Педагогикалық кадрларды даярлау қалай жүзеге асуда?

Жоғары білікті маман даярлау ісінде педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарына жүктелген  жауапкершілік жүгі ауыр.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы күзде республикалық педагогтер съезінде сөйлеген  сөзінде ұлттың жаңа сапасын  қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын педагог мамандар екендігіне тоқталып,  білім беру саласын  білікті мамандармен  толық қамтамасыз етуді міндеттеген  болатын.  Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы жоғарыдағы білім саласы басшыларын ғана емес, болашақ педагог даярлауда еңбек етіп жүрген әрбірімізді толғандырады.  

Сексен бес жылдан астам тарихы бар қарашаңырақ – Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ ұстаздардың ұстаханасына айналғалы да ғасырға жуықтапты. Мыңдаған педагогті түлеткен оқу орны заман талабына сай сапалы педагог кадрлар даярлауда, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануда ізденістен  жалыққан  емес. 
Университет негізі қаланған сәттен-ақ педагогтік, педагогикалық бағыттағы тиісті қызметін жоғары деңгейде атқарып келеді. Негізгі мақсатымыз – салауатты да сауатты, заман талабына сай, әлемдік өзгерістерге бейім педагог мамандарды даярлау. Ал, негізгі міндеттердің бірі – болашақ мамандардың педагогтік, әдіскерлік құзіреттілікті игеруін қамтамасыз ету. Сол үшін мамандар үнемі ғылыми зерттеу, педагогикалық зерттеу, оқу-әдістемелік бағытта өздерін жетілдіріп отырады. Педагогикалық бағытта білім берудің шетелдік тәжірибелері тұрақты қолданылып, заман талабына сай білім беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, оқытушылар инклюзивті, феноменге және құбылысқа, зерттеуге негізделген оқыту әдістерін сабақ беру барысында тұрақты қолданады. Мұндай әдіс-тәсілдерді құжаттық түрге түсіріп, педагогикалық концепция ретінде ұстану негіздері бүгінде нақты қолға алына бастады. Педагогикалық білім беру үрдісін жетілдіру және оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту курстары өткізіліп тұрады.   Биыл 5 қаңтардан бастап оқыту жүйесіне қатысты біліктілікті жетілдіру үшін Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебі (NU GSE) мен Финляндияның HAMK қолданбалы ғылымдар университеті (Häme University of Applied Sciences), JAMK қолданбалы ғылымдар университеті (University of Applied Sciences) бірлесіп, «Педагогикалық білім беру моделін жүзеге асыру мен мазмұнын нығайту» жобасын ұйымдастырды. Осы бағыт бойынша «Педагогикалық білім беруді жетілдіру» атты семинар өткізілді. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің қолдауымен жалпықазақстандық мұғалімдердің білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Мақсаты – педагогтік білімді жетілдіруді жүзеге асырып, қазақстандық ЖОО-да 30  білім беру бағдарламасы мен «Оқу бағдарламасын (силлабус)» жаңа үлгіде құрылымдап, негіздету. Бүгінде педагогикалық мамандықтағы ғалымдар екі бағытта ғылыми зерттеу жүргізумен айналысады: ғылыми теориялық және ғылыми педагогикалық (әдістемелік) бағыт. Сондықтан университет ғалымдарының ғылыми-педагогикалық біліктіліктері  де  жоғары деңгейде. 
Соңғы жылдары мұғалім мәртебесінің жоғарылауы олардың жалақысын көбейтіп қана қоймай, оларға қойылатын талаптарды да күшейтті. Бүгінгі педагог цифрландыру тетіктерін де жақсы меңгерген  болуы шарт. ҚР  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев  «Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айырықша мән беріп отырмыз» деді.  Расында, соңғы жылдары елімізде мұғалімдердің мәртебесі көтеріліп, еңбек-ақылары айтарлықтай өсті. Педагогика мамандығына енді бұрынғыдай кездейсоқ талапкерлер ғана емес, мектептердің үздік түлектері мен «Алтын белгі» иегерлері де келе бастады. Бұл мектептегі балалардың білімді болуына да әсер етеді. 
Педагогикалық білімді дамытуда жаңашылдықпен қатар дәстүр сабақтастығын да үзуге болмайды. Дәстүрлі сабақ беру әдісін тәжірибелі педагог жаңа қырынан да таныта алады.  Жаңа технологиямен жұмыс істеу өткен шақтың құндылықтарын жою деген сөз емес. Қазіргі қолданылып жүрген технологиялық әдістердің көпшілігі өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары қолданылған әдістер екенін ұзақ жылдық тәжірибеден көріп жүрміз. Тек қазір олар жетілдіріліп, цифрлық технологиямен жаңғыртылып отыр. 

Алданазар ӘМІРБЕКҰЛЫ,  
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың доценті, 
педагогика ғылымдарының кандидаты.
Пікір қалдырыңыз