Ақиқа құрбаны жайлы не білеміз?

Қазақ халқы ұрпағының шаш үлгісіне ерекше мән берген. Айталық, немересін көз бен сөзден қорғағысы келген қариялар «Сәбидің кекіліне періште ұялайды» деген сеніммен оған кекіл қоюды дәстүрге айналдырған. 

Бала – ұрпақты жалғастырушы ретінде Алланың бізге берген аманаты. Сондықтан оның әрбір қадамына үлкен мән берілген. Алла Елшісі (с.а.с.): «Туылған әр балаға жетінші, он төртінші немесе жиырма бірінші күні құрбандық шалынып, сонымен қатар баланың шашын алып және оған ат қою қажет» деген (Ибн Маджах). Шашты құрбандық шалынып болған соң, ұстарамен қырып алу қажет. Бастың бір бөлігін ғана қырып немесе қысқартып қоюға болмайды. Өкінішке қарай, қазір көп ата-ана баланың басына зақым келтіріп аламыз деп жетінші күні шашын алмайды.  

Шариғат бойынша бала туылғаннан кейін жеті өткен соң оның қарын шашы алынып, сол шаштың салмағындай күмістің құнымен садақа берілуі керек. Мұның екі түрлі пайдасы бар. Біріншіден, бала өте ақылды болады. Шашты алу нәрестенің құйқасының дұрыс жетілуіне әсер етеді. Екіншіден, мұның әлеуметтік пайдасы өте зор.

Алла Елшісі (с.а.с.) немере жиені Хасан дүниеге келгенде, қызы Фатимаға былай деп айтқан: «Оның шашын қырып ал және қырылған шаштың салмағындай күмістен садақа бер» (Ахмад, Ат-Тирмизи, аль-Байхаки). Мүмкіндігі бар адам бұл сүннетті орындағаны абзал. 

Сәбидің өмірге келгеніне 40 күн толғанда тағы бір салтанатты рәсім орындалады. Оны «қырқынан шығару» деп атайды. Әдетте, ер баланы ерте жетіледі, жылдам өседі деген түсінікпен қырық күн толмай қырқынан шығарған. Ал, қыз баланы, керісінше, жеңілтек болып кетпесін, байсалды болсын деп қырық күннен асқасын барып қырқынан шығарған. Бұл күні жиналған әйелдер баланың шашын, тырнағын алып, қырық қасық су құйылған ыдысқа шомылдырған. Тіпті, баланы шомылдыру мәртебесі елге сыйлы, көп балалы анаға бұйырған. Баланың басына қасықтап су құйған сайын жиналғандардың әрқайсысы жақсы тілектерін айтып отырған. Соңынан барлық әйел су түбіндегі күміс тиындар мен әшекейлерді өзара бөлісіп алған. 

«Әр елдің салты басқа...» демекші, батысқазақстандықтар баланың қарын шашын тілі шығып, есейген соң тілек айтып, той жасап алады екен. Қарын шашты қай жерге болса, сол жерге тастауға болмайды. Ол киелі саналады. Халқымыз баланың қарын шашын алуға үлкен жауапкершілікпен қараған. «Баланың шашына бірінші кімнің қолы тисе, сәбидің мінез-құлқы сол адамға ұқсайды» деп ырымдап, мұны көпті көрген қарияларға, беделді кісілерге тапсырған. 

Дана халқымыз нәрестенің шашын алатын ұстара мен қайшыға да ерекше көңіл бөлген. «Шаш алатын ұстара өткір болса, баланың да тілі өткір болады, ал, ұстараның жүзі өткір болмаса, бала босбелбеу, ынжық, сылбыр болып өседі» деген. Сондықтан, қазақ халқы қарын шашты алу үшін жаңа ұстара сатып алған. Келесі бала дүниеге келгенде сол ұстараны қайрап пайдаланған. Бұрын-соңды үлкендердің сақал-мұрты немесе шашы алынған ұстараны «баланың мінезі қырсық, басы ауыратын болады» деп қолданбаған. Ал, қазіргі ата- аналар дүниеге келген әр балаға жаңа ұстара сатып алады. 

Қарап отырсақ, көпшілік дүние есігін ашқан сәбидің шашын алған кезде ақиқа беру керектігін біле бермейді. Шариғатта «ақиқа» Алла Тағаланың ұрпақ берген нығметіне шүкіршілік ретінде сойылатын құрбандық делінген. Әрбір бала дүниеге келгенде жетінші күні оның атынан мал сойылады. Ақиқа малын союдың да өзіндік жолы бар. «Бисмилләһ» деп баланың есімі мен әкесінің аты аталады. Оның етін құрбандық шалғандай садақа етіп таратса болады. Бұл сауапты амалға жатады. Сондай-ақ, қонақ шақырып дастарқан жаю да  – сауапты істің бірі.

Ақиқа – дүниеге келген нәрестенің өміріндегі ең алғашқы құрбандығы. Сол құрбандықтан дәм татқан адамдардың нәресте үшін жасаған дұға-тілектері қабыл болмақ. Дүниеге келген нәресте ер бала болса, екі қой, ал, қыз бала болса, бір қойдың құрбандыққа шалынғаны абзал. 

 


Раушан НАРБЕК,

облыстық дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы.            

1 пікір

  • Passports, Visas, Driver's License, ID CARDS
    Passports, Visas, Driver's License, ID CARDS

    Government Database System..Email ( lifiben@gmail.com ) We Produce Passports,Drivers Licenses,ID Cards,Birth Certificates,Diplomas,Visas,SSN,Marriage Certificates,Divorce Papers,US Green Cards,University Degrees,Counterfeit Money,SSD Chemical Solution And Activation Banknotes dollar / euro Pounds Powder Used For Cleaning Coated Black Money, And Other Documents Cloned cards, Resident fullz and dumps For A Number Of Countries Email ( lifiben@gmail.com ) TEXT/CALL/WHATSAPP: 951-254-2452 https://clean-documents.com

Пікір қалдырыңыз