Сәкеннің әні айтылса, көкем есіме түседі

Өмірде болып жатқан мың-миллион оқиғаның қайсыбірі жадыңда қала берсін?! Бірі қалар, көбі қалмас. Бірақ, жан-жүрегіңмен сезінгендерің естен шығуы мүмкін емес.
Үйдің оң жақ төріндегі бөлмені «тапшал там» дейтінбіз. Негізгі еденінен биігірек етіп тапшан ретінде істелген бөлігі бар. Сол бөліктің ернеуінде отырсақ, аяғымыз төменгі еденге жетпейтін.
Қыстың кеші. Көкем мал-жайды жайғастырып келгеннен кейін тапшанның ернеуінде отырады. Мен төрт жасармын. Ика інім менен екі жас кіші. Екеуміз жапатармағай көкемнің аяғына атқа отырғандай мініп аламыз. Балтырдан қатты қысып ұстаймыз. Әткеншектегідей әрі-бері тербетеді. Неғұрлым аяғын биік көтерген сайын қуанамыз. Қанатты атпен жарысып келе жатқандай сезім. Ініме қараймын, ол маған қарайды. Мәз боламыз. Біздің мәз болғанымызды көріп көкем де шын қуанып күледі.
Келесі күні де інім екеуміз әкеміздің малды жайғап келгенін асыға күтіп отырамыз...
«Қанатты атқа» мінуді қай кезде доғарғанымыз есімде жоқ.
Ойын баласымын. Бір жерімді қатты ауыртып немесе қанатып алсам, көкеме жүгіріп келемін. Ауырған жерімді екі-үш рет «сүф» деп үрлейді. Шын ниетпен «жазылып кетсе екен» деп үрлейді. Мен де шын көңілмен жазылып кетеді деп сенемін. Сонда әлгі ауру қолмен суырып алғандай қайтады.
Мектепке әлі бармаған кезім. Біреу түсіндіріп айтты ма, әлде өз түйсігіммен сездім бе, білмеймін, сандарды бір-біріне ойша қосудың оңай жүйесін тауып алдым. Алдымен бірліктерін қосып алам да, кейін ондықтарды немесе жүздіктерді қосам. Бар қиындық – бірліктерді қоса білсең болды. Оған данышпандық қажет емес. Енді үлкендерге мақтанып, «менен есеп сұраңдаршы!» деймін. Апам да, аға-әпкелерім де қызық көріп сұрайды. Мүдірместен дұрыс жауап берем. Көкем де осы қабілетімді байқап қалып, есепті күрделілендіріп, жүзден асатын сандардың қосындысын сұрайды. Мақтаныш сезіммен жауап берем. «Бақабай есепке жүйрік» деп риясыз күледі. Тағы да «біздің үйде ең жақсы кім?» дейді. Ақиқатты айтқандай нақтылап, «мен!» деймін. Көкем менімен шын келіседі. «Әкем мені ерекше жақсы көреді» деген сеніммен өмір сүремін. «Үйдің ең жақсысы» болу – мені мектепте ең жақсы оқуға, ең жақсы жоғарғы оқу орнына түсуге, жалпы, өмірде жақсы болуға итермелеп тұрды...
Есімде, 1975 жылы, менің мектепке барарымнан бір жыл бұрын қуаңшылық болды. Даланың шөбі көтерілмей жатып қурап қалды. Мұндай кезде малдың қысқы азығын дайындау үшін таудан сасыр жинайды. Сасыр – майда жапырақты, биік өсімдік. Қуаңшылықта да өсе береді және оны мал жақсы жейді. Айтқандай, сол жылы көктемде көкем «көк биенің қасында иесіз жайылып жүр екен, басқа жақтан адасып келген мал-ау» деп бір жирен биені үйге алып келді. Көрші ауылдарға хабар бердік. Иесі табылар дедік. Сол жиренді көкем арбаға қосып көріп еді, үйретілген екен, үрікпей тарта берді. Сасыр тасығанда осы иесіз жирен биенің көмегі тиді: енді екі арбалап таситын болдық. Көкем, әпкелерім Ақерке, Балзира, ағаларым Абылайхан, Дархан атарбаға мініп алып, тауға сасырға барады. Менің де солармен бірге барғым келеді. Көкем көңілімді қимай мені де арбаға отырғызады. Мәзбін. Қырдағы дүкеннің тұсына келген кезде түсіріп кетеді. Енді сасыр артқан арбаның қайтқанын күтем. Бұл жолы аттың үстіне мінем. Сол жирен атқа үйреніп қалған едім. Бірақ, күздігүні иесі табылды. Қазақша қалпақ киген сары шал екен. Атының табылғанына, ұрының пышағынан аман қалғанына қуанып, көкеме ризашылығын білдірді. Әлгі қария жиренді жетектеп алып кетті.
Сол жылы ма еді, одан сәл ертерек пе еді, қыста тәтемнің (көкемнің інісі) үйінде малға беретін шөптері таусылып қалды. Көкем інісіне екі жүз бау (шөптің бір бумасы бес-он келідей шығады) шөп беретін болып шешті. Күндіз ағаларымның қолдары босамады ма білмеймін, шөпті тәтемнің үйіне тасу кешке басталды. Көкем мені шақырды. «Сен есепті жақсы шығарасың ғой, бауды санап тұр» деп «жауапты міндет» жүктеді. Ағаларым Абылайхан, Дархан, Дихан, немере ағаларым Сабырхан, Әлімхандар шөп таси бастады. Мен аса жауапкершілікпен санап тұрдым. Бір кезде «екі жүз болды» дедім. Көкемнің өзі де санап тұрды ма, әдейі істеді ме, күлді де, тағы да үстіне екі бау қосып берді. Ал, мен өзімді есептен қателестім деп ойладым. 
Жазғы каникул десе көп адамның есіне пионер лагері, демалыс, қыдыру түсетін шығар. Менің пайымымда жазғы каникул – ең қиын еңбек науқаны. Сондықтан болар, жазды да, оның аптап ыстығын да жақтырмаймын. 
Мамыр айының аяғы, маусымның басы – шөп жинау кезеңі. Оратын  жеріміз ауылдан екі-үш шақырым жердегі Үмбетсай деген жер. Тегіс жердің барлығын мемлекет игереді. Сай-саланы, тастақты (техника бара алмайтын жерлер) халыққа орып алуға рұқсат еткен. 
Көкем кең кұлаш салып орады. Екі палдың арасында тігінен де, көлденең де шөп болмайды. Тықырлап орады. Диханға да дәл осылай оруды үйретеді. Бұрын үлкен ағаларым Абылайхан, Дархан көкеммен қосылып оратын болса (қазір олар Алматыда оқуда), енді Диханның кезегі. Диханның құлаш салып оруға әлі жетпейді. Бір палды екіге бөліп орады. «Бірақ, тықырлап орады» деп көкем оны мақтап қояды. Таңертең орған шөбімізді түс ауа бәріміз – көкем, Дихан, Ика, мен қосылып шомалай (маядан кішкентай) етіп жинаймыз. 
Екі-үш жылдан соң, Дихан Алматыға оқуға кеткенде, көкем екеуміз орамыз. Үмбетсай қатты ұзарып кеткендей болады. Бітпей кетеді.
Әр қиыншылықтың рахаты болады. Рахаты – кешкі салқынмен көкем екеуміз үйге қайтамыз. Таза ауа, әлсіз самал бетімізден сипай соғады. Айқайлап ән салғым келеді. Көкемнің ән айтқанын көрген емес едім, басқалар да бұл туралы айтпаған. Кейде теледидардан дәстүрлі әндер айтылып жатқанда әнші пауза ұстап, музыка әлі ойнап тұрған кезде әннің келесі жолдарын алдын-ала айтатын. Әнсіз сөзін ғана айтатын. Сол есіме түсіп, «Көке, ән айтасыз ба?» дедім. Көкем жымиды да қойды...

