Медиация: дауды өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай шешу

Бүгінде құқықтық жүйесі дамыған мемлекеттерде әртүрлі шиеленістерді шешу барысында медиация әдісі кеңінен қолданылып, азаматтар медиатордың көмегіне жиі жүгінеді. Ал біздің елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылы қабылданған. 10 жылдан аса уақыт қолданыста жүрген бұл заңға, жалпы медиатор қызметіне жұртшылық қаншалықты сенім арта алады? Осы тақырыпта «Республикалық медиаторлар қауымдастығының» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, құқықтану ғылымының магистрі, халықаралық медиатор Нұрбала Оразқұловамен әңгімелескен едік.
– Әңгімеміздің басын елімізде медиация институтының қалай дамып келе жатқанынан бастасақ?
– Алдымен медиация дегеніміз не, оның тиімді тұсы, институттың мақсатына тоқталып кеткеніміз жөн. «Медиация» латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиацияны қарапайым тілмен айтқанда бітімгершілік деп түсінуге болады. Яғни белгілі бір мәселе бойынша келіспеушілік, дау туындаған жағдайда жеке немесе заңды тұлғалар, оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Бұл үшін тараптар өзара келісім бойынша кәсіби немесе кәсіби емес медиаторға жүгінеді. Медиация тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен дауды тарқату. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Медиация институтының мақсаты – дауды шешуде екі тарап та қанағаттанатын жағдайға қол жеткізу және тараптардың дауласу деңгейін төмендету.
Ата-бабаларымыз, бұрын түрлі дауларды билер соты арқылы келісіммен шешіп отырған. Билер соты дауды қарағанда өзі қадағалайтын тәртіптілікті қатаң сақтай отырып, істің күрделілігі мен тараптардың мүдделеріне ерекше назар аударған. Сонымен қатар іске қатысатын тараптар мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялылықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған. Билер соты даудың дұрыс-бұрыстығына баға беру қорытындысында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңіліп емес, екі жаққа да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің әділ әрі шынайы шешімімен тараптарды татуластырған билердің даңқы артқан. Ондай билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымнан дау қуғандар іздеп келіп жүгінгені бәрімізге мәлім. Сондықтан бұл заң қазаққа жат емес, тек «медиация» деген атауы ғана жаңаша.
Бүгінде еліміздегі медиацияның даму үшін «дөңгелек үстел» мәжілістері, семинарлар, білім беру ортасында мектеп медиациясын дамытуға арнаған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Медиаторлар араздасқан тараптарды мәмілеге келтіріп, қоғамдық дау-дамайларды шешуге тегін көмек көрсетуде. Кәсіби медиаторлар ұсынған медиацияны дамыту концепциясының аясында мектептер мен медицина мекемелерінде медиация кабинеттері ашылды.
Айта кетейік, жоғары білімі бар, 25 жасқа толған, ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты, яғни сертификаты бар және кәсіпқой медиаторлар тізімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін жүзеге асыра алады. – Облыста медиация институты атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Түркістан облысында 6 медиация орталығы, 300-ге жуық медиатор халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олардың 90 пайызы кәсіби емес, бірақ беделі, өмірлік тәжірибесі мол абыройлы азаматтар. Қоғамдық медиаторлар ауыл-аймақтағы ас-жиындарда, басқосуларда отбасылық құндылықтар, қоршаған ортаға құрмет туралы жақсы әңгімелер айтып, дау туындаған жағдайда ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран арасына түсіп, басу айтып келеді. Олар мәселені үлкен жанжалға жеткізбей, тараптардың төс қағысып, ортақ мәмілеге келуіне сүбелі үлес қосуда. Ұйымдастырылып жүрген іс-шаралардың нәтижесінде облыс бойынша мыңнан аса дау медиация рәсімі арқылы сотқа дейінгі және сот барысындағы тәртіппен, медиаторлардың қатысуымен оң шешілген. Ауқымды жұмыстар әрі қарай жалғасын табуда.
– Медиацияның бір бағыты – этномедиация. Этносаралық қатынастар саласындағы медиация туралы толық ашып айтсаңыз...
– Этномедиация – бұл ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу мен шешудің бір жолы.
Ұлтаралық қақтығыстың алдын алу мен шешу жолдарынан бұрын оның туындау себебіне тоқталсақ. Кез келген адамның (ол саясаткер, ұлттық көшбасшы, дін немесе БАҚ өкілі, қарапайым адам болуы мүмкін.) бір ұлтқа қатысты арандатушылық мәлімдемесі немесе жеке адамдар арасындағы тұрмыстық оқиғалардың соңы ұлттар арасындағы үлкен жанжалға ұласып кеткен мысалдар жеткілікті. Дәл осы жерде жеке тұлғалардың, жекелеген этностар өкілдерінің азаматтық, әлеуметтік-мәдени құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау мәселесі өте өткір болуы заңды да. Осыған байланысты, ең алдымен этномедиаторға ұлтаралық қақтығыстың себебін білу маңызды. Этносаралық дауларды шешу өте қиын. Ол негізгі жай ғана тұрмыстық оқиға болуы мүмкін, бірақ ушықса тұтас екі ұлттың арасына сызат түседі. Этномедиатор татуластыру рәсімі аяқталғаннан кейін қатысушыларға қажетті кеңестер береді. Сондай-ақ қақтығысушы этностар арасындағы қарым-қатынастың одан арғы жағдайын бақылайды.
– Жалпы маманданған кәсіби этномедиаторларды қалай даярлайсыздар?
– Ол үшін жиі-жиі семинарлар өткізіліп тұрады. Соңғы рет Тараз қаласында өтті. Оған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының өкілдері де қатысты. Іс-шара барысында этномедиация негіздері, қақтығыстардың сипаттамалық ерекшеліктері, құзыреттіліктері, этномедиаторлардың ықпал ету стильдері мен мінез-құлықтары, келіссөздер негіздері, жеке және тұлғалық сипаттамалардың ерекшеліктері және олардың келіссөздер үдерісінің табыстылығына әсері, сондай-ақ оң нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылды. Тренингте қатысушылар әлеуметтік психология, конфликтология және масс-медиамен қиылысу нүктелерін, сондай-ақ қазақстандық ерекшелікті ескере отырып, этнодифференциялау белгілерін қарастырды. Икемді және қатаң ментальды конструкцияларға әлеуметтік-психологиялық талдау жүргізілді. Қазақстандағы түрлі этностық топтардың қатысуымен қақтығыстардың негізгі себептері анықталды, нақты жағдайда этникалық өзара іс-қимылдағы БАҚ пен әлеуметтік желілердің рөлі қаралды. Қақтығыс, жанжалдарды ақпараттық жариялау үшін қолданылатын негізгі терминдер, ақпараттық қолдаудың модельдері мен деструктивті факторлары талданды. Нақты қақтығыстарды анықтауға ықпал ететін және шиеленісті арттыратын ақпараттандыру әдістері, жалған ақпаратпен күресу жолдары көрсетілді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Т.СЕЙІТХАНҚЫЗЫ.