«ТОЛЫҚ АДАМ» ІЛІМІ және ҚАЗІРГІ ЖАСТАР немесе Абайды түсінген жан адаспайды

Абайдың «толық адам»  ілімін тереңінен талдап берген ғалым Мекемтас Мырзахметұлы былай деп жазады: «Адамзат қоғамы тарихында адамгершілік идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі – жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атаулының бәрі де дүниедегі ең асыл, бағалы нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында ұлы ойшыл алдына да қойылды».
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ғалымдардың алдына нақты міндеттер қойып, «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп айқындап берді.
Алдымен, ұлы ақын неге «толық адам» іліміне келді деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
ХІХ ғасыр – Ресей патшалығының қазақ даласын отарлауының күшейген кезі. Ел билігіне болыстық жүйенің енгізілуі – қазақ халқының мінез-құлқына үлкен өзгерістер алып келді. Ел адамдарын бір-біріне айдап салу, ортаға майлы жілік тастап, билікке таластырып қою (болыстық сайлау), содан туындап жататын әр алуан жағымсыз мінездерді одан сайын күшейту, пара беру мен пара алу, күншілдік пен арыз жазу, жағымпаздану, сатқындық, берген парасын елден үстемелеп қайтарып алу үшін жаныға жанталасып, түрлі әрекеттерге бару – өзге де толып жатқан ұсақтану мен ұлттық рухтан айырыла бастау көріністерін Абай өз заманында терең сезінді. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде уақыт, қоғам шындығының бет-бейнесі айқын көрінеді. Жағымпаз, иілімпаз болыс – ел қамын ойлайтын тұлға емес. Жеке басы үшін халық, ұлт мүддесін ойланбай сатып жіберетін пақыр. Ел тұтқасын ұстаған адамдар осылай азғындаса, ел болашағы не болмақ?! Отаршылдықтың дендей еніп жатқан осындай сұмдықтарына қандай тосқауыл қоюға болады? Халықты жамандықтан сақтап қалудың жолы қандай? Отаршылдықтың бетін қайтарып тастайтын қазақ даласында күш жоқ. Ондай күшті ұлы ақын да таба алмады.
Міне, осы ретте Абай халықтың берік сенімі мен мықты рухы ғана өзін сақтап қалатынын түсінді. Ол үшін халықты, оның ішінде жас ұрпақты дұрыс жолға бағыттайтын ілім қажет деп ойлады. Абай шығыс философиясына ден қоя отырып, оны өз тарапынан толықтырып, тереңдетті.
Абай адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында «толық адам»  ұғымын дамудың ең жоғарғы басқышына қояды. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адам баласына қажетті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап, толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген имандылық жолындағы абзал азамат. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» дегенде, Абай толық адам хақында ұстанған көзқарасына сай сипаттарды атайды. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді. Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады. Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары бағалайды. Не нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі шексіз мол деп санайды.
Бұл Абайдың отыз сегізінші қарасөзінде қолданылатын «толық адам» деп аталатын сөздің тікелей баламасына келеді. Кемел адам мәселесі ұлы ойшыл Әл-Фараби еңбектерінде, мұсылмандық әлемнің сопылық ағымында ХІ-ХІІ ғасырда-ақ қалыптасып, шырқау биігіне жетіп, сол негізде 1069 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік» дастанында толық баяндалып суреттелген болатын. Сопылық «хал ілімі» саласында негізі қаланып, даму жолына түскен сопылық адамгершілік ілімін Абай өз заманы талабына орай дәстүрлік жалғастықпен дамыту арқылы қазақтың гуманитарлық ғылымына  «толық адам» ілімін алып келді.
