Пробация – жазалаушы емес, тәрбиелеуші орган

Тағдыр тәлкегімен темір торға түскен азаматтардың бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс тауып, жаңа өмірге бейімделіп кетуі қиын. Қоғамға сіңісіп кете алмағандарға өмір сүрудің ең оңай жолы қайтадан түрмеге түсу сияқты әсер қалдыратыны да бар. Жазасын өтеп шыққандардың бәрі бірдей қоғамнан өз орнын таба алады ма? Бұл ретте пробация қызметінің үлесі қандай? Біз осы және өзге де жайттарға орай облыс прокурорының бірінші орынбасары, аға әділет кеңесшісі Данияр СЫЗДЫҚОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Данияр Нұрділләұлы, Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің дерегінше, жыл сайын шамамен 10 мыңға жуық адам бостандыққа шығады екен. Осы орайда сұрайын дегенім, оларды қарсы алуға бүгінгі қоғам әзір ме?
– Кез келген адамның түрмеде өткен өмірі оның болашағына кедергі болмауы тиіс. Жалпы, біздегі әрбір түзету мекемелері жазасын өтеуші әр азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағдарлама жасайды. Онда нақты көмек түрлері көрсетіледі. Тәрбие жұмысымен қатар, оның құқықтары мен міндеттемелері түсіндіріліп, бостандыққа шыққаннан кейін қайда тұратыны, қайда жұмыс істейтіні, туыстарымен қарым-қатынасы, сондай-ақ, әлеуметтік қажеттіліктері сұралады. Осы мәліметтер әкімдіктерге, полиция мен пробация қызметтеріне жіберіледі.
Қазір пробация қызметі бойынша сотталған адамдарды өмірге бейімдеуге арналған бірқатар бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Ондағы талап бойынша пробация есебінде тұрғандарға жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру секілді қолдау көрсетіледі. Қазақстан – пробациялық жүйені ТМД және Орта Азия елдері ішінде бірінші болып қабылдаған ел. Елімізде пробация ұйымы алғаш рет 2012 жылы қолданыла бастады. Ал, 2016 жылы «Пробация туралы» заң қабылданып, оның әлеуеті мен өзектілігі арта түсті.
Жыл басынан бері облыс бойынша пробация қызметінің бақылауынан 4 мыңнан аса сотталған азамат өтті. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасына сәйкес, оларға жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы кәсіп ашу, мамандық игеру, жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіледі. Кейбірінің отбасы болса, енді бірінің ешкімі болмауы мүмкін немесе жақындары теріс айналатын жағдайлар да жиі кездесіп жатады. Сондықтан сотталушы түрмеден босатылар алдында пробация қызметкерлері олардың тұрғылықты мекенжайын тексеріп, отбасы мүшелерімен сұхбат жүргізеді. Босатылғаннан кейін де оның мекенжайы мен жұмыс немесе оқу орнын тұрақты түрде тексеріп отырады.
– Әдетте, сотталғандардың қалыпты өмір сүріп кететініне көпшілік күдікпен қарайды. «Адам болмайды» деп сырттай кесіп-пішіп жататындары да бар. Сол әрекетіміз арқылы оларды қоғамнан мүлде алыстатып жіберіп жатқан жоқпыз ба? Бұл жерде ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған қандықол қылмыскерлерді емес, абайсызда жаза басқандарды меңзеп отырмыз.
– Біздіңше, оларды мұндай түсініктен тек еңбек қана арылта алады. Алайда, еңбек ету адамның конституциялық құқығы болғандықтан, пробация қызметі оларды жұмыс істеуге міндеттей алмайды. Оның үстіне, темір тордың арғы жағынан шыққан адамға дайын тұрған жұмыс жоқ екені тағы белгілі. Қазір тәжірибелі мамандардың өзі жұмыс таппай жүр. Яғни жұмыс бершілердің көбі сотталғандарды жұмысқа алмайды. Бірақ, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бүгінде еңбек етемін деген адамға мемлекет те, жергілікті әкімдіктер де барынша қол ұшын созуда. Олардың кәсіп меңгеруіне, жұмыспен қамтылуына, сондай-ақ, жәрдемақы, медициналық және өзге де қызметтерді алуына барлық жағдай жасалған. Тек ниет болса жетіп жатыр. Мысалы, Кентау қалалық пробация қызметінің бақылауындағы А.К. есімді азамат наубайхана ашу үшін қайтарымсыз грант алып, бүгінде 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы, Жетісай, Түлкібас, Бәйдібек аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында 5 азамат қайтарымсыз грант алып, өздерінің жеке кәсіптерін жүргізуде.
