Ұқсата білгеннің ұтары көп
Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Осыдан біраз жыл бұрын кәсіптік білім беретін оқу орындары сенімгерлік басқаруға беріле бастағанда оның болашағына күмәнмен қарағандар аз болмады. Себебі, бұған дейін жекеге өткен өндіріс орындары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен соң, тәп-тәуір дүние тағы да талан-таражға түсіп кете ме деген қауіп болды. Бірақ, бәрі де ниетке байланысты екен. Ұқсата білгеннің ұтары көп болатынын ойлаған сенімгерлік басқаруға алған мекемелер аз уақытта арнаулы оқу орындарының тасын өрге қарай жылжыта бастады. Біз бұған Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжіне барғанымызда толық көз жеткіздік.
Балықтың да түр-түрі бар
Аталған колледждің оқу-өндірістік базасына барғанымызда қарсы беттегі қабырғадағы жазу көзімізге оттай басылды. «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал, өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң, үйренемін» деген Конфуцийдің сөзі көптеген ойларға жетеледі. Иә, айтса айтқандай, теорияны практикамен сәтті ұштастыра білгендер ғана ұтады. Біздің бұл ойымызды айтқызбай-ақ ұққан колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы бойынша орынбасары Асылбек Асқар сөзін былай сабақтады: «Біздің мақсатымыз заман талабына сай маман даярлау болғандықтан, осы мақсаттың үдесінен шығу үшін оқу-өндірістік базамызды барынша жетілдіре түстік. Мұндағы бес жарым гектар жерді ұтымды пайдаланудамыз. Бір гектарына жүзім, бір гектарына қарқынды алма бауын ектік. Мұнда алманың үш сорты өсіріледі. Білім алушылар баудағы жеміс-жидекті өздері өсіріп, күнделікті күтім жасайды. Соңғы кездері елімізде жылыжай жұмысы жандана бастады. Оған лайық маман керек. Қазір жылыжайдағы жұмыстар толық автоматтандырылған. Жас маман жаңа құрылғылармен жұмыс істеп үйрену үшін біз де жаңа құрылғылар орнаттық. Бұрын жылыжайдың биіктігі екі жарым метр еді, қазір тағы бір жарым метрге ұзартып, жалпы биіктігін төрт метрге жеткіздік. Ауа райына қарай желдеткіш жұмыстары, тамшылатып суару әдістері, тіпті, дер кезінде берілуі тиіс тыңайтқыштары да «ақылды» құрылғылар арқылы басқарылады. Осында жүріп, оның тілін жетік меңгерген мамандар қашан да сұранысқа ие» деген Асылбек Жұмабайұлы бізге базаның ішін аралап көрсетті. Анадайдағы үлкен бастырманың астында ішіне су толтырылған бес-алты бассейн тұр. Арнайы мамандар қолдан жасалған тоғандардағы кішкентай шабақтарға жем шашып, күтім жасап жүр. «Біз келесі жылдан бастап балық шаруашылығы мамандарын даярлауды қолға алмақпыз. Өйткені, осы мамандыққа сұраныс көп. Келесі оқу жылында үміткерлер келгенде біздің базамыз дайын тұруы үшін осы тоғандарды орнаттық. Польшадан жүз мың уылдырық алдырдық. Оны өзіміздегі инкубаторларда өндіріп, арнайы тоғандарға саламыз. Мұнда фарель, жайын, сазан, бекіре балықтары өсірілуде. Әр балық түрінің өз табиғатына сай терең, таяз тоғандары болуы тиіс. Айталық, сазан терең суды керек етсе, жайын керісінше таяз, лайқа суды тәуір көреді» дейді ол.
Иә, бүгінгі нарықта балық өнімдеріне сұраныс жоғары. Бәлкім, балық шаруашылығын жолға қою арқылы әрі оқушыларға үйретіп, әрі табыс табуға да болатын шығар? Біздің бұл сұрағымызға Асекең: «Біздің негізгі мақсатымыз білім алушыларға үйрету болғандықтан, осы жағына басымдық береміз. Егер табыс табуды көздесек, бұл жерге көлденең адамды кіргізбес едік. Өйткені, балық өсіру сырт көзді ұната бермейді. Ал, бізде үйренуші жастар кіріп-шыға берген соң балықтардың өсуі де баяулайды екен.
Біздің құс шаруашылығына баулитын базамыз да бар. Сонда байқағанымыз, бөтен адамдар кіріп-шыққан соң тауықтар «тұмауратып» қалады. Яғни одан кейін міндетті түрде дәріленуі тиіс. Бүгінде бұл саланы оқып жүрген студенттер тауықтарға ине егуді де үйреніп алды. Құстарды жеммен қамтамасыз ету үшін жүгері, бидайды өзімізде өсіреміз. Осылайша оқушылар жем дайындау жұмыстарына да машықтанып жүр. Өсімдіктерді зерттеу орталығын да іске қостық. Шығынды барынша азайтып, табысты молайту мақсатында өзіміз тұтынатын сабынды да өзіміз өндіреміз» деп жауап берді.
Колледжді сенімгерлік басқаруға алған «DALA-FRUІT.KZ» ЖШС-і өңірдегі жұмыс берушілердің және елдегі жиі орын алып жатқан төтенше жағдайлар мен өрт апаттарын ескере отырып, өңірде жоқ «Өрт қауіпсіздігі» және «Төтенше жағдайда қорғау» мамандықтарын ашқан екен. Болашақ өрт сөндірушілер арнайы техниканы басқарып үйренуі үшін өрт сөндіру көлігі де алынған. «Төтенше жағдайда қорғау» мамандары да тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етіліп, тіпті оқу құралдарына дейін өздері шығарған. Осылайша сенімгерлік басқаруға алған серіктестік тек өздеріне керек мамандарды ғана даярлап қоймай, жалпы бүгінгі қоғамға қажет мамандықтарды да қамтып отыр. Бұрындары кейбір оқу орындары даярлаған мамандар теориялық тұрғыдан білім алғанымен, онысын іс жүзінде ұштастыра алмай, жас мамандарды өндіріс орындары қасына мықты маманды қосып беріп, қайта «оқытуға» мәжбүр болып жататын. Енді диплом алғанда қолынан іс келетін дайын маман болып шыққан жастарды қайта оқытудың қажеті жоқ.
Иә, жасыратыны жоқ, кейбір оқу орындары оқу жылының басында талапкерді студент ретінде тіркеп қояды да, екі-үш жыл өткен соң қолына қатырма қағазын беріп шығарып салады. Ондай «мамандар» жұмысты жарытпаған соң, зардабын екі жақ – жас маманмен бірге жұмыс беруші де тартады. Осылайша орта арнаулы білім беретін оқу орындары көп болғанымен, оның даярлап шығарған мамандарға сұраныс болмайды. Сайып келгенде, бұл жұмыссыздардың санын арттыра түседі. Яғни саны бар да сапасы жоқ мамандардың көптігінен қоғам зардап шегіп жатады. Міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін арнаулы білім беретін оқу орындарында жаңа реформа қолға алынып, ол іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсете бастады.
Оқу ғимараты жаңарып қалды
Оқу-өндірістік базасынан кейін біз колледждің оқу ғимаратын аралап көрдік. Есіктен кіргеннен-ақ колледждің жаңа оқу жылына үлкен жаңашылдықпен келгенін аңғаруға болады. Ғимараттың үш қабаты түгелімен күрделі жөндеуден өтіп, әрбір қабаты тақырыпқа сай стендтермен жасақталып, безендіру жұмыстары жүргізілген екен. «Студент өзінің оқу орнымен мақтануы керек. Мақтануы үшін оқу орны соған лайық болуы керек емес пе? Осыны ойлаған біздер сенімгерлік басқаруға алған серіктестіктің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік» деді колледж директоры Наржан Әліпбеков.
Екінші қабаттағы әсем безендірілген мұражай анадайдан көзге түседі. Оқу корпустарының макетін жасап, ішіне жарықшамдар орнатып қойған екен. «Көбіне мұражай қуыстағы бір бөлмеде орналасады. Оны арнайылап іздеп бармаса көп адам көре бермейді. Біз мұражайды кіреберістен аштық. Себебі, ары-бері өткен көпшіліктің көзіне бірден түссе дейміз, сонда жастардың бойында өз оқу орындарына деген құрметі оянады. Сонымен бірге ол жастарды әдемілікке, тазалыққа тәрбиелейді. Көп ізденіспен жасалған мұражай колледж ұстаздары мен оның ізденімпаз, еңбекқор, елгезек студенттерінің еңбегін паш етеді» деді директор.
Мұражайда оқу орнының құрылғаннан бүгінгі күнге дейінгі тарихы жасақталған. Колледждің оқу әдістемелік құрылымы мен оқытылатын мамандықтар жайында толық мағлұматтар беріліп, жаңа ақпараттармен қамтамасыз етілген.
Келесі стенд «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» арналған екен. Еліміздің басты құндылығы тәрбиелі, білімді ұрпақ десек, соларды тәрбиелеуде бұл бастаманың да берері зор. Сонымен қатар колледжде оқытылатын мамандықтар, білім беру бағдарламасының мақсаты мен құзыреттері көрсетілген стенд те көрнекі жерден орын алыпты. Оқу ғимаратының үшінші қабатын безендіру студенттердің өздеріне қалдырылғандықтан ұшқыр қиялдан туған әсем көріністер мұнда да көздің жауын алады. «Жарқын болашақтың бейнесі – жастар» атауымен жасақталған көрнекіліктерде қазақ халқының ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек» деген ұлағатты сөзі жазылған. «Жастар еліміздің болашағы десек, кәсіптік білім беретін колледжімізде жастардың атқарып жатқан істерін дәріптеу, одан әрі жетілдіру біздің негізгі мақсатымыз болып қала береді. Қазіргі ақпараттық, цифрлы заманда жастар бір-бірімен араласып, тығыз байланыс орната да білу керек. Оқуға құштар колледж жобасы аясында оқулықтар мен көркем әдебиеттердің QR коды жасалынды. Сол QR код арқылы кітаптарды оқи береді. Мұнда интернет желісі де жақсы жұмыс істейді» дейді оқу орнының жаңашыл басшысы.
Ұлтжандылық та ұмыт қалмаған
Мұнда орман шаруашылығы мамандықтарына да орын берілген. Тұқымбақтарда көшет өсіру, суландыру, орманды өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғаудан бастап, саңырауқұлақ, ағаш шырынын жинау жұмыстарының ұңғыл-шұңғылына дейін жазылған. Ал, оқу ғимаратының төртінші қабаты «Ұлттық құндылықтар – асыл мұрамыз» атауымен енді жасақталып жатыр екен. «Біз жастарға ізденуге, түрлі ұсыныстар айтуына мүмкіндік жасап отырмыз. Ұтқыр жобалар осында орналастырылатын болады. Әр көрнекіліктің өзіндік айтар ойы болуы тиіс» деген директор сөз реті келгенде колледждің оқу бағдарламасымен де таныстырып өтті. «Бүгінде колледжде студенттер
16 мамандық бойынша білім алады. Олардың қатарында «Ветеринария», «Агрономия», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Сүт және сүт өнімдерін өңдеу», «Жемістер мен көкөністерді сақтау және қайта өңдеу» сынды ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар бар. Мұнан өзге «Орман шаруашылығы», «Электр жабдықтары», «Электрмен қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары, тағам өндірісі бойынша «Нан пісіру, макарон және кондитер өнімі», «Тағам өндірісінің технологиясы», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бар. 2021-2022 оқу жылында еліміздегі барлық колледждерге академиялық дербестік берілгені белгілі. Бұл білім беру бағдарламаларын еңбек нарығына сәйкестендіруге, жаңа технологиялар негізінде жабдықталған өндірісте студенттер практикасын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Мұндағы мақсат – еңбек нарығының талабына сай мамандар даярлау. Осыған орай оқу мазмұнының практикамен тығыз байланыстылығын, теориялық білімдерін өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік беретін икемді білім беру бағдарламалары әзірленді. Болашақ мамандар өз ісінің нағыз білгірі болуы үшін теория мен қатар практиканың да маңызы зор екені ескеріліп, осы жағына басымдық беріп келеміз. Академиялық дербестік бойынша колледж жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларын, оның ішінде оқыту мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындауға мүмкіндік алып отыр».
Академиялық ұтқырлық
Халықаралық стандартқа сай техникалық және кәсіптік білімнің сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті ету мақсатында сенімгерлік басқаруға алған мекеме шетелдік компаниялармен халықаралық ынтымақтастық бойынша жұмыс істеп келеді. Соның ішінде Түркия елімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бұл біздің жастарға шетелдің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік береді. Биылғы жылы бірінші академиялық кезеңге 25 білім алушыны өндірістік тәжірибеден өткізу үшін Түркия еліне жолдама бергенін де айта кетейік.
Әрине, көпшілік болған соң, қоғамда сенімгерлік басқару жайлы әртүрлі пікірлер айтылып жататыны заңдылық. Бірақ, ұшқары пікір айтатындар жаңа бастаманың елді білікті кадрлармен қамтамасыз етудегі тиімділігін, инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізудегі жаңашылдықтарын ескере бермейді. Инновациялық жобалардың игілігін айтар болсақ, «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің негізін қалаушы Болатбек Нәжіметдинұлының басшылығындағы Түркістан жоғары аграрлық колледжі 2022 жылдан бері ауыл шаруашылығына қатысты инновациялық жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Колледж ғалымдары облыс әкімдігі жариялаған жобаларға қатысып, бірнеше рет грант ұтып алды. Айталық, 2022 жылы серіктестік облыста түйежоңышқаны өсірудің үнемдеу технологиясын үйрететін инновациялық жобаны жүзеге асырса, 2023 жылы сол түйежоңышқаның репродукциялық тұқымдарын өндіруді енгізуге арналған тың жобаларды іске қосты.
Жоба аясында колледж ғалымдары Түркістан облысының Ордабасы, Отырар, Арыс, Шардара, Сауран аудандарының тұзданған егістік алқаптарын қайта қалпына келтірудегі тиімділіктерін көрсетті. Атап айтқанда, аталған аудандағы шаруалар мен фермерлерге жерді тиімді пайдалану, түйежоңышқаның малға азық болатынын, сонымен қатар тұздану салдарынан егістік айналымынан шығып жатқан жерлердің қайта қалпына келуіне, топырақтың құнарлылығын арттырудағы маңызы зор екені іс жүзінде көрсету мақсатында колледж базасында бірнеше рет семинар-кеңес өткізілді. Нәтижесінде колледж педагогтері жоба аясында қосымша жалақы алса, колледжге құны 40 миллионға жуық сомаға Түркиядан алынған Sakalak маркалы AN ZAK 28 модельді тікелей себілетін астық сепкіш (No-Till 3,6), MOSH AGRI маркалы аспалы дала бүріккіші, әуе-торлы сепаратор 527 К, шөп шабу машинасы КРН-2,1, СК-300 скарификаторы техникалары алынды. Сонымен қатар жобадан түскен 14 млн. теңге есебінен колледждің 8 сотық жылыжай кешені өткен жылы заман талабына сай автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталып, биіктігі 4,5 метрге дейін көтеріліп қайта реконструкциядан өткенін айттық.
Жыл басында білім алушыларға арналған «Бизнес-инкубатор» орталығы құрылды. Оған жауапты болып «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының экономика және кәсіпкерлік қызмет негіздерінің оқытушысы Сапарбай Тағаев бекітіліп, 2023-2024 оқу жылына арналған жұмыс жоспары дайындалды.
Міне, осылайша біз білім алушы жастардың тек сабақ оқып қана қоймай, сонымен бірге тәжірибеден де өтіп жүргеніне көз жеткіздік. Мұның тиімділігі сол – әр істі ұңғыл-шұңғылына дейін үйреніп, өз ісінің нағыз білгірі болатын жас мамандарға қашан да сұраныс жоғары. Иә, кәсіптік білім беретін оқу орнын сенімгерлік басқаруға алып, оның үдесінен шығып жүрген серіктестіктің қай қырынан алғанда да ұтары көп.
Президент келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атағаны белгілі. Сонымен бірге техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне реформа қажет екеніне тоқталды. Бұл ретте аталмыш колледждің тәжірибесін үлгі етуге әбден болады деп ойлаймыз.