«Толық адам» сопылық ілімнің адамгершілік негізінен туындайтын «камили инсани» деп аталатын ар ілімімен іштей сабақтасып жатқан қастерлі рухани құбылыс болатын. Өзі өмір сүрген кеңестік дәуірде Мұхтар Әуезов «толық адам» терминінің түп-тамыры жағынан сопылық ілімнен туындайтын камили инсани (кемелденген адам) танымымен, Шәкәрім тілімен айтқанда, ар ғылымымен ұштасатындықтан Абай қолданған нұсқасымен атай алмады. «Толық адам» термині абайтану саласында тек 1963 жылдан бастап қана ғылыми айналымға түсе бастады. 
М.Әуезовтің ғылыми шығармашылық зерттеулерінде Абайдың адамгершілік мұраттарының негізіне айналған өте күрделі ұғым мен танымнан тұратын «толық адам» мәселесі елеусіз қалыпта көркемдік тәсілмен беріліп отырады. Мұның сыры, жазушының өмір сүріп отырған қатал заманындағы таптық идеологиялық жағдайлар мен саяси ахуалдың өршіп, оны партияның қалт жібермей аңдып отыруынан туындаған автордың шарасыздық тәсілі деп түсінген жөн. Яғни Абай дүниетанымын терең танып біліп отырған ғалым өз зерттеулерінде «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөздермен ғана атап өтеді. Ал, бұл ойларын автор «Абай жолы» роман-эпопеясында көркемдік тәсілмен таратып жеткізеді. Абайдың дүниетанымына бойлаған адам бұл жағдайды «Абай жолы» эпопеясын оқып отырғанда анық аңғарады. Мысалы, «Абай жолындағы» Бөжей, Құнанбай тартысы, осы күрестің Қарқаралыдағы көрінісін еске алайық. Бала Абай от пен судай екі мінездің, яғни қатыгездік пен рақым, шапағаттың ортасында қалыптасып өсіп келеді. Әке жолы суық ақылдың, рақымсыз қаталдықтың өрісін танытса, халық анасы Зере мен Ұлжан әрі Абай нәр алған парсы, түркі тіліндегі кітаптардағы шығыстың гуманистік ойлар төркіні нұрлы ақылда жатыр.
Жалпы, М.Әуезов Абайды өз шығармасында тек ақын, қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар асқан ойшыл, гуманист ретінде танытады. Заңғар жазушы Абай шығармаларындағы ақыл, қайрат, жүрек жайлы түбі терең танымның ақын санасында сонау жігіттік шағында-ақ, өзі таныған әлеуметтік орта мен шығыс ойшылдарының кітаптарын оқу арқылы өз бойына дарытып, қорытқан ой қазынасы екенін көркем сөзбен кестелейді.
Шын танып, терең бойлаған адамға Абайдың «толық адам» туралы ілімі ешқашан ескірмейді. Қайта заманның талабына сай қайта зерделенуі және бүгінгі ұрпаққа жетімді түрде насихатталып, түсіндірілуі қажет деп білеміз.
Қазіргі уақытта біз неге Абайдың «толық адам» іліміне ден қоюмыз қажет? Кеңестік кезең қанша дегенмен, тұйық, оқшауланған қоғам болды. Қазіргі уақыттың ерекшелігі – жаһандану. Жаһандану үдерісі өте күшті қарқынмен жүріп жатыр. Мұның жақсы жақтарымен қатар, өзге елден келіп жатқан көптеген жат ағымдардың, теріс идеологияның, дәстүр-салтымызды, наным-сенімімізді бұзатын жағымсыз ықпалдардың күшейіп тұрғанын жасыра алмаймыз. Оларға қалай төтеп беруге болады? Қалай өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап қала аламыз? Еліміздің болашағы жастарды жат ағым, теріс әрекеттерден қайткенде қорғап қаламыз? Бұл үшін, әрине, Абайға жүгінуіміз керек.
Абайдың «толық адам» ілімі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады. Ондағы «бес асыл» мен «бес дұшпанның» негізі шығыс ойшылы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) педагогикалық трактатында жатыр.