– Соңғы жылдары сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау оқиғалары жиілеп барады. Айтыңызшы, олардың қайта қылмыс жасауының себебі неде? Бұл тұрғыда қай аудан-қалалардың үлесі басым?
– Өткен жылы қайта жасалған қылмыс саны 75-тен 73-ке төмендегенін айта кеткен жөн. Алайда, бұл көңіл тоғайтарлық көрсеткіш емес. Сарыағаш, Жетісай, Төлеби, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында сотталғандардың қайта қылмыс жасауы жиілеген. Өкінішке қарай, қайта қылмыс жасағандардың 64 пайызын жұмыссыздар құрап отыр. Қылмыстың 63 пайызы түнгі уақытта жасалса, 10 пайызы ішімдіктің салдарынан орын алған. Ерекше назарға алар жайт, қылмыстың басым бөлігі меншікке қатысты, яғни ұрлық, алаяқтық, тонау сынды қылмыстар.
Осыдан кейін жергілікті прокурорлар уәкілетті құзырлы органдармен бірлесіп, сотталғандардың тұрғылықты жері, құқыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша туған-туыс, көршілеріне сұрау салу ісін жандандыра бастады. Мысалы, Сарыағаш аудандық прокуратурасы аудандық уәкілетті органдармен бірге рейдтік іс-шаралар өткізе бастады. Мұндай іс-шаралар облыс аумағында жүйелі түрде демалыс, мереке күндері де жүргізіледі. Сонымен қатар, Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында пробациялық бақылауда жүрген 5 сотталған азаматтың тұрғылықты мекенжайлары, тұрмыстық жағдайлары тексеріліп, олардың отбасыларына азық-түлік табысталды.
Егер көршілерінен немесе басқа да тұлғалардан хабарлар түсіп жатса, мобильді топ мүшелері дереу тексеруге шығады. Мәселен, Түркістан қалалық пробация қызметі психолог инспектормен бірге бақылаудағы әрбір сотталғанға психо-әлеуметтік тестілеу жүргізіп, оның психологиялық портретін құрып, бірге тұратын отбасы мүшелерімен әңгімелеседі. Олардың кәмелетке толмаған балаларымен де психолог-мамандар, жергілікті білім бөлімінің қызметкерлері мен балалардың құқықтарын қорғау органдары да тұрақты жұмыс жүргізуде.
Пробациялық бақылаудағыларды сот актілерін орындамағаны, алимент төлемдерін төлеуден жалтарғаны үшін қамауға алу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, Шардара, Түлкібас, Мақтаарал аудандарында сот актісін орындамаған 5 азамат ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінде жергілікті прокурорлар есепте тұрған сотталғандармен тұрмыстық және әлеуметтік тұрғыдағы мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізеді. Прокуратура және басқа да құзырлы органдардан жасақталған жұмыс (мобильді) тобы олардың мекенжайларына барып, тексеріп тұрады. Мәселен, жеке қабылдау барысында 387 тұлғаның проблемалары шешіліп, 1 000-нан аса бақылаудағылардың тұрғылықты мекенжайлары тексерілді. Нәтижесінде, сот актісінде көзделген шектеулер мен талаптарға атүсті қараған 55 сотталғанға ескерту жарияланып, жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы сотқа енгізілген 16 ұсыныс қанағаттандырылды.
– Дей тұрғанмен, сотталғандардың қайта қылмысқа баруына кейде бақылаудың әлсіздігі де себеп болып жатады. Бұл тұрғыда өз міндеттеріне салғырт қараған пробация мамандарына қандай жаза қарастырылған?
– Әрине, пробация қызметіндегі мамандардың барлығын мінсіз деп айта алмаймыз. Олардың арасында өз ісіне «жүрдім-бардым» қарайтындар да аз емес. Айталық, бүгінге дейін пробациялық бақылау барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 64 пробация қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Түсінгеніміз, пробация сотталғандарды айыптаушы емес, керісінше, оларды тәрбиелеуші қызмет қой...
– Дәл солай. Облыстық прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Қадағалау» және «Қылмыстың алдын алу» жобаларының да басты мақсаты – осы. Сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол да осы елдің азаматы. Сондықтан істі болғандарды қайта абақтыға жапқаннан гөрі, оларды тәрбиелеу маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Сакон
Егер пробацияда тиркелп кейн жаза уакыты биткенде, судимость турмайдымекен? Или ол калп кояма судимый деп?
Калмагамбетова жанар
Егер пробатция кызметкери ишип келип мазалап жатса кандай жаза болады
Калмагамбетова жанар
Саламатсыз ба егкр пробатция кызметкери ишип келип мазалама кандай жаза болады