«Жұмыссыздық мәселесін тек субсидияланатын жұмыс орындары арқылы түпкілікті шешу мүмкін емес»

Бүгінде мемлекет халықты жұмыспен қамту бағытына ерекше назар аударып отыр. Бұл мәселе тұрғындарының 70 пайыздайы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысы үшін айрықша маңызға ие. Сол себепті облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстың жүйелі әрі сапалы түрде орындалуын өзі бақылап отырады. Осы орайда біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия ТЕМІРБАЕВАМЕН сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Әсия Құралқызы, Түркістан облысында өткен жылы 133 620 жұмыс орны ашылыпты. Оның 93 422-сі тұрақты жұмыс орны екенін айтып отырсыз. Бұл үлкен көрсеткіш ғой. Бірақ, біздің қоғам осындай статистикаға көбіне күмәнмен қарайды.  Бұған не айтасыз? 
– Сіз айтып отырған жұмыс орнының барлығы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында ашылған жұмыс орындары. Бұл картаға, ең алдымен, республика көлемінде жүзеге асырылып келген 9 ұлттық жобаның аясында ашылған жұмыс орындары кірді. Мәселен, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады деп жоспарланған. Сөйтіп, өткен 2023 жылы 29 мектептің құрылысы басталды. Егер жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылысшылар еңбек етпесе, мектеп ғимараттары өздігінен салынбайды ғой. Сол сияқты «Дені сау ұлт. Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» секілді ұлттық жобалардың аясында да өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс аумағындағы қалалар мен ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымы жетілдіріліп, табиғи газ, сапалы электр қуаты, жол, ауыз су мен кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүруде. Жалпы, ұлттық жобалар шеңберінде 432 жоба іске асырылып, 3 651 адам жұмыспен қамтылды. 
Жұмыспен қамту шараларының ішінде ең ауқымдысы – «Еңбек» бағыты. Бұл бағыт аясында әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз азаматтар ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданады. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың барлығы осы бағыт аясында жүзеге асырылып жатыр. 
Қазақстанда жастарға қарағанда егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын екені жасырын емес. Ал, зейнеталды жастағы адамдар жұмыс істеп, жинақтаушы зейнетақы қорына жарнасын аударып отырмаса, күні ертең оның зейнетақысы мардымсыз болып қалады. Сондықтан мемлекет «Күміс жас» жобасын қабылдады. Жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Жобаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Бұл мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Міне, осы жоба аясында 2023 жылы Түркістан облысында 2 103 адам жұмысқа орналасты. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың демографиялық өсімін ескере отырып, соған лайықты тұрақты жұмыс орындарын ашу керектігін айтқан болатын. Президент өңірдегі әр 10 мың тұрғынға шаққанда 100 тұрақты жұмыс орнын ашуды міндеттеді. Осы тапсырманың аясында өткен жылы облыста 32 913 жұмыс орны құрылды. 
Мұның бәрі жергілікті, облыстық, республикалық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен және жеке инвесторлар ашқан кәсіпорындардағы жұмыс орындары екенін ескерген жөн. Бір сөзбен айтқанда, жұмыспен қамту жөніндегі ресми деректерге күмәнмен қарайтындай ешқандай негіз жоқ. Қажет болса қай жұмыс орнының қай ауданда, қай салада ашылып жатқанын тарқатып айтып, негіздеп бере аламыз. 
– Жыл сайын мыңдаған, ондаған мың жұмыс орны ашылып жатса, неге елдегі, өңірдегі жұмыссыздық жойылмайды деген заңды сұрақ туындайды.
– Жұмыссыздық деңгейін есептеу үшін статистикалық органдар облыс халқының экономикалық белсенді бөлігін, еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың санын негізге алады. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар өңірдегі еңбекке қабілетті барлық адамдардың қанша пайызын құрайды? Жұмыссыздық деңгейі соған қарай анықталады. 
Оның үстіне облыстағы еңбек нарығының көрсеткіштері үнемі өзгеріп отыратынын түсінуіміз керек. Бір жағынан зейнетке шыққандар бар, өзге өңірлерге қоныс аударып жатқандар бар, мыңдаған адамдар облыстың еңбек нарығынан шығып кетіп жатса, екінші жағынан мектепті, колледждер мен жоғары оқу орындарын аяқтап, еңбек нарығына келіп қосылып жатады. 2023 жылдың өзінде Түркістан облысында  30 мыңдай оқушының мектеп бітіргенін ескерсек, еңбек нарығына түсетін салмақтың қандай екенін бағамдауға болады. Сондықтан жұмыссыздықтың пайыздық көрсеткіші көп өзгеріске ұшырамағандай болып көрінгенімен, жұмыссыздардың нақты саны өзгеріп тұрады. 