Абайдың дүниетанымында бұл ой тереңдетіліп, адам бойына қажетті «бес асыл қасиет» пен «бес дұшпан» нақтыланады. Әлбетте, кешегі оқушылар, бүгінгі студенттер Абайдың бұл ғибратын мектеп қабырғасынан жаттап өседі. Бірақ, бұл жеткіліксіз, әрбір жас өзінің дүниетанымының қалыптасуында Абай айтқан «жанға пайдалы қорекпен» сусындауға саналы түрде бет бұрғанда ғана «толық адам» жолына түсе алады.
Абай сипаттаған толық адам кім? Абай «жүректі» жырлайды. Қарапайым қазақтың жүрек туралы ұғымы «жүректі адам», «батыл адам» дегеннен аспайтынын айта келіп, оған тың мағына үстеп, рақым мен шапағаттың қайнар көзі деп философиялық тұрғыдан мән береді. Ақыл, қайрат, жүректің бірлігінде жүректі бірінші орынға қояды. Өзінің он жетінші қарасөзінде жүрекке тіл бітіріп: «қан менен тарайды, жан менде мекен қылады... әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады» деп сөйлетеді.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, –
деп ғылымға ден қоя отырып:
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, –
деген қорытынды жасайды. Мұндағы «ыстық», «нұрлы», «жылы» эпитеттеріне ақын терең мағына үстеген. Ақылдың өзін «нұрлы ақыл», «суық ақыл» деп қарасөзінде бөліп айтқандай, әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірбаншылықтың ұясы ретінде жүрекке бірінші орынды беруі, соған ішкі қуаты мол ақыл-ойды билетуі – адамзатты гуманизмге шақыруы және әрбір адамның бойында мейірбандықтың, адамдықтың үстем болуын қалауы еді. Әрине, Абайдың бұл философиялық дүниетанымының ұлы ойшыл, ғалым әл-Фарабиден бастау алып жатқанын білеміз. «Жүрек басты мүше, мұны тәннің ешқандай мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді» деп ой түйген Фараби де жүректі бірінші орынға қойған.
Қазіргі қоғам шындығына жүгінсек, адамдар арасындағы мейірбандықтың азайып бара жатқаны жасырын емес. Байлық, ақша билеген заманның қаншалықты қатыгезденіп бара жатқанын бүгінде көкірегінде сәулесі бар әр адам сезінеді. Әсіресе, күні кешеге дейін коммунистік идеологияның құрсауында болып, кенеттен мол байлықты иеленіп шыға келген қоғамның аз ғана бөлігі бүгінгі заманда өздерін жер бетіндегі Құдай санайды. Ал, халықтың көбі тақыр кедейленіп барады. Қоғамдағы үлкен қайшылық та осыдан туындап жатуы мүмкін. Міне, осындай күрделі кезеңде Абайдың «толық адам» ілімі аса қажет.
Абай өзі атап көрсеткен «үш сүюді» толық адам ілімінің темірқазығы етіп ұсынады: 
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, – деп, Жаратушы түп иесін пендесінің махаббатпен сүюі қажет деуі – бірінші сүю. Екінші сүю – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Үшінші сүю – «Және сүй хақ жолы деп әділетті».
Кеңестік дәуірде «құдайсыздық» идеологиясына сәйкес абайтанушы ғалымдар Абайдың бірінші сүюін ашық, нақты айта алмады. М.Әуезовтің өзі «Абайдың діні – ақылдың, адамгершіліктің діні» деп жанамалай айтты. Бұл ретте, Абай ешқандай түсіндіруді қажетсінбей, бірінші сүюдің негізін дәл, нақты айтып тұр. Адамзатты махаббатпен жаратқан жаннан тәтті Алланы сен де сүй дейді. Ал, Алла – мұсылмандық жолы. Міне, қазіргі тәуелсіздік  заманның ең басты жетістігі жалаң идеологияның құлы болмай, Алланы сүюге, оған мінәжат етуге толық жол ашып берді. Абай ілімі ескірген жоқ, қайта заманның талабымен өрлей түсті. Қазіргі уақытта дін – апиын емес, дін – имандылық негізі. Қазіргі жастардың, бүгінгі замандастардың арасында дінге бет бұру бар. Мұны тәуелсіздіктің берген жемісі деп қабылдасақ, бұл – Абайдың «толық адам» ілімінің жасампаздық белгісі.
