Жәнібек хан Есімұлы

Жәнібек Есімұлы – XVII ғасырда өмір сүрген қазақ ханы. Ол қазақ хандарының Жәдік әулетінен тарайды. Есім ханның үлкен ұлы.

Балалары туралы ешқандай мәлімет жоқ. «Бахр ал-асрар» атты шығыс дерегінде Есім ханның Орта Азияның бір бөлігін басып алғаннан кейін Жәнібек сұлтанды Мәуреннахрдағы алты иеліктің бірінің бас қаласы болып табылатын Сагарджа шаһарына хәкім етіп тағайындағаны туралы жазылған. Оның Қазақ ордасының ханы болып билік жүргізуді нақты қай жылдан бастап қолға алғаны туралы дерек жоқ. Сондықтан XVII ғасырдың 30 жылдарында Есім хан қайтыс болған соң, оның үлкен ұлдарының бірі Жәнібек мұрагерлік жолмен таққа отырды деп болжам жасауға болады. 

Қазақстан тарихын зерттеуші ғалым И.В.Ерофеева Жәңгір ханның «Қазақ ордасының» билеушісі, яғни «царь» титулы болғандығын айтады. Бұл Жәнібек ханның XVII ғасырдың 30-40-жылдарында Қазақ хандығының билеушісі болғандығын дәлелдейді. 

Жәнібек ханның билікке келуі мен оның алғашқы жүргізген сыртқы саясаты Жоңғар мемлекетінің құрылуымен сәйкес келді. Содан болса керек, «Жәнібек хан Қазақ хандығының тарихында «Жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі» деп аталатын кезеңде ел билеп, жоңғар мемлекеті құрылған күннен бастап, олардың  қазақтарға қарсы жасаған жорықтарына тосқауылдар ұйымдастырды. Қарсы жорықтар жасады» делінеді. Жәнібек хан бүкіл билік құрған жылдарын жоңғарларға қарсы күресте өткізген тарихи тұлға болып саналады.

Сонымен қатар, Жәнібек хан Қазақ хандығына үлкен қауіп төндіріп тұрған ойраттармен көп соғысқан. Ол ойраттармен болған ірі шайқастардың бірінде қаза тапты деген болжамдар айтылады. Жәнібек хан 1643 жылы қайтыс болған соң оның сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. XVII ғасырдан бастап  Есім хан және одан кейінгі билеушілер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерлене бастаған болатын.

Динара АРЫНОВА,

«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері. 

Пікір қалдырыңыз