2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құраған болса, 2023 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 пайызды құрады. Бір қарағанда жұмыссыздық деңгейінің бар-жоғы 0,2 пайызға азаюы тым мардымсыз көрсеткіш болып көрінуі мүмкін, бірақ, өңірдегі еңбекке қабілетті адамдардың жалпы саны 1 миллионнан асып кететінін ескерсек, оның 0,2 пайызының өзі үлкен көрсеткіш екенін түсінесіз. Яғни іс жүзінде облыста жұмыссыздардың қатары мыңдаған адамға қысқарып отыр деген сөз.   
– Демек, халықты жұмыспен қамту мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан қазіргі жұмысты жеткілікті деп айтуға бола ма?
– Жұмыссыздық мәселесі, әсіресе, халқы тығыз орналасқан аудандарда әлі де күрделі. Шынын айтқанда, кейбір шалғай ауылдарда мектеп пен емханадан басқа жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорын жоқ. Алыстағы шағын ауылға инвесторлардың да баруы екіталай. Сондықтан ол жерде тұрақты қызмет атқарып, жұртты жұмыспен қамтып отырған бизнес нысандары да аз. Осыны ескеріп, мемлекет әлеуметтік жұмыс орындарын, ақылы негіздегі қоғамдық жұмыс орындарын ашуға мәжбүр болып отыр. Сондай-ақ, жоғарыда айтылған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» секілді жобалар арқылы субсидияланатын жұмыс орындарын ашып жатыр. Мұның барлығы жергілікті тұрғындарға аз да болса қолдау, көмек болсын деген ниетпен қабылданып жатқан шаралар. Әлеуметтік мәні басым мұндай жобаларға,  республикалық, облыстық бюджеттен бөлінетін қаржыға ғана арқа сүйеп отыра берсек, елеулі экономикалық өсімге қол жеткізу, жұмыссыздық мәселесін еңсеру мүмкін емес. Айтайын дегенім, жұмыссыздық азайып, халықтың әл-ауқаты жақсаруы үшін өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм секілді секторларға инвесторлар көптеп тартылып жатыр. Шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалуда. Міне, экономиканың осы секторларының дамуы арқылы облыстағы жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешіле береді. Яғни субсидияланатын жұмыс орындарына қарағанда, жеке кәсіпорындар мен бизнес нысандарында ашылған жұмыс орындарының тұрақты әрі тиімді болып келетінін ұмытпауымыз керек. 
Бүгінде мемлекет азаматтардың өз кәсібін ашуына да қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы біздің басқарма арқылы жаңа бизнес-идеясын дамыту үшін 1 687 адамға грант берілді. Оған қоса 633 жас азаматқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 5 миллион теңгеге дейінгі несиелер берілді. Мұндай қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады. 
– 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатыны туралы айтылып жүр. Бұл өзгеріске облыстың дайындығы қандай?  
– Атаулы әлеуметтік көмектің мақсаты – табысы төмен азаматтарды өмір бойы асырау емес, оларға лайықты жұмыс тауып, аяғынан тік тұрып, тұрмысы түзеліп кеткенге дейін уақытша қолдау көрсету. Иә, егер отбасын асырауы тиіс азаматтар мүгедектігіне, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болса, онда мемлекет мұндай отбасыларға ұдайы қолдау көрсетеді. Ал, дені сау, еңбекке қабілетті адам мемлекеттің көмегіне арқа сүйеп отыра бермей, өз күнін өзі көруге талпынуы тиіс. 
Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін  кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай есептеледі. Яғни отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болса, сол айырмашылық атаулы әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Осылайша 2023 жылы облыста 157,7 мың мүшесі бар 27 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Осы мақсатқа  12 миллиард 133,9 миллион теңге жұмсалды.  
Сіз айтып отырған мәселеге келер болсақ, ол кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай емес, халықтың медианды табысына (халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс кірісі) қарай есептеуді көздейді. Егер отбасының жан басына шаққандағы табысы медианды табыстың 50 пайызына жетпесе, ол отбасыны кедейлік шегінен төмен өмір сүретін отбасы деп қарастырып, оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ұсынылып отыр. Мұндай  ұсыныс қазір орталықта, министрлік деңгейінде талқыланып, түрлі есептеулер жүріп жатыр. Егер ол қабылданып жатса, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері де, оны алатын адамдар да еселеп көбеймек.  Бұл өзгеріс қоғамдағы масылдық көңіл-күйдің қайта өршіп кетуіне түрткі болмай ма деген қаупім бар. Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Жалпы, бұл ұсыныстың қабылданып, қабылданбайтынын нақты айта алмаймын, бірақ, биыл жүзеге аспайтыны анық. 
– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
  
Суретті түсірген Қайсар Шерім.
Пікір қалдырыңыз