Адам емес адамдар, маман емес мамандар... елдің соры


 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

Ұят-аяттың бәсі кеміп тұрған бүгінгідей заманда адамдар анау-мынауға намыстанбайтын болды. Былай қарасаңыз, қызметтен кету бүгінде анау айтқандай ұялатын нәрсе емес, бірақ өзінің негізсіз жұмыстан кеткеніне намыстанып, ұяттан жерге кіріп кете жаздап жүрген байырғы ұстазды көргенде кәдімгідей ойланып қалдық. Бұл – жақсылықтың нышаны! Ұялатын жерде ұялмай, қызаратын жерде қызармай жүрген кейбір «ұстаздардың» кесірінен емес пе, бүгінде әлеуметтік желі «белсенді мұғалімдердің» аузына келгенді айтатын, өзара есеп айырысатын алаңына айналып кеткені... Ал, мына кісі...

Жә, бұл бөлек әңгіме.

Қатты айтса қарындасының көңілі қалатын, ақырын айтса ақысы кетіп бара жатқан апайдың айтқанынан ұққанымыз, саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, оның он бес жылында басшылық қызмет атқарған, онда да ұжымын тек жақсы жағынан көрсете білген. Білікті басшы, тәжірибелі педагог зейнет жасына үш жыл қалғанда өзінің баласындай басшыларға «жақпай» қалған көрінеді.

«Өлімнен ұят күшті екенін соңғы кездері анық сезіне бастадым. Алғашқыда сәл сабыр сақтайын, бәрі дұрысталатын шығар деп күттім. Баяғыда біреу «Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейім деген асым ба еді» деген екен. Мен де қырық жылдан астам білім саласында жұмыс істеп, оның он бес жылында мектепте басшылық ете жүріп, зейнет жасқа жақындағанда жұмыссыз қаламын деп еш ойламаған едім. Мүлдем жұмыссыз жүрмін десем, күпірлік болар. Бірақ мені мазақ еткендей әрі біреулер сұрап қалса «апайды жұмыссыз қалдырған жоқпыз» деп айтуға ыңғайлы болуы үшін маған кітапханадан жұмыс берді. «Жасы алпысқа таяғанда жиырма шақырым жердегі мектеп кітапханасындағы жұмысына барып-келіп жүріп-ақ өзі бір жақты болар» деп ойлаған шығар. Әлде 80-85 мың теңге айлығы жолынан артылмасын деді ме, жасы баламмен қатар басшылар мені осылай әуре-сарсаңға салып қойды. Оған да көнер едім, көзтаныс кісілер кездесе қалса «мұншалықты қорлайтындай не жазып қойып едіңіз» дегендей мүсіркей қарайды» дейді кешегі директор, бүгінгі мектеп кітапханашысының көмекшісі Оразкүл Сопибекова.  

Рас, қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Егер шын мәнінде аудандағы  мектептерде өзінің еңбек өтіліне, біліктілігіне, тәжірибесіне лайық орын болмаса түсінер едік. Тіпті болмағанда мектеп директорының орынбасарлығына ұсынса да қуана келісетінін айтқанда бізді де түрлі сұрақтар мазалай бастады. Алдымен мәселенің мән-жайына тереңірек қанығу үшін мұның бәрі о баста қалай басталғанын сұрадық.

