Банкрот болу несиені кешіру емес

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңның қолданысқа енгеніне де бес айға жуықтады. Осы аралықта қанша азаматтан өтініш түсті? Олардың қаншасы банкрот деп танылды? Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін ЕЛШІБЕКОВПЕН әңгімеміз осы төңіректе өрбіді. 

– Еркін Кеңесбекұлы, облыс бойынша банкроттыққа қанша өтініш түсті?
– 21 шілдеге дейінгі мәлімет бойынша бізге жалпы 8 813 өтініш келіп түсті. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Есесіне, 7 755 өтініш кері қайтарылды. Яғни берілген өтініштің тек 
10 пайызы ғана мақұлданды деген сөз.
– Өтініштердің дені не себептен қабылданбады? 
– Біріншіден, өтініште міндетті түрде жұбайын (зайыбын) көрсету керек. Себебі, оның банкроттық рәсімге келісімі қажет. Егер жұбайы жоқ болса немесе екінші жұбайы жауап бермесе, банкроттық туралы өтініш жойылады. Бұл өтініштердің кері қайтарылуының ең негізгі себебі. Екіншіден, көп борышкердің екінші деңгейдегі банктерге, микроқаржы ұйымдарына қарыздары мен өсімпұлдары және т.б. проблемаларды реттеу туралы өтініштері расталмады.
– Ол азаматтар қайта өтініш бере алады ма?
– Кез келген азамат өтінішті қайта тапсыруға құқылы. Алайда, борышкер үш айдан кейін кеткен кемшіліктерді түзеп, қайта өтініш беруіне болады. 
– Өтініштер облыстың қай өңірлерінен көп түсіп жатыр?
– «Мемлекет несие бойынша барлық қарыздарды есептен шығарады екен» деген қауесетті ести сала бізге бірінші болып көп балалы аналар жүгіне бастады. Айта кету керек, заң қатаң критерийлерге негізделген. Сондықтан тұрғындарға банкроттық бір реттік акция емес, рақымшылық емес, қайырымдылық рәсім емес екендігін түсіндіруге тура келді. Банкроттық дегеніміз – бұл қарызды төлей алмау деген сөз. Сондықтан адамдарды банкроттықты таңдау туралы шешімге байыпты және жауапкершілікпен қарауға шақырып жатырмыз.
Наурыз айының соңына дейін күніне 300-400-ге дейін өтініш түсетін. Қазір біршама азайып қалды. Ең көп өтініш Түркістан қаласының еншісінде. Олардан 
1 388 өтініш түссе, Сайрам ауданынан –  1 210, Сарыағаш ауданынан –  1 245. Жетісай ауданынан  1 173 өтініш түсті.
– Еркін Кеңесбекұлы, банкроттық рәсімі барысында қандай қарыздарды есептен шығаруға болмайтынын оқырмандардың тағы да есіне сала кетейікші...
– Бұл алимент бойынша қарыздар, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша келтірілген залал және салықтар бойынша бюджетке түсетін қарыздар. Мұндай сомалар банкроттыққа жатпайды.
–  Соттан тыс банкроттыққа кімдер сәйкес келеді?
–  Берешек қарызы 1600 көлеміндегі ең төменгі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын адамдар соттан тыс банкроттық рәсімін пайдалануға құқылы. Биыл бұл сома 5 миллион 520 мың теңгені құрып отыр. Бұл үшін бірқатар критерийлер есепке алынады, яғни мүліктің толық болмауы, қарызды өтеудің 
12 айға кешіктірілуі, ал, егер борышкер атаулы әлеуметтік көмекті кемінде 6 ай алса және 
6 ай ештеңе төлемесе, ол бірден өтініш бере алады. Яғни оған 
12 ай күтудің қажеті болмайды. Борышкер мәселені шешу үшін банкке немесе микрокредиттік ұйымға жүгінуді реттеу рәсімдерін мерзімі өткен берешек пайда болған күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде жүргізуі қажет. Борышкер соңғы жеті жыл ішінде сот немесе соттан тыс банкроттық рәсімінен өтпеген болуы керек. Ал, егер қарыз 5 жылдан артық өтелмесе, мүліктің сомасы ескерілмейді. Демек, борышкер өтініш беруге құқылы.
–  Өтініштерді толтыру және жіберу рәсімдері қалай жасалады?
–  Ең бірінші кезекте борышкер тіркеу мекенжайын, отбасылық жағдайын атап көрсетуі қажет. Несие берушілердің тізімін, олардың мекенжайлары мен берешек сомасын және өтелмеген күндерін де көрсетуі тиіс. Борышкердің екінші деңгейлі банктермен, МҚҰ-мен проблемалық берешекті реттеу туралы келісуге растайтын құжаттың көшірмесін ұсыну керек. Сондай- ақ, бұл азаматтардың өтініштеріне кері байланыс ретінде берген банктердің жауаптары, шарттың талаптарын өзгертуден бас тартылғандығы туралы қағаздары, борышкердің банкке, микроқаржы ұйымдарына жіберген өтініштерінің көшірмесі немесе өтінішті тіркеу орны бойынша салық ұйымдарына электрондық форматта жіберуі қажет. Сонымен қатар өтініш иесі АӘК алатындығы жөнінде де құжаттар тапсыруы керек. 
–  Азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі қанша күнге созылады?
– Егер де борышкер аталған критерийлерге сәйкес келсе, онда 15 жұмыс күні ішінде тізімге енгізіліп, электрондық үкімет порталында жарияланады. Аталған процестер іске асқаннан соң банкроттық туралы өтініште көрсетілген несие берушілер бұдан былай одан қарыз талап ете алмайды, оның шоттарынан ақша ала алмайды, қарыздың барлық түрлері бойынша өсімпұлдар, айыппұлдар мен сыйақылар алынбайды. Сонымен қатар, соттардың қарызды өндіріп алу туралы шешімдерін орындау тоқтатылады. Сәйкесінше «банкрот» деп танылған азаматқа қосымша жаңа несиелер мен қарыздар алуға тыйым салынады (заттарын ломбардқа тапсырудан басқа). 
Ал, егер борышкер критерийлерге сәйкес келмесе, онда 15 жұмыс күні ішінде оның тіркелген нөміріне sms түрінде дәлелді бас тарту келеді. Сондай-ақ, азаматтар аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына келіп, соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім ала алады. 
–  Осы ретте азаматтардың несиелік тарихына қаржылық мониторинг жүргізу дегеніміз не?
–  Мемлекеттік кірістер органдарына келіп түскен өтініштер веб-порталдағы жүйеде автоматты түрде өңделеді. Бұл жүйе өтініштерді өңдеу кезінде адам факторын болдырмайды және 1414 сервисінен банкроттықтан бас тарту немесе қолдану туралы sms-хабарлама арқылы азаматтарды мониторинг нәтижелерімен хабардар етеді. Ақпараттық жүйе арқылы борышкердің қажетті өлшемдерге сәйкес келетіндігі мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен салыстыру арқылы жүргізіледі.
–  Банкроттық мәртебесін алған азаматтарға алдағы уақытта қандай шектеулер болуы мүмкін?
–  Банкротқа бес жыл ішінде кредиттер мен қарыздар алуға (мүлікті ломбардқа тапсырудан басқа) тыйым салынады. Азамат өз мүлкін біреуге кепілге бере алмайды. Қарыздар бойынша кепіл болуға рұқсат етілмейді. Аталған шектеулер тек 7 жылдан кейін ғана алынып тасталынады. Сонымен қатар, банкроттықтан кейінгі үш жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетіндігін ескерте кеткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ысқақ САДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз