Бүгінгі қазақ этнологиясы және Аманжол ҚАЛЫШ

Этнология – күрделі мәселелер тоғысқан теориялық және далалық экспедиция бағыттарымен қатар жүретін ғылым түрі. Отандық этнология саласында өзіндік орны бар ғалымдардың бірі һәм бірегейі – тарих ғылымдарының докторы, профессор  Аманжол Боранбай-ұлы Қалыш. Ол ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында қазақ этнология ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. 

Ғалым 1972 жылы өзі армандаған С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ университетінің тарих факультетіне  түсіп, студент атанады. Студенттік шақта ол өзінің қатарластарымен салыстырғанда  өте алғыр, алдына қойған мақсатқа жетпей тынбайтын мінезімен ерекшеленіпті. Қатарлас достарының айтуынша, ол бірінші курста оқып жүрген кезде сабақтан кейін  күнде Ұлттық кітапханада (А.С.Пушкин) сағат 14.00-ден – 21.00-ге дейін семинарлық сабақтарға, коллоквиумдарға дайындалу үшін оқулықтардан, арнайы ғылыми еңбектерден конспект жазып, дайындалатын. Өзінің үздік білімімен ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленген Аманжол Боранбайұлы үшінші курста Абай Құнанбаев атындағы атаулы стипендия иегері атаныпты. Ол факультетте  материалдық қиындықтарға тап болған студенттерге, сондай-ақ, факультетаралық, университетаралық, қалалық және республикалық түрлі жарыстарға қатысқан спортшы-студенттерге үнемі қолдау көрсетіп, көмек беріп отырады. Оның бойында білімге деген құштарлықтан басқа, көшбасшылық қасиеттер де мол еді. Соның арқасында Кеңес Одағы жылдарындағы ең жоғары В.И.Ленин атындағы атаулы стипендия иегері болумен қатар, өзінің дарынды ұйымдастырушылық  қабілетінің арқасында факультетте жастар ұйымының жетекшісі және университет студенттерінің құрылыс отрядын басқарды. Сондай-ақ, факультет пен  университеттің ғылыми жұмыстарына қатысып, Мәскеу (1975ж.) және Киев (1976ж.) қалаларында өткен студенттердің  бүкілодақтық этнографиялық конференциясында баяндама жасап, жүлделі орын иеленді. Аманжол Боранбайұлы осындай жетістіктерінің арқасында 4-курста КСРО студенттерінің арасында алғашқыларының бірі болып «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Ол 1977 жылы университетті қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, ректор, академик  Ө.Жолдасбековтің шешімімен студенттердің ғылыми-зерттеу кеңесінің төрағасы және университеттің комсомол жастар ұйымы басшысының орынбасары қызметтеріне қалдырылады. 
Ал, 1978 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының этнография бөліміне дәстүрлі қазақ этнографиясының негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.А.Арғынбаевтың басқаруындағы этнография бөлімінің күндізгі бөліміне аспирантураға түседі. Ол еңбек жолын кіші ғылыми қызметкерліктен бастап, институт директорының коммерциялық мәселелер бойынша орынбасары лауазымына дейінгі жолдан өтеді. 
Оның ғалым ретінде қалыптасуына, ғылым жолына түсуіне белгілі ғалымдар М.Қозыбаев, Б.Сүлейменов, Г.Дахшлейгер, Т.Балақаев, М.Асылбеков, К.Нұрпейісов,  Б.Көмеков, К.Пищулина, С.Нұрмұхамедов, есімдері дүние жүзіне танымал археолог ғалымдар – Ә.Х.Марғұлан, К.Ақышев, 
М.Қадырбаев, К.Байпақов, С.Ақынжанов, Л.Ерзакович, этнограф ғалымдар Х.Арғынбаев, 
М.Мұқанов, В.Вострова, Х.Кауанов, Р.Ходжаев және т.б. зор үлес қосты. Аспирантурада оқып жүргенде, жоғарыдағы аттары аталған ғалымдар ғылым жолының есігін жаңадан ашқан жас аспирантқа  үлгі болып, ғылымға баулыды. Жоғарыда атап өткен академиялық мектеп оның зерттеу бағытын дәстүрлі қазақ  этнографиясына ғана емес, сонымен қатар этноәлеуметтік зерттеу әдістеріне де үйретті. Этнографиялық зерттеулердегі жаңа бағыт ғалымның ғылыми көзқарасын тереңдетіп қана қоймай, оны әрі қарай дамытуға үлкен  дара жол салды. Ол үлкен ғылыми мектептен өтті, тағдырдың өзі оның нағыз ғалым болуына жол ашты.
Аманжол Боранбайұлының білімі мен жинаған тәжірибиесі тарих институтында төмендегідей ғылыми жобалардың орындалуында өз септігін тигізді. Олар: «Казахи: историко-этнографическое исследование» (1983-1985гг.), «Новое и традиционное в быту сельской семьи народов Казахстана» (1985-1987гг.), «Этнические аспекты культуры народов Казахстана» (1989-1990гг.), «Алматы қаласы тұрғындарының жаңа және дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі» (1990-1991жж.), «Маңғыстау облысының этномәдени үдерістері» (1990-1991жж.), тағы басқа да жобалар. 
Аспирантураны бітіргеннен кейін Аманжол Боранбайұлы  Кеңес Одағы тұсында этнография саласынан ғылыми мамандар даярлайтын Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы КСРО Ғылым академиясының этнография және этникалық антропология институтына келіп, диссертациялық жұмысын қорғауға ұсынады. Аталған ғылыми-зерттеу институты Кеңестік дәуірде дүние жүзіне танымал, атақты этнологтар, антропологтар, археологтар жиналған үлкен ғылыми орда болып саналды. Осы институт қазақ этнографиясының көшбасшылары У.Х.Шәлекенов, Э.Масанов, О.Смағұлов (антрополог),   М.Мұқанов, А.Төлеубаев, С.Әжіғали және т.б. ғалымдарды дайындады. 
Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы КСРО Ғылым академиясының этнография және этникалық 
антропология институтында Аманжол Боранбайұлы 1989 жылы «Ертіс өңірі Павлодар елді мекені ауыл тұрғындарының  бүгінгі мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі»  атты кандидаттық  диссертациясын сәтті қорғады. Диссертациясында  Павлодардағы қала және ауыл тұрғындарына далалық этнографиялық зерттеулер жүргізу нәтижесінде, сол елді мекендердегі тұрғындардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктер туралы мәселелерге терең зерттеулер жасады.  
ҚР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының директоры М.Қозыбаевтың қолдауымен және рухани тәлімгері Д.Дулатованың шақыруымен ол 1993 жылы өзі 5 жыл білім алған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жұмысқа қабылданды.
Профессор А.Қалыштың  ғылымға деген сүйіспеншілігі, ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы тарихи және әлеуметтік этнология ғылымының биікке көтерілуіне өз септігін тигізді. Ғалымның жетекшілігімен 1989-1998 жылдар аралығында Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарына этноәлеуметтік және этнографиялық экспедициялар  жүргізілді. 
Аманжол Боранбайұлы Қалыш 1996-1999 жылдар аралығында  Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Тарих, археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент З.Исабековпен бірлесе отырып «Түркістанның қазіргі кезеңдегі этномәдени үдерісі» атты жобамен айналысып, ол жұмыстары ғылыми еңбек болып жарияланады. 1998-2000 жылдар аралығында халықаралық грант негізінде ҚР  Ғылым Академиясының Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты сапында АҚШ-тың Висконсин университетімен бірге «Орталық Азия мен Қазақстандағы мал шаруашылығы» атты ғылыми  жобаларға қатысты. Бұл жобаны орындау барысында ғалым Ақтөбе (Байғанин, Мұғалжар, Темір аудандары), Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мал шаруашылығы қожалықтарында жүргізілген этносоциологиялық зерттеулерге басшылық жасады. Одан кейінгі жылдары университет докторанты болып, археология және этнология кафедрасының (2003-2005жж.) меңгерушісі, ал, 2007-2010 жылдары Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, қоғам қайраткері Ш.Беркімбаеваның шақыруымен конкурстық негізде Қазақстан тарихы кафедрасының  меңгерушісі болды.
2012 жылдан бері ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен 3 гранттық жобаға – «Қытай Халық Республикасының қазақтары»: тарихи-этнографиялық зерттеулер негізінде, «Приспособления социума к изменениям в культуре: на примере казахов Западного Казахстана середины XIX – начала XX вв.», «Отандық тарихты оқытуды ұйымдастыруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану: бірыңғай интернет ресурстарын Қазақстан тарихы  және «Қазақстандағы тарихи білім орталығы» деген мультимедиалы зертхана құру» деген жобаларға жетекшілік жасап келеді.
Аманжол Боранбайұлы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ғылыми эксперттік тобының мүшесі, ҚР Ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО және ИСЕСКО ісі жөніндегі ұйымдарының мүшесі, Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі, Қазақстан Ұлттық жағрафия қоғамының мүшесі болып табылады.
Көп жылдық шәкірт тәрбиелеу мен ғылыми зерттеулерінің нәтижелері арқасында ол 2012 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Қазақстандағы жоғары оқу орындарының «Үздік оқытушысы» деген құрметті атаққа ие болды.
Оның ғалым ретінде зерттеулерінің ауқымы өте кең. Атап айтсақ, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы, этнодемографиялық үрдісі, қазақ халқының өміріндегі неке және отбасы қатынастары мен ажырасу себептері, қазақ қоғамындағы оралмандардың интеграциясы, көпұлтты Қазақстандағы қазақ және  басқа да этностардың рухани және материалдық мәдениеті тақырыптарын терең зерттеді. Соның нәтижесінде ғалымның 600-ден астам еңбегі, оның ішінде 13 монографиясы, 15 оқулығы мен оқу құралдары жарық көрді.  
Профессор А.Б.Қалыштың «Қазіргі Қазақстандағы отбасылық жанжалдар мен ажырасулар»  (2013ж.) атты монографиялық  еңбегінде әртүрлі деректер және  жақын-алыс шетелдік ғалым-мамандардың осы саладағы арнайы зерттеулеріне сүйене отырып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі проблемалық отбасыларға, ажырасуларға нақты этнологиялық тұрғыдан зерттеу жүргізіп,  сараптама жасаған. Ғалым осы еңбегінде дәстүрлі этнографиялық деректермен қатар этносоциологиялық мәліметтерді де ұтымды қолданған. Зерттеу барысында этносоциологиялық мәліметтермен қатар архив, АХАЖ, халық соты және т.б. статистикалық құжаттарды кеңінен пайдаланған. Еңбекте Оңтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстанның  қазіргі кездегі ауыл халқы мен қала тұрғындарының неке, отбасы, ажырасу мәселелеріне салыстырмалы түрде зерттеу жүргізіп, қала тұрғындары бойынша нақты статистикалық мәліметтер келтіріледі. Сонымен қатар, бұл монография  қазақтар мен басқа да этностық топтардың отбасылық жанжал ерекшеліктеріне және неке ыдырауының негізгі себептеріне, ажырасулардың балалар мен жасөспірімдердің тағдырларына, ықпалына және олардың ажырасқан ата-аналарымен қарым-қатынасына талдаулар жасалған. Ерлі-зайыптылардың ажырасуы отбасы үшін де, қоғам үшін де маңызды әлеуметтік проблема тудыратыны белгілі. Отбасының екіге бөлінуі  ерлі-зайыптыларға, олардың балалары мен туыстарына қиындық тудырады. Ішкі отбасылық ұрыс-керістер күрделі факторлардың жиынтығымен бірге жүріп, көп жағдайда неке – отбасылық қатынастарды түпкілікті жояды. Ғалымның еңбегінде неке – отбасылық жанжалдарды шешу жолдары, балалардың жағдайы егжей-тегжейлі қарастырылып, олардың бұзылған отбасылардағы әлеуметтенуінің күрделі жолына  сипаттама берілген. Шын мәнінде, бұл проблема отандық гуманитарлық ғылымдар тарапынан зерттелмей отырған өзекті тақырыптардың бірі болып саналады. Сондықтан ғалымның еңбегінде қазақтар мен басқа да этностық топтардың отбасылық жанжал ерекшеліктерне және неке ыдырауының негізгі себептеріне талдау жасалып, нақты статистикалық мәліметтер берілген. Зерттеу барысында алынған нәтижелердің қоғам үшін тарихи және қолданбалы маңызы  ерекше болып табылады.
Аманжол Қалыш көптеген шәкірттер тәрбиелеп, өз мектебін қалыптастырған «Құрметті ұстаз». Этнология, этнография және антропология салалары бойынша 8 ғылым кандидатын, он шақты PhD докторантын даярлап,  Қазақстанда этнология ғылымының дамуына лайықты үлес қосуда. 

Г.ҚОЗҒАМБАЕВА, 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.
Б.ИСАБЕК, 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ профессоры.
Пікір қалдырыңыз