Заң білсең, кем болмайсың!

Қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының рөлі айрықша. Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесін реформалау шараларының нәтижесінде прокуратура органдарының жұмысына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның бірі – үш буынды модель. Осы модельдің нәтижесінде  тергеу органдары, прокуратура және сот арасында құзыреттер нақты бөлініп берілген болатын. Прокуратура жұмысына қаншалықты өзгерістер енгізілгенмен, басты миссиясы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып қала бермек.  Шымкент қаласы прокуроратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Асланбек ЗАМАНБЕКПЕН әңгімеміз адам құқын қорғау, заңсыздықпен күрес төңірегінде өрбіді. 

– Асланбек Абылайұлы, 2018  жылдан бастап ел аумағында орын алған қылмыстық істерді қарау электронды форматта жүргізіле бастады. 2021 жылы прокурорларға негізгі шешімдерді келісу заңмен жүктелді. Ал 2022 жылы прокурорлар аса ауыр қылмыстарды тергей бастады. Осыған орай өзіңіз басқарып отырған басқарманың жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.

– Рас айтасыз. Сіздің сұрағыңызды одан әрі жалғастыратын болсам. Прокуратура органдары 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің айыптау актілерін түзуді қолға алды. Қазіргі таңда қылмыстық процесті одан әрі реформалау жұмыстарының іргетасы қаланып жатыр. 

Негізінде прокуратураның жоғарғы қадағалауды жүзеге асырудағы басым бағыттарының бірі адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау болып табылады. Заңсыздықтарды болдырмау және алдын алу арқылы жолын кесу мақсатында биыл прокуратура огандары бірқатар оңды жетістіктерге қол жеткізді.

Біріншісі – прокурорлар әрбір тіркелген оқиғаның заңдылығына құқықтық баға беру бағытында үш тәулік ішінде ақтайтын негізбен 109 қылмысты тоқтатты. Екіншісі –  қылмыс жасаған тұлғаны күдікті деп тану, оның іс-әрекетін саралау немесе қайта саралау, істерді тоқтату, мерзімдерді үзуге қатысты 481 негізгі шешімді келісуден бас тартылды. Үшіншісі – кезекші прокурордың араласуымен қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелерінде заңсыз ұсталып отырған – 28, ал уақытша ұстау абақтысында болған 6 адам босатылып, олардың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы 56 пайызға төмендеді. Оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы құқықтардың бұзылуы 70 пайыз- ға соттармен ақтау 30 пайызға дейін  төмендеп отыр.

Әрбір көрсеткіштің артында азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығы қалпына келтіріліп,  қылмыс әлеміне негізсіз тартудың жолы кесілген. Тергеп-тексеру барысында заңсыз тәсілдерді қолданып, азаматтардың құқықтарын бұзған лауазым иелеріне қатысты  прокуратура тарапынан қолданылған шаралардан кейін олардың бірқатары тәртіптік, ал кейбірі қылмыстық жазаға тартылды.

– Оқырмандарымызды үнемі мазалайтын мынадай бір сұрақтың реті келіп тұр. Қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелерінде азаматтарды заңсыз ұстау деректері ұшырасып жатады. Мысалы, қарапайым, құқықтық сауаты төмен азаматтар осындай жағдайға тап болғанда не істеу керектігін нақты білмейді. Осыны қысқаша түсіндіріп өтсеңіз?

– Сұрақ өте маңызды, оны әрбір азамат біліп жүруі керек деп ойлаймын. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсам, орган қызметкері адамды ұстап алып, оны полиция ғимаратына жеткізеді, содан кезекші бөлім оны ішке кіргізуден бұрын тиісті құжаттарды ресімдеп, оның жеке басына қатысты мәліметтерді арнайы жүйеге енгізеді. Осы сәттен бастап, азаматтарға органның ғимаратында процестік заңнамаға сәйкес үш сағаттан артық отыруына болмайды, яғни оған қатаң тыйым салынған. Егер адамның қылмысқа қатыстылығы расталмаса, оны орган қызметкері дереу босатуға міндетті.

Десек те, осы айтылғандар орындалмаған жағдайда, жеткізілген адам немесе оның заңды өкілі тез арада кезекші прокурорға хабарлауы қажет. Кезекші прокурор құқығы бұзылған адамды босатуға ықпал жасап, лауазым иесіне қатысты заңмен көзделген шаралардың бірін қолданады.

Сондай-ақ бүгінгі күні қылмыстық қудалау органдарында адамды үш сағатқа жеткізбей ұстап, оны ғимарат сыртына шығарып, қайта ішке кіргізу сияқты теріс тәжірибе қалыптасқан. Осындай жағдайға орын берілетін болса, жоғарыда айтылғандай, кезекші прокурорға хабарласу керек. Кезекші прокурорлар туралы мәліметтер әрбір қылмыстық қудалау органдарында бар, онда олардың ұялы байланыс телефондары да көрсетілген.

– Қоғам арасында құқық қорғау органы қызметкерлері  тарапынан зәбір шеккендер аз емес. Ол айтылып та, жазылып та жүр. Азаптауларға тосқауыл қоюдың қандай жолдары бар?

– Мұндай заңсыз іс-әрекеттер үшін Қылмыстық кодексте арнайы жауапкершілік көзделген. Дегенмен заңды жетік білмеген азаматтар прокуратураға азаптау туралы кеш хабарласуда. 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстық қудалау органының қызметкерлері көрсеткішті жақсарту мақсатында адамды азаптап немесе басқа да тыйым салынған әдістерді қолданып, жасамаған қылмысты психикалық қысым көрсету арқылы мойындатуда. Көп жағдайда азаматтар органның осындай заңсыз іс-әрекеттері туралы прокуратураға кеш хабарласып жатады. Соның салдарынан қылмыс іздерін анықтауға мүмкіндік болмай қалады. Себебі алған дене жарақаттары жойылып, ғимаратқа кіріп-шығуды тіркейтін камералардың сақтау мерзімі  шектеулі болуына байланысты жазбалар өшіп кетеді де, қылмыстық ізге түсуге кедергі болуда. Осылайша қылмыстық құқық бұзушылық дәлелденбеуіне байланысты өндірістен тоқтатылып қалады. Сондықтан тергеу кезінде азаматтар өзінің немесе жақындарының құқықтары бұзылған  жағдайда тез арада прокуратураға хабарласу қажеттігін назарларына салғым келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Т.Зеберханова.

Пікір қалдырыңыз