Жәңгір хан Есімұлы

Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі. Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал, үшінші ұлы – Сырдақ сұлтан. Есім ханның үлкен ұлы Жәнібек XVII ғасырдың отызыншы жылдардың басында таққа отырып, ойрат тайшыларымен жиі соғысқан. XVII ғасырдың қырқыншы жылдарының басында ойраттармен болған кезекті бір шайқастардың бірінде қаза тапқан.
Жәңгір ханның нақты қай жылы туғаны белгісіз. «XVI ғасырдың соңы немесе XVII ғасырдың бас кезінде дүниеге келген» деген болжам айтылады.
Жәңгірдің шын есімі – Жаһангер. Бұл парсы тілінен аударғанда «әлемді бағындырушы», «билеуші» деген мағынаны білдіреді. Жәңгір хан орташа бойлы, кең иықты, денелі кісі болған. Сондықтан халық оны «Салқам Жәңгір» атап кеткен.
Жәңгір (Жаһангер) ханның есіміне көптеген деректерде «сұлтан» лауазымы қоса жазылған. Ортағасырлық шығыс дерегінде 1634 жылы Ташкентке жорық ұйымдастырған қазақ сұлтандарының арасында Жаһангер ханның есімі кездеседі. Жоңғарияға барып келген орыс елшілерінің есептерінде де оның дәрежесі «сұлтан» деп жазылған.
Батыр хонтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жаз мезгілінің ортасына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат тайшылары, Халха билеушісінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50 мың әскер жорыққа шығады. Бұл жорыққа Жәңгірдің одақтастары Хүндулен тайшы, Далай тайшының ұлдары қатысудан бас тартады.
Бір қызығы, тарихи жазбалаларда Батыр хонтайшының Жәңгір сұлтанға қарсы аттанғандығы туралы айтылады. Бірақ, сол кездегі қазақ ханы Жәңгірдің ағасы Жәнібек туралы ешкім сөз қозғамайды. Барлық деректерде тек Жәңгір сұлтанның есімі айтылып отырады.
Жәңгір сұлтан жоңғар әскерінің қазақтарға қарсы дайындығынан хабардар болған сияқты. Мұны Жәңгірдің Хүндулен тайшымен жақсы тіл табысқанының нәтижесі деуге болады. Жәңгір Сұлтан Батыр хонтайшының жорық бағытын алдын-ала біліп, оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді таңдап алады. Самарқандағы досы Жалаңтөс батырға хабар жібереді. Өзі 600 адамдық әскерімен жауға қарсы аттанып кетеді. Жоңғар әскерінің бағытындағы тар тау шатқалының ішінде шағын ор қаздырып, онда мылтықпен қаруланған 300 жасағын қалдырады да, өзі қалған әскерімен қарсы беттегі тастардың артына жасырынады. Хонтайшы әскері орға жақындағанда Жәңгірдің 300 жасағы оларға оқ ата бастайды. Екінші жақтан сұлтанның өзі соққы береді. Шатқалдың өте тарлығынан қалмақ әскері өздерінің соғыс өнеріндегі айла-тәсілдерін толық қолдана алмайды. Батыр хонтайшы екі рет шабуыл жасайды, бірақ, онысы ешқандай нәтиже бермейді. Сол кезде Самарқан әкімі Жалаңтөс батырдың
20 мыңдық әскері келіп жетеді. 10 мыңдай адамынан айырылған жоңғар әскері кері шегінуден басқа амал таппайды. Бұл соғыс Жәңгір сұлтанның атақ-абыройын қалай асқақтатса, Батыр хонтайшының беделіне сондай зор нұқсан келтіреді.
Жәңгірдің дәл қай жылы хан болғаны белгісіз. Осыған байланысты ғалым, зерттеуші Т. Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін шамамен XVII ғасырдың қырқыншы жылдардың ортасына таман Жахангер бүкіл қазаққа хан болады». Ол хандық билікке келгенге дейін-ақ өте зор беделге ие еді.
Жәңгір ханның билігі тұсында Қазақ хандығы Шығыс Түркістандағы моңғол билеушілерімен жақсы қарым-қатынас орнатты. 1643-1644 жылғы соғыста жеңіліс тауып, масқара болған Батыр хонтайшы 1652 жылғы жорықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіруге бел буады. Осы мақсатта арнайы мерген-садақшыларды даярлап, оларға ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруді тапсырған. Бұл тапсырманы 17 жасар Галдамба орындап шығады. Жәңгір ханның қаза табуы жайлы «Рабжам Зая Бандиданың хикаясы айдың жарығы демек-дүр» деген еңбекте айтылған. Онда «Очирт Цэцэн ханның екінші ұлы 17 жасар Галдамба 1652 жылы қазақтармен болған ұрыста қазақтың ханы Жәңгірді өлтірді» деп жазылған.
Осылайша, бар ғұмырын ат жалында өткеріп, елі мен жерінің азаттығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында жаулармен алысып, арпалысып өткен Жәңгір хан қан майданда қаза табады. Оның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына қойылады. Жәңгір ханға дейін кесене жанына әкесі Есім хан, көкесі, яғни Есім ханның ағасы Ондан Сұлтан, туған ағасы Жәнібек хан және тағы басқа белгілі тұлғалар жерленген болатын. Оның да осы қалада жерленуін қалыптаса бастаған дәстүрдің сақталуынан деп есептейміз.
Б.БАЙБОЛОВ,
«Әзірет-сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы.