Жеке құжаттың көшірмесін жасауға тыйым салынады

Тоғжан Зеберханова, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанда жеке құжаттың қағаз көшірмесін жасауға тыйым салынады. Ешқандай мемлекеттік орган немесе жеке кәсіпкерлік субъектілері азаматтың дербес деректері сақталған құжаттардың қағаз нұсқасын сұрай алмайды. Бұл норма қазақстандықтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілгелі отыр.


Тұрғындардың дербес ақпараты ашық дереккөздерде жиі жарияланып жатыр. Қарапайым қазақстандықтарға, тіпті мемлекеттік органдарға кибершабуылдардың көбейгені айтылып келеді. Мәселен, жақында ғана  телефон нөмірін терсеңіз, толық ақпарат жариялайтын телеграм бот пайда болған болатын. Цифрлық даму министрлігі оны бірден бұғаттаған. Алайда, бұл ақпараттың қайдан шыққаны әлі күнге дейін анықталмапты. Осындай жағдай болмау үшін заңға бірқатар өзгерістер енгізілмек. Азаматтардың дербес дерегін жинайтын мекемелерге ақпараттар операторы мәртебесі беріледі, яғни мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылады. Соның негізінде елімізде жауапкершілік күшейтілмек. 

Бұл туралы депутат Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.

– Заңдарда тікелей қарастырылған жағдайды қоспағанда жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салу қарастырылған. Бұл да азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына жол бермеуін қамтиды. Ал, иммигранттар, резидент еместер, көшіп келушілер бар – олардан талап етілетін болады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Заң жобасының 12 заңнамалық актісіне «жеке деректердің қауіпсіздігін бұзу» түсінігінің анықтамасы, дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау функциясын беру, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салуды белгілеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Бұл заң жобасын қарау барысында Цифрлық даму және аэроэконом өнеркәсібі министрінің орынбасары Мәлік Олжабеков жеке куәліктердің қағаз көшірмелерін алуға тыйым салынса, интернетке қосылу мәселесі бар өңірлер мен ауылдық елді мекендердің азаматтары не істеу керек екендігін айтты.

– Интернет қосылымы болмаған жағдайлар үшін де ерекшеліктер бар. Бірақ, біздің ойымызша, жалпы алғанда, жеке куәліктердің көшірмелерін жинаудың қажеті жоқ, өйткені, көшірмесіз құжаттан қажетті деректерді қайта жазуға қазірдің өзінде мүмкіндік бар, – деді Мәлік Олжабеков.

Пікір қалдырыңыз