәжік-ауған шекарасында бір қадам артқа шегінбей, бейбіт өмірде басын бәйгеге тіккен ерлер құрмет пен қолдаудың қандайына болса да лайықты.    
Пікір қалдырыңыз