Полицейлер оқушыларға дәріс оқыды

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында іс-шаралар өтті. Бұл шара ҚР Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасы бойынша қолға алынған болатын.

Бүгінде облыстың 17 ауданында мектеп оқушыларына және студенттерге полиция басшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізді деп хабарлайды Түркістан облысының полиция департаменті.
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасында қылмысты азайту, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл және жол ережесін сақтау. Кездесу барысында полицейлер әлімжеттік, нашақорлық деген не және олар қандай жағымсыз салдарға әкеліп соғуы мүмкін екенін айтып, құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылатынын ескертті. Сақшылар жастардың бір-біріне құрметпен қарауына және мектеп пен қоғамдағы мінез-құлық ережелеріне жекелей тоқталды. Сондай-ақ полицейлер кәмелетке толмағандарға темекі мен алкогольдік ішімдіктерді тұтыну және оны сатуға, көлік жүргізуге, суық қару алып жүруге тыйым салынатыны, есірткі мен психотроптық заттарды қолданудан сақтану керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Одан бөлек заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубта отыруға және 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғандығы, сонымен қатар басқа да заң шеңберінде шектелген іс-әрекеттерді болдырмау шаралары осы жиында баса назарға алынды.   
Кездесу соңында оқушылар полицейлерден өздерін мазалаған сұрақтарына толыққанды жауап алды. Тәртіп сақшылары мұндай іс-шараларды алдағы уақытта жиі өткізетінін айтты. Мамандар жастарды қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, бос уақыттарында пайдалы істермен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді.
Пікір қалдырыңыз