«Қазақтың Нәзира атты бір қызы бар»

Қазақ поэзиясының падишасы атанған Фариза Оңғарсынова арнау өлеңге мүлде «сараң» ақын. Екінің біріне жыр арнап, ода жазу ол кісінің табиғатына сіңбеген қасиет еді. Ал, сол ақсұңқар ақын апамыздың:
«Үн қатса, Ай күлімдеп,
Жұлдыз ұғар,
Мұңайса, көк түнеріп, күн
бұзылар.
Саф самал, суы дәру
Сарыағашта,
Қазақтың Нәзира атты бір қызы бар» деп басталатын алты шумақ өлеңінің кейіпкері кім екенін білесіз бе?
Біз, мәселен, білеміз. Фариза апамыздың жырына арқау болған сол бір аяулы жан тек Сарыағаш өңіріне ғана емес, облысқа, тіпті кезінде республикаға танымал болған қазақтың қайраткер қызы Нәзира Тәшімбетова. Оңғарсынова оң көзімен қараған осы бір аяулы жан жайлы бүгін азды-көпті сөз қозғаудың реті келіп тұр.
Бала күнінен еті тірі, алғыр, өжет, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп жүретін белсенді қыз Ташкент ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң өмірінің өнегелі мектебін комсомол қызметінен бастап, жастық жалынмен ордалы ортаға жатсынбай араласып кетті. 23 жасында Келес аудандық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы қызметінен бастап басшылық тізгінін ұстаған Нәзира Бердібекқызы одан арғы жолын Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті аппаратында шыңдады. Осы ортада Иманғали Тасмағанбетов, Бірғаным Әйтімова, Қуаныш Сұлтанов, Даниял Ахметов, Жібек Әмірханова, Нұрлан Дәненов секілді болашақ мемлекет және қоғам қайраткерлерімен иық тірестіре қызмет істеді. Бұл орта оның болашақ өмір баспалдағының үлкен мектебіне айналды. Қарымды қабілеті мен адамдық қасиеті осы мектептен өрісін кеңейтіп, келешегіне даңғыл жол салды. Сол ортадан алған тәлімі алдағы қызметтеріне тәжірибе тармағын ашты. Алғыр да жалынды замандастарынан көп нәрсе үйренді. Жастық дәурендегі сол қызметтес жандармен әлі күнге сыйластық қарым-қатынасы үзілген емес. Тіпті өзі ерекше құрмет тұтатын, достықтың қадірін бағалай білетін осынау ардақты азаматтарға деген көңіл шуағының белгісіндей немерелерінің есімдерін Иманғали, Даниял, Жібек деп атады. Ал, ең үлкен қызынан туған, есімін Қасым-Жомарт деп өзі қойған тұңғыш жиен немересі бүгінде отбасылы, заң саласының белді қызметкері болды. Бұл Нәзира Бердібекқызының жақсыны үлгі тұтып, ізгілікке ізет ете білетін азаматтық болмысының айғағы.
Комсомол демекші, Тәшімбетованың тағдырында комсомол тарихымен тамырлас естеліктер аз емес. Сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық па, кім білсін, өмірлік серігі болған Бәкең – Бәкір Әуезов Нәзекеңді дәл комсомолдың туған күнінде – 29 қазанда шаңырағына келін етіп түсірген. Әрине, өткен шаққа айналған кеңестік кезеңдегі жастар ұйымының жүйесін бүгінгі буын біле бермес, бірақ ол сол дәуірдің жастарын патриоттыққа баулып, алға ұмтылдырған қуатты күш болғанын айтуға тиіспіз. Сындарлы мектептен алған сабағы оны партиялық қызметтің майданында білікті басшы сатысына көтерді. Жиырма жеті жасында Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров облыстық партия комитетіне қызметке қабылдап, отыз бір жасында облыстағы ең іргелі аудан Сарыағашқа аудандық партия комитетінің хатшысы болып келді. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті шыңдалған, саяси тұрғыда сыннан өткен, сөзге шешен, бастамашыл хатшыны сары-ағаштықтар қуана қабылдады. Ақ маңдай, ай қабақ, жанары жарқылдаған, тоқпақтай бұрымын желкесіне түйіп, шашын шашаусыз тараған, аққудың көгілдіріндей көркем келіншек ауданның үшінші хатшысы ғана емес, қазақтың әдемі, әдепті әйелі ретінде жұртшылықпен етене араласып кетті. Ақын Әмзе Қалмырзаевтың сол кезде жырлағанындай, «шашын қақ жарып тараған, аузына Сарыағаш жұрты қараған» Нәзира Бердібекқызының ашық жарқын мінезі айдай сымбатымен үйлесіп, көпшілікті өзіне үйіріп әкетті. Ол кабинеттің адамы болған жоқ. Халықтың ортасынан жиі табылды. Ауданның идеологиясын ұршықша иірген жас хатшы талай-талай татымды, тартымды шаралардың шырайын келтіріп, әдемі ұйымдастыра білді.
Ауданда Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық кешін алғаш өткізген басшы – осы Тәшімбетова еді.
Татьяна Бурмистрованы аудан халқына алғаш таныстырып, кешін өткізген де – осы Тәшімбетова.
Наурыз мерекесінің Сарыағашта ең бірінші кең көлемде тойлануына мұрындық болған да – осы Тәшімбетова.
Сексенінші жылдардың ортасынан жандана бастаған айтыс өнеріне қолдау білдіріп, Ташкенттің Достық сарайында өткен халықаралық айтысқа аудан халқын жұмылдырып, екі автобус адамды алып барған да – Тәшімбетова.
Фариза Оңғарсыновамен кездесу кештерін өткізуді қолға алған да – Тәшімбетова.
Дарынымен жылт еткен жастарға қолдау білдіріп, елге танытуға ұмтылатын жанашыр басшы да осы Тәшімбетова болды.
Тізбектей берсек, мұндай игілікті істердің тізімі жалғаса береді.
Нәзекең коммунистік партия тараған соң оның мұрагеріндей болып отау тіккен социалистік партияның аудандық ұйымының хатшысы болып сайланды. 1994 жылдың сәуірінде жергілікті өкілетті органдар құрылғанда аудандық мәслихаттың алғашқы хатшысы ретінде тізгінді қолға алды. 1997 жылы Келес пен Сарыағаш аудандары қосылғанда екі аудан депутаттарының бірлескен сессиясында депутаттар корпусының басшысы қызметіне қайтадан Тәшімбетова таңдалды. Мәслихатты бес жыл абыроймен басқарған Нәзира Бердібекқызына сол кездегі ең қиын сала аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің жұмысын жандандыруға сенім білдіріліп, шешім қабылданды. Тәшімбетова айқай-шуы мен арыз-шағымы көп, күрмеулі проблемалары шаш етектен келетін әлеуметтік саланың сан түрлі күрделі мәселелерін байыптылықпен, іскерлікпен шеше білді. Бұрынғы байбалам салып, есікті еңіреп ашатындар енді жаңа басшыға жағдайларын жөнімен айтып, ақыл-кеңесіне құлақ артып, ризашылықтарын білдіріп қайтатын болды. Ол халықпен жиі кездесіп, мәселелерін тыңдап, мәністі шешім қабылдау арқылы саланың жұмысын жүйелі қалыпқа келтірді.
Жұмыстың көзін, халықтың көңілін таба білетін беделі биік Бердібекқызы бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, идеологиялық жұмыстың қазанын қайта қайнатты. Тәшімбетованың тұсында ауданда көптеген қаламгерлермен, өнер иелерімен, талантты тұлғалармен кездесулер жиі өтетін. Ол қай қызметте жүрсе де ауданға келген ақын- жазушы, әнші-күйші, өнер иесінің қай қайсысы да алдымен ауданның бас идеологы атанып кеткен Нәзира Бердібекқызын іздейтін. Нәзирадай қазақтың қайраткер қызына құрметпен өлең арнаған Тұманбай Молдағалиев пен Тұтқабай Иманбековті, Нәзираны туған сіңлісіндей жақсы көрген Фариза Оңғарсынованы, «ақ жеңеше» деп еркелеген Көпен Әмірбекті айтпағанда, мүйізі қарағайдай қаламгерлер Әбіш Кекілбай, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Мырзакелді Кемел, әйгілі өнер қайраткерлері Зейнеп Қойшыбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Ілиясова, Қапаш Құлышева, Медеу Арынбаев, Қыдыр-әлі Болманов, репродуктология саласының көшбасшысы Салтанат Байқошқарова, тағы-тағы қаншама есімі аталмай қалған белгілі тұлғалармен аралас-құралас болып, сыйласып, жөн білісіп келген Тәшімбетоваға тамсанып та, таңданып та қарайтындар аз емес. Себебі ол ақжарқын мінезімен ғана емес, әдебиет пен өнерді ерекше бағалайтын, кітапқұмар, өнерсүйер табиғатымен таланттыларды жанына жақын ете білген жан. Қазақ газеттерінің жанашыры да, қолдаушы, насихатшысы да Нәзира ханым еді.
Тәшімбетованы қошеметті ортадан ғана емес, қамқорлық пен қолдауға зәру ортадан да оңай табасыз. Халықтың басына әлдеқандай қиын сәт туа қалғанда да жар құлағы жастыққа тимей, жанашыр пейілімен алғашқылардың қатарында жанұшырып осы Нәзекең жүреді. Қайсыбір жылы Келес жақтың халқы топан судан зардап шеккенде аудан әкімінің орынбасары ретінде күн демей, түн демей апатты аймақтан шықпады. Қиындыққа тап болған халықтың қасынан табылды.
Ол игілікті бір істі қолға алу үшін лауазымды қызмет атқару міндет деп санамайды. Оның пайымында жүректің жылуы мен пейілдің дұрыстығы кез келген нәрсенің кілтін ашады. Ең бастысы, жақсыны бағалай білу мен қажет кезде қолдан келген көмек пен қолдауды саралай білу маңызды. Сол қағидасының бір мысалы ретінде айтсақ, зейнеткерлік демалысқа шығып кеткеннен кейін, ешбір қызметтің тізгінін тартып отырмаса да ауданда жеке инициативасымен, өзінің ұйымдастыруымен Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған «Асыл бейне» атты керемет кеш өткізді. Фариза апаймен етене араласып, сыйласқан Мырзакелді Кемел осы шараға Астанадан арнайы келіп, Шымкенттен композитор Құралай Сәтмұхамбетова, драматург Сая Қасымбек сынды айтулы өнер иелері қатысып, оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, аудан өнерпаздары ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап, бір ғажап кеш болғаны есімізде.
Ол зейнеткерлік демалысқа аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген 2012 жылы шыққан болатын. Өзі жұмысын жүйелеп кеткен саланы қайтадан төрт жыл басқарып, халықтың алғысына бөленген Нәзира Тәшімбетованы аудан жұрты ерекше құрмет тұтады. Сары-ағаш ауданының құрметті азаматы деген атағы ол үшін кеудесінде жарқыраған мемлекеттік наградалардың қай-қайсынынан да кем емес. Өйткені ол осы елдің ортасында өсті, осы өңірдің көркеюіне қызмет етті, тамырын тереңге жайған бәйтеректей көктеді, көгерді. Өмірлік серігі, әкімдік институтында белді қызмет атқарған, бірнеше жыл Алпамыс батыр ауылының әкімі болған Бәкір Әуезовтей арда азаматпен өнегелі отбасының шаңырағын биіктеткен, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, олардан 14 немере сүйіп отырған бақытты ана, сүйікті әже Нәзира Бердібекқызы бүгін, міне, жетпістің жотасына шығып отыр. Жан жары Бәкеңнің фәни дүниеден ертелеу кеткен өкініші болмаса, өмірге артар өкпесі жоқ. Қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырып, бақыттың бағында шалқып отырғанына шүкіршілік етеді.
Оның тағдырынан бейхабар кейбір жандар үнемі жарқылдап жүретін, жастайынан лауазымды қызметтің тізгінін ұстап, ел басқарған, көркіне ақыл парасаты сай осы бір көркем әйелді өмірде ешбір кемшілік көрмей өскен жан деп ойлайтын да болар. Жоқ, олай емес. Оның да қиындықтың дәмін татқан, табанына шөңге кірген кездері өткен. Алты жасында туған анасынан айырылды. Бар-жоғы 33 жастағы келіншегін жоғалтып, төрт баламен қалу әкесі Бердібекке оңай болып па?! Бір жылдан соң әкесі Тазагүл есімді жанмен бас қосып, жәутеңдеген кенже қыз Нәзира екінші анасының құшағына енді. Бүгінде жасы 92-ні толтырып отырған Тазагүл апасы туған анасының орнын жоқтатпағанымен балалық шақтың базары жұтаңдау өткені жадынан өшкен жоқ. Жалаң аяқ сиыр айдап, табанын тас тілген, мектепке ер балалардың керзі етігін киіп, қонышын шалбармен жасырған, жоқ-жұтаң кездер оның бала қиялын «шіркін, биікте жүрсем ғой» деген арманмен алға сүйреді. Мектепті бітіретін жылы әкесі жап-жаңа әппақ топылай сатып әкеп берді. Ес білгелі өзіне арналған жаңа аяқ киімді алғаш киген сол сәті ең бақытты шағы болып мәңгі есінде қалып қойды. Ол кейде сол жаңа әппақ топылайдың құдіретімен аяғын жерге нық тіреп, өзі аңсаған биікке өрмелеп кеткендей күй кешеді. Одан кейін әдемі аяқ киімнің неше атасын тоздырса да сол әппақ топылайдан қымбат аяқ киім киіп көрмегендей сезінетіні де шындық. Бірақ өжет қыз өмірге қадамын сеніммен басып, өзі аңсаған биікке өзінің талабымен талпынып, адал еңбегімен жетті. Жоқтың да, бардың да қадірін бағалай білуге үйреткен осынау тағдырына тәубе дейтіні де сондықтан. Ал, қазір бар бақытын балалары мен балапандарының ортасында отырғаны, халқымен бірге жасап келе жатқаны деп бағалайтын бекзат болмысты көркем әйел – Нәзира Бердібекқызы шын мәнінде арманына жеткен жан. Біздің оған қосар тілегіміз денінің саулығы, иманның байлығы.
Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
НӘЗИРА
Үн қатса, Ай күлімдеп, Жұлдыз ұғар,
Мұңайса, көк түнеріп, күн бұзылар.
Саф самал, суы дәру Сарыағашта,
Қазақтың Нәзира атты бір қызы бар.
Мейірім нұрын шашып, өң реңі,
Сөйлесе, сөз маржаны төгіледі.
Ай қабақ, ақша маңдай, жамалына,
Қарасаң, табылғандай көңіл емі.
Ер көңіл ұл өсіріп, түздің елі,
Қыздарын аялаған ізгілері.
Жаны –пәк, жүзі жарқын Нәзиражан,
Қазақтың дәл бүгінгі Қыз Жібегі.
Салған соң талай тезге ғұмыр мына,
Даламыз орға талай жығылды ма –
Бәрібір қазақ қызы, келеді әні,
Өлтірмей өнімді де, жырымды да.
Халқымның жаны дархан, жыр – жүрегі,
Ежелден қыз баласы үлгілі еді.
Саялы Сарыағашта Нәзираның,
Өзіне тартқан барлық сіңлілері.
Бұрқақты жел өтінде мұз қарыған,
Күн туса құлайтындай құзға құлан.
Ұрпағын, елін, жерін жан ұшырып,
Қорғайтын заман дауыл ызғарынан
Айналдым қазағымның қыздарынан!