Жасөспірімдердің құқын қорғау – бәрінен қымбат
Қоғам алдында
тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық
бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол
бермеу. Осы тұрғыда Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы өкілінің,
қоғамдық пікір көшбасшыларының, яғни жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру
орталығы, дін мәселелерін зерттеу орталығы және Тұран аудандық ювеналды полиция
бөлімі уәкілдерінің қатысуымен, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы
Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінде «Жасөспірімдердің құқықтық сапасын
жоғарылату, құқық бұзушылықтың профилактикасы» тақырыбында түсіндірме жұмыстары
жүргізілді.
Өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер қылмыс
пен құқық бұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды. Құқықтық
мемлекетке қадам басқан шақта қоғамға саналы адам қалыптастыру – мемлекетіміздің
басты міндеттерінің бірі болса, ол міндетті іске асыру жасөспірімдерді жаңа
рухта, жаңа көзқараста тəрбиелеуден айқын көрінеді. «Жас ұлан» мектебінің
тәрбиеленушілеріне қоғамдағы негізгі кұндылықтар, кəмелеттік жасқа толмағандар
арасындағы құқық бұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу бойынша қабылданған
шаралар, балалар арасындағы суицид, түнгі уақытта жалғыз қыдыру, ойын-сауық
орындарына бару, қылмыс жасау, сондай-ақ əлеуметтік желілердегі құқық
бұзушылықты насихаттайтын ақпараттардың жастардың дамуына кері əсер ететіндігі
туралы өзекті мəселелер айтылды.
Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