«Мен 43 жылдық еңбек өтілі бар жоғары білімді мұғаліммін. Педагог-шебер, басшы менеджер санатым бар. Он бес жыл мектеп басшысы лауазымында еңбек еттім. 2019 жылдан №73 ЖОББМ-інде мектеп директоры лауазымында қызмет атқарып келе жатқан едім, 2023 жылы ақпан айында Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің кадр жөніндегі инспекторы, бас маман Айбек Тұрсынбаев кабинетіне шақырып алып: «Сіздің төрт жылдық мерзіміңіз аяқталды, мына бұйрыққа қол қойыңыз. Енді мектеп директорының міндетін атқарушы боласыз, кейін өзіңіз жұмыс істеп жатқан мектебіңізге конкурс арқылы қайта келесіз, тездетіп тесттен өтіп алыңыз» деген болатын. Сонымен ақпан, наурыз айларында сол мектепте сегіз сағат жүктемемен мектеп директорының міндетін атқарушы болып қызмет атқарып жүре бердім. Арасында уақыт тауып тесттен өтіп келдім. Өздерінің келісімі бойынша білім бөлімінің басшысы директор етіп бекітуі керек еді. Мен де мазалай бермейін деп күтіп жүрдім. Бір күні аяқ астынан, яғни 2023 жылдың сәуір айында біздің мектепке Алыбай батыр атындағы ЖОББМ-нің директоры Оразхан Жүнісовті ауысу тәртібімен әкеліп тағайындап кетті. Бір ауданда жұмыс істеп жүрген соң кімнің кім екенін жақсы білеміз, Оразхан Жүнісовтің бұған дейін қалай жұмыс істегені ұзынқұлақтан естіліп жатты. Оны естіген ұжымның белсенді мүшелері «бізді неге басынады, ең құрығанда ұжыммен санаспай ма?» деп реніштерін білдіргенін де талай естідім. Жарайды, олардың да бір ойлағаны бар шығар дедім де қойдым. Бірақ бар уақытымды білім саласының өркендеуіне, ұжымның айрандай ұйып, нағыз педогогикалық ұжым деген атқа лайық болуына аянбай еңбек еткен мені сыртқа лақтырып тастайды деп ойламаппын. «Сабыр түбі сары алтын» дегендей, одан бері өткен жарты жылдан бері әлі де үмітімді үзбей келемін. «Бәлкім басшыларға барып түсіндірсем бәрі дұрыс болатын шығар» деген әрекетімнен де нәтиже болмады. Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налып, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Дәулет Ақатовқа кірдім. Зейнеткерлік жасқа үш жыл қалғанда ойламаған жерден «далада» қалғанымды айттым. Бәрін біледі екен, еңбегімді жоғары бағалайтынын да айтты. Сендім. Сол сенім тағы жарты жыл шыдауға себеп болды. Ақыры оңбай алданғанымды түсіндім. Содан облыстық білім басқармасының басшысына бардым. Обалы не керек, бұл «масқараны» аяқсыз қалдыруға болмайтынын айтып, тіпті менің көзімше Сарыағаштағы басшыларыма қоңырау шалып, жедел тапсырма берді. Қуанып қалдым. Бірақ бұл қуанышым да ұзақа созылмады. Аудандағы білім бөлімінің басшысы облыстағы өз басшысын тыңдамайды екен. Тыңдамағаны былай тұрсын, әділдік іздеп алдына барғаным үшін мен де «кінәлі» болып қалдым. Содан бері маған да «біртүрлі» көзқарас қалыптасты. Баяғыда бір мүсәпір «Ақырын айтсам ақым кетіп барады, қатты айтсам қарындастың көңілі қалады» деген екен. Шарасыздық қой. Сол жағдай менің де басыма келді. Үндемей жүре берейін десем, енді аз уақытта зейнет жасына жетіп, қырық жыл бойғы еңбегім «күйіп» кететін түрі бар. Әрі әділетсіздікке, заңсыздыққа төзбейтін «жаман» әдетім бар. Егер біліп тұрып бассыздыққа қарсы тұра алмасам, онда білмегендер, қарапайым адамдар табан астында тапталып қала береді екен да».

Апай бұл жазбасынан кейін жұмысқа тұру мүмкіндігі одан бетер қиындай түсетінін сезіп отыр. Бірақ, солай болады екен деп ойына келгенін істейтін «шынжыр балақ, шұбар төстердің» ығына жығылып, сыбайластыққа бара алмайтынын да жасырмады. «Мен сияқты жұмысына адал, өз мамандығын жетік меңгерген қызметкерлер әркімнен қорлық көріп жүре берсін демесе, онда бір амалын жасайтын шығар» деді.

Жасыратыны жоқ, бұл сөз бізді де қамшылап өткендей болды. Әрі «соңғы кезде құдды кінәлі адам сияқты елдің алдына шығуға да ұялатын болдым. Кімнің кім екенін, мәселенің қалай өрбігенін жеткізіп жазуға қабілеттеріңіз жетеді ғой, тіпті жұмыссыз қалып кетсем де әділдігін жазыңыздаршы» деген соң, амал жоқ, жолға жиналдық.

Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Дәулет Ақатовқа жолықтық. «Апайдың еңбегін жоққа шығармаймын. Осындағы қызметкерлерді қалай құрметтесем, бұл кісіні де солай құрметтеймін» деген басшы, қанша дегенмен сұңғыла емес пе, «жақсы маманға сегіз айдан бері неге лайықты жұмыс табылмайды» деген сияқты сауалды айтқызбай-ақ ұғып, жауап берді. «Мен келісім-шартпен басшылық жасап жүрген директорлардың бәрін босаттым. Кейін конкурс арқылы орындарына қайтып келді. Кейбір басшыларды ауысу тәртібімен орналастырдық». Осы кезде сөзге араласқан Оразкүл Сопибекова: «Менімен бірге жұмыстан босатылған үш директор да орындарына қайтып барды. Сіздердің айтуларыңыз бойынша тесттен өтіп, конкурсқа дайындалып жүргенімде басқа басшыны әкеліп тағайындадыңыздар. Жарайды, мені анам әу баста тек басшы болсын деп туған жоқ, директор болған жылдарымда өзіме лайық қызмет атқардым, артымнан жаман сөз ерткен жоқпын. Мен үшін қызметтің үлкен-кішісі жоқ, тек ұзақ жылғы еңбегімді ескеріп, ең болмағанда «завуч» етуге болатын шығар? Аудандағы мектептерде жиырмаға жуық бос орын бар екен» деді.

Білім бөлімінің басшысы мектептердің кадрлық саясатына араласа алмайтынын, оны өз басшылары шешетінін айтып, өзінің тек заң аясында ғана жұмыс істейтінін айтты. Әрине, Ата Заңға бәріміз де мойынсұнамыз. Бірақ біздің Конституцияда «Өз қызметін мінсіз атқарған басшы зейнет жасына жақындағанда жұмыссыз қалсын, жасы алпыстан асқанда әділдік іздеп әр есіктен сығалап жүрсін» деген де сөз жоқ. Алайда, сіз бұл сөзіңіз арқылы Ата Заңның да абыройына нұқсан келтіріп отырсыз ғой» дегенді «тек заң аясында жұмыс істейтін» басшыға айтып үлгере алмай қалдық.  

Мүмкін емес. Әділдік айтылуы тиіс. Көп балалы ана, басшы-менеджерлік санаттағы мұғалім ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көретін тұста, зейнет жасына екі-үш жыл қалғанда бұлай «қаңғырып» көшеде жүрмеуі керек. Осы ойлар бізді аудан прокурорының алдынан бір-ақ шығарды. «Мүмкін емес, – деді бас прокурор Жаннұр Асқарбекұлы арызбен танысқан соң. – Конкурс өткізудің де өз тәртібі бар. Біз мұны тексереміз, сізге қосымша хабарланады».

Иә, әр елдің өзіне лайық басшысы болады. Мақтаулы маманды керек етпейтін ауданның әкімі қандай екен, бұл мәселеге байланысты нендей пікір айтады екен деген оймен аудандағы «ақ үйге» бардық. Әлдебір шаруаларымен ауылдарды аралап кеткен әкім бұл мәселенің өзектілігін сезсе керек, жұмыстан кейін болса да қабылдайтынын жеткізді. Арызданушыны мұқият тыңдаған соң: «Қазір білім беру саласындағы жұмыстарды қадағалау тікелей облыстық басқармаға берілгенін білесіздер. Бірақ солай екен деп қарап отыруға тағы болмайды. Біз өз құзіретіміз шеңберінде жұмыс істейміз. Бір анық нәрсе, егер айтып отырғандарыңыз рас болса, біз мұны жайдан жай қалдырмаймыз. Өйткені біздің мемлекетте еңбек лайықты бағалануы керек. Еңбек даулары едел-жедел шешілуі тиіс. Қазір жұмыс уақыты емес, сол үшін екінші тарапты тыңдап, ертең жауап берейін» деді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.

Өмір болған соң адамдардың бір-біріне жұмысы түспей тұрмайды. Ондайда әркім өзінің қызметтік міндеті аясында жұмыс істейтіні де жасырын емес. Дегенмен, мәселеге ең алдымен адами тұрғыдан қарап, одан кейін нағыз маманға тән мінезбен зерделесе, әділдік іздеп алас ұратындар да, жалалы болып жылап жүретіндер де азаяр ма еді деген ой келеді. Маман емес мамандар басшылыққа келсе, ол қол астындағы қызметкерлердің соры. Өйткені ол «өз» саласын білмейді, білгеннің тілін алмайды. Ал, адам емес адамдардың қолына билік тисе, адам айтса нанғысыз қиянаттарға барады.

Жұмыссыз қалғанына намыстанып, жылап жүрген анаға «сіздің әлі де адамдарға жұмысыңыз түсіп тұр, егер адам емес адамдарға жұмысыңыз түссе қайтер едіңіз» деп жұбатқан болдық.

Шынында да қай қайсысымызды да адам емес адамдардан, маман емес мамандардан сақтасын...           

Пікір қалдырыңыз