Сіз білетін Таскөмірсай

Мақсат Қарғабай, «Оңтүстік Қазақстан».

Таскөмірсай кен орны созақтықтарға ертеден белгілі болатын. Байлар мұнда төрт түлік малын суарған. Кейін бұлақ тартылып, құдық қаздырғанда жалшылар кәдуілгі тасқа ұқсамайтын өзгеше тасты байқап, байға әкеліп көрсетеді. Бай тастың көмір екенін біледі. Бірақ, ешкімге жария етпейді. «Құдықты қаза беріңдер» дегеннен өзге ештеңе айтпайды. Құдықтың суы тым тереңде әрі түсі қошқыл, дәмі өзгеше болған соң пайдаланылмайды. Бай құдықты тоқылған қамыспен жауып тастайды. 


Таскөмірсайдың бораны ерекше, табиғаты қатал, жазы аптапты ыстық, қысы аязды. Долы бұрқасыны, қалың қары бар. Осындай күмәнді құдықтың суын шығырмен тартып шығарады екен. Сол жылдары Теріскей даласына алтын, күміс кен орындарын іздеген ағылшындар келеді. Кен қазып алып, оны өзен суларына шайып, алтын алады. Шұңқыр жерлердің көптігі сонша, бұл маң «Мыңшұқыр» деп аталып кетеді. Таскөмірсайда көмір бар екенін білген ағылшындар баяғы шұңқырлардың қасынан қиялап, шахта қаза бастайды. Оны екі адамнан төрт адам қатар тұрып, айналдыра шығырмен бұрап төменге түсіріп, қайта шығарып отырған. Кейін көмірдің пробасын елдеріне апарғанда әлі толық піспегенін анықтайды. Бүгінде ағылшындар орналасқан үй қырдың басында оқшау тұр. Осы уақытқа дейін мұнда қаншама ғимарат салынып, қайта бұзылып кетті. Ал, ағылшындар салған сол үй іргетасынан бастап жақсы, сапалы салынғандықтан, осы уақытқа дейін сол қалпында тұр.

1937-1941 жылдары өзге аудан, облыстар сияқты Созақ ауданына да жер аударылған өзге ұлт өкілдері келе бастайды. Солардың  бірі украин қызы Мария Григорьевна Дементьева деген мамандығы медбике қыз Қостанай арқылы осы аймаққа келген. 1942 жылы ол өз еркімен майданға аттанады. Сондай-ақ, Таскөмірсайға орналасқан өзге ұлт өкілдерінің бірі Шешенстаннан келген Мұхамед Лабазановтың отбасы. Созақ ауданының халқына Лабазан деген есімімен танымал. Мұхамед Сергодағы шахтада жұмыс істеген. Ол жерде түрлі ұлт өкілдері, түрмеден, соғыстан қашқандар көп болады. Мұхамед «тілі ащы біреуін өлтіріп қоярмын» деп қайтадан Таскөмірсайға келеді. Осында ұзыннан ұзақ жұмысшылар жататын барак болған. Онда дүкен, дәріхана, медпункт орналасады. «Еңбек» ұжымшарының кеңсесі де осы жерде болады. Әлгі ұзын баракта қуғын-сүргінмен келгендер тұрады. Таскөмірсай шахтасы қырқыншы жылдары жұмыс істей бастайды. Қазылған көмірді Сергоға тасиды. Онда қорғасын зауыты болатын. Ұлы Отан соғысынан кейін Таскөмірсай кені қайта жабылып, кейін бұл жер «Жартытөбе» кеңшарының №2 фермасының қарауына өткен. Сол жылдары Таскөмірсайға мал өнімдерін дайындау мекемесі салынады. Шахтаның бастығы болып, жұртты жұмысқа шебер ұйымдастыра білген қабілетімен көзге түскен Мұхамед Лабазанов тағайындалады. Оның есімі Созақ ауданынан өтіп, облысқа тарайды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кеңшар басшылары Мұхамедті іздеп келіп, сәлем береді екен. Шахта сол жабылғаннан 1996 жылы белгілі кәсіпкер, сол уақыттағы «Оңтүстік» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов ашқанға дейін жабық тұрды. Себебі, көмір әлі жетілмеген, шикі күйінде еді дейді сол уақыттағы зерттеуші мамандар.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Жұмысшыларға еңбекақы төлеу мұң. Бюджеттік мекемелер 6-7 ай, зейнеткерлер зейнетақысын 5-6 айлап ала алмай, дүкен сөрелері қаңырап, жұмыссыздық көбейген, жұрттың қолы наубайхананың нанына жетпей, диірменге бидай тасыған, қорада шаң басып жатқан қол диірмендерін іздеген уақыт болатын. Сол кездегі аудан әкімі Таскөмірсайды қайта ашып, көмірі шикі болса да үйін жылытуға жарайды деп есептеп, өте төменгі бағамен халыққа үлестіреді. Жағдайы төмен, мүгедек, жетім, жесір, соғыс ардагерлеріне тегін таратады. Әнуар Асылбеков, Ғазиз Нышанбаев компания тарапынан Таскөмірсайға басшылық жасайды. Елдің ризашылығы мен алғысына бөленеді. Қиын шақта халықты тар соқпақтан, тоқырау мен қымбатшылықтан алып шыққан Таскөмірсай шахтасына ел разылығын білдірді.

Беріде Таскөмірсайға аудандық жол мекемесінің жылыту бекеті орналасты. Онда ДЭУ мекемесінің қызметкерлері, жұмысшылары жататын. Техникалары кез-келген жағдайға сақадай сай тұратын. 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 15 қазандағы №329 қаулысы мен ОҚ облыстық мәслихатының 2015 жылғы 30 қыркүйектегі №42 \342 –V «Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы бірқатар елді мекендерді жою, тарату туралы» шешімі негізінде Таскөмірсай таратылды.

Тоқырау жылдарында бірқатар аудандарда қара тал, терек, жеміс ағаштары оталып, жойылып кетті. Ал, Созақ ауданында Таскөмірсайдың ағаштары аман қалды. Содан бері осы төңіректе кәсіпкерлік сала дамып, шаруа қожалықтары пайда болды. Таскөмірсай Мұсан Әбілдаев, Олжабек Әбдірахманов, Рашат Лабазанова деген жеке кәсіпкерлердің кәсіпкерлік нысандарына айналды. Олар мұнда мал, құс өсірді. Халықты ет, айран, сүт, құрт, ірімшікпен қамтамасыз етіп келеді. Әрі-бері қатынаған жолаушылар да осында аялдап өтеді.

Пікір қалдырыңыз