Абайдың екінші сүюі – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қазіргі Қазақстанның басты мемлекеттік бағытының бірі. Қазақстан – қазір көп диаспоралы мемлекет, көп ұлттың өкілдері осы жерде туып-өсіп, өмір кешіп жатыр десек, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өрелі ұстаным бізден бастау алуы керек те, өзге ұлт өкілдері де Абай ілімін терең түсінуге тырысуы керек.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...». Бұл – Абайдың мәңгі жасайтын қағидасы. Әлем тарихына үңілсек, ру мен ру, тайпа мен тайпа, одан беріде ұлт пен ұлт, содан соң мемлекет пен мемлекет арасындағы ірілі-ұсақты кикілжіңдердің көбінің ар жағында Адам Ата мен Хауа Анадан тараған жұмыр басты, екі аяқты пенделердің бірін-бірі тегіне, түріне, тіліне, яғни нәсіліне қарап жатырқауы жасырынып жататыны анық. Дініне қарай бөліну індеті де сұмдық зардаптарға ұрындырған. Абай айтқан осындай «алтыбақан алауыздықтың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кеткені мәлім. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз.
Ал, Абайдың үшінші сүюі – «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деуі – әділдікті, адамдықты жақтаған гуманистік ой-толғамының биігі. Әділет пен мейірім – Абай жырлаған «жүрек жылуы».
Ұлы ойшыл өзінің отыз сегізінші қарасөзінде былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші-
сі – залымдық». Осы қарасөзінде айтылған адамның бойындағы рухани құндылықты төмендететін қасиеттерден алыс болу үшін қазіргі жастарға ауадай қажет қасиет – ғылым-білім үйрену. Ұлы ойшыл ғылымды меңгеру жолына талпыныс жасауға жол көрсетіп, насихат айтады. Адамды қор қылатын үш нәрседен арылтып, рухани жағынан кемелдендіруге негіз болатын «толық адам» ілімін құндылықтардың ең жоғарғы сатысына қояды. Данышпан Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»  деп, толық адам мәнін ашатын адамгершілік қасиеттерді саралайды. Адам бойындағы адамгершілік қасиеттің жоғарғы шыңындағы осы үш қасиетті біріктіріп, оны өрісі кең әлеуметтік күшке жетелейтін көрсеткіш білім мен ғылым деген тұжырымға келеді. Адам баласына керекті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен зерделеп, толық адамға тән қасиетті айрықша сипаттайды. Мұндағы, «ыстық қайрат» – үнемі ізденісте болып, алға ұмтылу, «нұрлы ақыл» – ізгілікті іс жасауда жан-жағына жылулық сыйлап, Алла берген ақылды жақсылыққа жұмсау, ал, «жылы жүрек» – иманды болу жолында адамдарға құрметпен қарау, мейірім сыйлау, адамдардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін түсіне білу. Хәкім Абай іздеген толық адам осы қасиеттерден туындайтын, тұла бойы тұнған ар, ұят, пенделіктен қол үзген рақымды, еңбекқор, қанағатшыл имандылық жолындағы азамат болып табылады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстасаң ғана толық боласың деген тұжырымы – ақынның толық адам хақындағы негізгі ұстанымының түйіні.
 Әрине, Абайдың «толық адам» ілімін мұнымен шектеп қоюға болмайды. Ақынның өлеңдерінде жырланған адамдықтың күрделі мәселелерінің барлығы «толық адамға» жетудің жолы, алғышарттары болып табылады.
Сол себепті Абайды оқу, оның ілімін өзінің ішкі жан дүниесінде қорыту, өмірлік ұстанымына айналдыру – ел ертеңі болар жастардың басты парызы. Абай адастырмайды. Абай өмірдің мәнін түсіндіреді.
   
Амангелді МАМЫТ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Пікір қалдырыңыз