Балалар неге қатыгез?

Соңғы кездері елді елең еткізетін оқыс оқиғалар белең алып барады. Соның бірі - жасөспірімдердің арасындағы қатыгездік. Бұл туралы еліміздің Бас прокурор Берік Асылов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінде мәлімдеді.
– Кейінгі кезде жеткіншектердің түнде топтасып төбелесу фактілері жиілеп кетті. Өткен айда Ақтау қаласында 19 оқушы мен студент төбелесті. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 15 оқушының төбелесі екі адамның өлімімен аяқталды. Әрине, оның басты себебі – ата-ана тарапынан қажетті бақылаудың болмауы. Биыл түнгі уақытта көшеде жүргені үшін кәмелетке толмаған 86 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Бас прокурор.
Бас прокурордың дабыл қағатынындай-ақ бар. Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік оқиғалары әлеумет желілер арқылы жиі таратыла бастады. Мәселен, Келес ауданында мектеп оқушылары төбелесіп, миы шайқалған бір бала жедел ауруханаға жеткізілді. Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданында оқушылар футболдан кейін жаппай төбелес ұйымдастырған. Айта берсе, мұндай оқиғалар жетіп артылады. Кішкентайынан бірге өскен сыныптастардың бойын билеген өшпенділік қайдан шықты? Әлде, бұл ғаламтордан жағымсыз нәрселерді көрудің салдары ма?
Психолог мамандардың айтуынша, қылмыс қашанда адамның қолымен, ойымен жасалады. Қылмысқа бой алдырмау үшін тәртіпсіздікке бейім балаларды дер кезінде анықтап оларды түзу жолға бағыттау керек. Негізінде, кәмелет жасына толмаған балалардың құқық бұзуына олардың тез сенгіштігі, кез келген нәрсеге еліктеп, еріп кететіндігі әсер етеді. Түптеп келгенде, бәрі де тәрбиеге байланысты. Әрине, қиын оқушымен жұмыс істеу оңай емес. Олармен жұмыс істегенде, тек жаман жақтарын сараламай, жақсы жақтарын да аңғарып, жақсы сөзбен тәрбиелеудің маңызы өте зор. Мұндай жағдайда ата-ананың да балаға берер тәрбиесі терең болу керек. «Өскен соң түзеледі» деп қоя салмай, баламен сөлесу керек. Егер де ата-ана мектеппен тығыз байланыста болатын болса, баланың тәрбиесі де жақсы болады. Кез келген ата-ана перзентінің материалдық жағдайын жасаушы ғана емес, ұрпағының болашағына жауапты адам.
Қазіргі таңда ата-аналар бала тәрбиесіндегі өз жауапкершілігін ұмытып барады. Шыны керек, ата-аналар арасында балаларының күнделікті сабаққа барып, бармай жүргенінен хабарсыз отыратындар аз емес. Кейде ұстаздары мен мектеп инспекторлары баласының тәртібіне байланысты ата-анасын мектепке шақырса келмейді. Міне, осындай келеңсіздіктердің салдарынан бұғанасы бекімеген балаларымыз қару асынып, көшеде өздерін «герой» сезініп жүреді. Ақырында қылмысқа ұрынып, өз қолдарымен тағдырларына балта шауып жатады. Мысалы, суық қару қолданып, қылмысқа барған бала көбіне өзінің іс-әрекетіне саналы түрде жауап бере алмайды. Жалпы, статистикаға сүйенсек, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыстардың 70 пайызы тонау, қарақшылық секілді әрекеттер. Әрине, олардың көбінде тапанша болмаса да, пышақ қолданғандары жиі кездеседі. Пышақ та суық қару, бүгін пышақпен қорқытып адам тонаған балалар, ертең қару асынып жүрмесіне кім кепіл? Сондықтан, ең алдымен алдын алу шараларын күшейткен абзал. Сосын, бізде қылмыстық әрекетке барған балаларды жөнге салып, қоғамға бейімдейтін орталықтар жоқтың қасы.
– Бала тәртібіне ең бірінші ата ана жауапты. Олардың қайда жүргенін, немен айналысатынын күнделікті қадағалап, бақылап отырудың маңызы зор. Содан соң, баланың кімдермен араласатынын, олардың мектепте қандай әңгімелер айтып, нендей мәселеге ден қоятынын біліп отыруға болады ғой. Көп ата-ана осыны істемейді. Қарны тоқ болып, мектебіне барып жүрсе, соның өзі – медеу. Ал, баланың ішкі дүниесіне үңілуге уақыттары жоқ. Бұл жерде біз барлық ата ана осындай деп отырған жоқпыз. Ата-ана баланың материалдық жағдайын жасап, қамтамасыз етумен ғана шектелмей, олардың рухани дүниесіне үңіліп отырғаны абзал. Содан соң, оқушылар арасында олардың бұзақылықпен көшбасшылыққа ұмтылуы деген нәрсе бар. Баланы бұзатын, ортаны ойрандайтын ең жаман әдет осы. Көшбасшылыққа біліммен, өнермен, өнегелі тәртіппен ұмтылу керек. Тәртіпсіздікке, әдепсіздікке, ортаны сыйламаушылыққа немқұрайды қарамауымыз керек, – дейді ата-ана Эльмира Жарылқасынқызы.
Біреуге бармақ тістетіп, енді біреуді өкінішке ұрындырған осындай деректің бәрі балаларды қадағалаудың жоқтығынан болып отыр. Әр ата-ана тарапынан мейірімге толы жанашырлық болса, ұрпағы оспадар әрекетке де, қылмысқа ұласар құқық бұзушылыққа ұрынбас еді...
Тоғжан ЗЕБЕРХАНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».