Әл-фараби және Шәкәрім мұрасындағы «Кемел адам» мәселесі

Әл-Фараби мен Шәкәрім мұрасындағы «кемел адам» мәселесін теориялық-әдіснамалық тұрғыдан зерттеудің философиялық, әлеуметтік, тарихи-педагогикалық маңызы зор. Әр кезеңдегі қоғамдық қажеттіліктерге сәйкес ізгі адам тәрбиелеу мен қалыптастырудың мәні мен мазмұны өзгеріп отырады.

Біздің бұл мақаламызда әл-Фараби мен Шәкәрім мұрасы негізінде ізгі адам идеясын эстетикалық, психологиялық, поэтикалық  тұрғыдан зерделеу бағытында ізгілік, кемел адам, көшбасшылық, тұлғалық қалыптасу мәселелерін зерттеу мақсаты көзделеді. 
Әл-Фараби – Шығыс пен Батыс әлемінің үздік жетістіктерін үйлестірген, өркениеттер тоғысында озық ой айтқан ғибратты ғұлама. Ойшылдың құнды ғылыми және шығармашылық мұрасының жалпыадамзаттық маңызы зор. Ғылымның дамуын философия, мораль және діни нормалармен үндестікте қарастыру – ойшыл дүниетанымының басты ерекшелігі. Әл-Фараби еңбектерін аударып, жариялау XII ғасырда басталса да, оның рухани әлеміне терең және жан-жақты зерттеу жүргізуді жалғастыру – уақыт талабы. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағы қастерлі бабамыздың еңбектеріне адал, әм берік ниетпен қарайтынына сенім мол. Әл-Фарабидің теңдессіз еңбектері Дешті-Қыпшақ руханиятының қайнар көзі болғанын қашан да жадымызда ұстайық» деді. Әл-Фараби мұралары түркі өркениетінің өркендеуіне зор үлес қосты.  
Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби туралы зерттеу жүргізген көрнекті шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі: «Әл-Фараби – тек қазақ халқы ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Біз әл-Фараби мен Абайды көтеру арқылы елімізді көтеріп, насихаттап жатырмыз. Осы тұлғалар арқылы тәуелсіз еліміздің беделін арттырып отырмыз. Бұл кісі өмір бойы білім іздеген адам. Оны насихаттау әр адамның парызы деп ойлаймын. Ол келешек ұрпақ үшін қажет. Ресми деректерге сүйенер болсақ, 200-ге жуық шығарма жазған. Соның 100-ге жуығы бізге жетіп отыр. Әл-Фарабиді әлі де зерттеу қажет. Ол құпияға толы тұлға» дейді.
Әл-Фараби мұраларында түркілік тәрбиенің негізі қаланған. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактатында» жан құбылыстарының әртүрлi көрiнiстерiне сипаттама беріліп, адам бойына ізгiлiктi дарыту тәрбие, өнеге арқылы iске асырылатыны айтылады. Әл-Фараби мұрасын зерттеуші А.Машани, А.Қасымжанов, Ә.Дербісәлі, 
Ж.Алтаев және т.б. ғалымдар ойшылдың баға жетпес ғылыми мұрасының жалпыадамзаттық маңызы бар екенін дәлелдеді.
Ірі ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абайдың философиялық лирикасын жалғастырған бірден-бір тікелей шәкірті. Шәкәрімнің кемел адам туралы «Үш анық», «Адам немене», «Ақыл деген өлшеусіз бір жарықтық», «Талап пен ақыл», т.б. толғаныстары мен  философиялық ойларында адамның жануардан айырмашылығы – таза ақылы мен жаны,  жан адам туған кезде дән болып егіліп, кейін қолайлы жағдай жасалғанда, яғни білім алып, ізденгенде жайқалып өсіп, гүлденетіні туралы айтылады. Шәкәрім Құдайбердіұлы адам феноменін табиғат пен тарих мүмкіндіктерінің өзіндік өлшемі, материалдық дүниенің көптүрлі формальды дамуының үлгісі ретінде қарастырып, «адамның интеллектуалдық даму дәрежесін жеке индивидтің туа және жүре пайда болған қасиеттерімен байланыстыра отырып, әрбір адамның қайталанбайтын және өзіндік дербестігін, баға жетпес құндылығын анықтады».
Көрнекті шәкәрімтанушы ғалым Б.Әбдіғазиұлы: «Адам, оның қоғамдағы орны, бойындағы әртүрлі қасиеттер мен сезім-түсініктер жайында Шәкәрім өз өлеңдерінде көп толғанады. Ақынның идеалы – таза адам, түзу адам. ...Гуманист Шәкәрімнің пайымдауындағы «түзу адам» – арды, шын ақылды, өнер-білімді, еңбекті сүйген жан. ... Адам образын сомдауда Шәкәрім оған қажетті қасиеттердің екі тобын айрықша атап айтады. Оның біріншісі – адамның өз бойынан табылуға тиіс, табиғат-ана сыйлаған адами қасиеттер, яғни ақыл, мейірім, талап, тағы басқалар… Ал, екіншісі – адамның өзін қоршаған ортаны, табиғат пен өмір құбылыстарын тануға ұмтылуы барысында жинақтайтын қасиеттері, яғни оқу, білім, ғылым, еңбек, тағы басқалар. Шәкәрімнің лирикасында бұл қасиеттердің әрқайсысы ерекше бір моральдық категорияға, адамгершіліктің көрсеткішіне айналған» дейді. 
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Талап пен ақыл» өлеңіндегі «Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық – Талапқа алты түрлі ноқта тақтық. Алтауының ішінде ынсап әділ, Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық» деген жолдар осы пікірге дәлел болады.
Мақалада этноретроспективтік, перспективтік, этноинтроспективтік құрылымдар басшылыққа алынады. Отырарлық ойшыл әл-Фараби мұрасындағы адам, «инсән кәмил» мәселесін, адамның бақытқа жету жолындағы жетілу баспалдақтарын зерделеу және ойшыл ақын Шәкәрім мұрасындағы адамдық ұғымдары, кісілік құндылықтар мәселесін, гуманистік идеялар ерекшеліктері,  кемел адам, мінсіз тұлға қалыптастыруға бағытталған құндылықтар жүйесі талданады.

М.БАЛТЫМОВА, 
филология ғылымдарының кандидаты, профессор.

Пікір қалдырыңыз