Жылдамдық – оның екінші атауы

Автомобиль әлемінде көлікті жасаушылардың аты-жөнін атау ретінде иемденген көптеген бренд бар. Мәселен, Ford, Alfa Romeo, Lamborghini, Ferrari, Bugatti, Citroen, Porsche, Maserati, Bentley, De Tomaso, Renault, Peugeot, Honda, Mazda секілді көлік атауларының артында нақты бір тұлғалар бар. Сондай-ақ, кез келген бренд үшін қалыптасу және дамуы жағынан өте қызықты кезең – негізін қалаушы әлі тірі болған уақыттар болып саналады. Осы ретте біз әйгілі итальяндық бренд – Ferrari туралы сөз қозғамақпыз. Оның ішінде, біздің кейіпкеріміз – ұлы инженер Энцо Ферраридің көзі тірі кезде шығарылған соңғы көлік жайлы айтамыз. Бұл – компанияның қырық жылдығы аталып өткен кезде жарыққа шыққан Ferrari F40 көлігі. 

Сөз басында бірер тарихи дерек келтіре кетейік. Осыдан отыз жеті жыл бұрын, яғни 1987 жылы 21 шілдеде Ferrari F40 Маранеллода таныстырылды. Деректерге сүйенсек, бұл көлікті құрастыру «келе жатқан мерейтой үшін ерекше бір жаңалық жасайық» деген ойдан басталған. Оған екі себеп болыпты. Біріншіден, Энцо Ансельмо Мария Ферраридің өзі 1988 жылы 18 ақпанда тоқсан жасқа келетін еді. Екіншіден, оның компаниясының құрылғанына қырық жыл толатын. Расында, бұл мерейтойлар аталмыш компанияның сол кездегі Porsche немесе Lamborghini сынды бәсекелестеріне жақсы соққы болатын еді. Бірақ, ол үшін Ferrari-дің жаңа моделі бәсекелестердің көліктеріне қарағанда мықтырақ немесе әлемдегі ең жылдам автокөлік болуы керек-тін. 
Осылайша, компания қызметкерлері іске кірісіп, 1984 жылғы Ferrari 288 GTO моделі негізге алынады. Бұл көлік 1984 жылы арнайы ұсыныспен жарыстарға арналып шығарылған және бірнеше жетістікке қол жеткізген. Тіпті, жүздеген данасын өндіру де жоспарланған. Алайда, кейіннен бір жарыста «шабандоздар» қайғылы жағдайға ұшырағандықтан FISA халықаралық автомобиль федерациясы (қазіргі FIA) көліктің В сыныбын жойып, ондаған жарыс көлігін өндірістен шеттетеді. Оның ішінде Ferrari 288 GTO көлігі де бар болатын. Ал, одан кейін нарыққа шығарылған Porsche 959 көлігі осы кластағы ең жылдам автомобиль атағын иемденген. 
Сондықтан Энцо өзінің инженерлеріне әлемдегі ең мықты көлікті жасау міндетін жүктейді. Сәйкесінше, модельдің тұсаукесерінде компанияның маркетинг жөніндегі директоры Джованни Перфетти: «әлемдегі ең мықты көлік осында болуы керек» деген сөзінен кейін «F40 таза өнімділіктен басқа ештеңені қажет етпейтін, нағыз энтузиастарға арналған болады» деп тағы да батыл мәлімдеме жасайды. Айтса  айтқандай-ақ, шынында да көптеген тұтынушы бұл көліктің мақтауын асырған. Айтпақшы, бұл атауды Энцоның досы Джино Ранкати ұсынған екен. Өз кезегінде ол бас менеджер Раселлидің сұрағына: «Ferrari-дің алғашқы көлігі шыққаннан бері қырық жыл өткендіктен және брендтің негізгі нарығы АҚШ болғандықтан, Ferrari Forty атауы жақсы естіледі» деп жауап беріпті. Тиісінше, керемет идеясы үшін ол сыйлық ретінде күміс тақтайша алған. Тарихи тақтайшада «Джино Ранкатиге керемет идеясы үшін» деп жазылған екен. 
Жаңа көлікті құрастырудағы басты мақсат – максималды жылдамдыққа қол жеткізу болғандықтан, даму үрдісі қозғалтқыштың қуаты емес, аэродинамика және салмақ жағынан басталған. Сонымен қатар, инженерлер мен дизайнерлер 288 GTO EVOLUZIONE көлігінің жүргізушісіне негізделген ыңғайлы кеңістікті қайта ұсынған. Салмақты азайту үшін кевлар, көміртек және алюминий – кеңістіктік жақтауының дизайнында кеңінен қолданылды. 
Бұл – сол кездегі нағыз технологиялық жаңалық болатын. Алдыңғы және бүйірлік әйнектер плексигластан жасалса, интерьерге қосымша бөлшектерді мүлдем қоймау шешімі қабылданған. Шанағы жоғары жылдамдықта сенімді тұрақтылық пен максималды оңтайландыруды қамтамасыз ететіндей боялған. Фронтальді қарсылық коэффициенті бәрі 0,34 болыпты. Бұл кең шанақ пен үлкен қанат үшін өте жақсы көрсеткіш еді. Ал, жаңалықтың көкесі көліктің қозғалтқышы болатын. Дәлірек айтсақ, жапондық IHI өндірушісінің жоғары қысымды, қос турбокомпрессорының арқасында V-тәрізді 478 ат күшіне тең қозғалтқыш дамытылып, айналым минутына 7000-ға дейін көтерілді. Машинаның салмағы 1100 келі болды, яғни Формула-1-ге оралған «ғарыштық» технологиялар бұл жағдайда да пайдасын тигізген. Қорыта айтқанда, мұның барлығы жылдамдық және жеңіс үшін жасалған қадамдар еді. 
Нәтижесінде F40 көлігінің тұсаукесерінде оны жасаушылар сенімді түрде Ferrari-ді «әлемдегі ең жылдам автомобиль» деп атай алады. Өйткені, дәл осы модель сағатына 320 шақырым жылдамдықты еңсерген. Тиісінше бұл сол жылдардағы сериялық жол көліктері үшін қол жетпейтін, тіпті миға сыймайтын көрсеткіш болатын. 
Ferrari бастапқыда бұл көлікті 400 000 долларға бағалайды. Бірақ, ол кезде мұндай бағаға сатылатын көлік жоқ еді. Десе де, қымбат бағасына қарамастан F40-қа деген сұраныс арта түсіп, о бастағы 400 дана шығару жоспарынан да асып түскен. Нақтырақ айтсақ, компания дәл осындай 1315 көлік жасап 
сатқан. 
Осылайша, бұл көлік мерейтойға арналған керемет сыйлық қана емес, Энцоның барлық жағынан сәтті жобасы болды. Жалпы, бұл көліктің шығуы сәтті, тарихы табысты болған. Ал, Энцо Феррари 1988 жылы 14 тамызда, яғни F40 моделінің тұсаукесерінен кейін бір жыл өткен соң өмірден өткен.
Пікір қалдырыңыз