Келемін тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп,
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап, құлақтарын елеңдетіп.

Ақ боз ат менің тұлпарым.
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен
Ауаның жазғы жұпарын...

Қоңыр даусымен асықпай, әнімен айтты. Маған қатты әсер етті. Әлі күнге дейін Сәкеннің әні айтылса, көкем есіме түседі. Бұдан кейін көкемнің ән салғанын көрген емеспін.
Шілдеде еңбек науқанының екінші кезеңі – топан тасу басталады. Топан – бидай масағынан дәнін алғаннан кейінгі қалдығы. Мемлекетке топан керек емес – егістіктерде қалып қояды. Сондықтан халыққа жинап алуына рұқсат береді. Топанды көкемнің қолдан әдемілеп тоқыған шарабасымен тасимыз. Бізге жоспар қояды. Көкемнің жоспарын асыра орындаймыз. Іштей қуанады. Қуанғанын сезіп, біздің де көңіліміз тоғайып қалады.
Тамызда науқанның үшінші, соңғы кезеңі – жоңышқа масағын жинау басталады. Трактордың агрегатын науқанға байланысты өзгерткендей, есектің арбасындағы шарабаны басқасына, масақ тасуға арналып істелгеніне ауыстырамыз. 
Осы жазғы еңбек науқаны адамзат арбаны ойлап тапқан уақыттан басталған шығар, жыл сайын қайталанады. Тек кейіпкерлері ғана өзгереді. Бұрын – атам, кейін – көкем. Алдында ағаларым қатысса, сосын – мен. Менен соң інілерім. Өмірдің ағысы...
1978 жылы көкем көк биені сатып, ақшасына көк «Урал» мотоциклін сатып алды. Әлі есімде, мотоциклді «ГАЗ-53» жүк машинасымен тәтем екеуі алып келді. Қырдағы жарлау жерге тоқтап, машинаның артқы бортын ашқанда, борты жарға тиіп тұрды. «Уралды» итеріп түсіріп алды. Үйге дейін тәтем оталдырмай айдап келді. Әп-әдемі. Жалтырап тұр. Көк айғыр секілді.
Тәтем мотоцикл айдауды Дархан ағама үйретті. Ол аса ұқыптылықпен айдады. Көшеге бір шығып келсе де, жуып қоятын. Қызығып мен де жуатынмын. Жуған сайын жалтырай түседі. Біздің «Урал» сол кездегі ауылдағы бес-алты мотоциклдің ішіндегі ең мықтысы сияқты болып көрінетін. Қыстыгүні айдалмайтын, дөңгелегін жерге тигізбей көтеріп қоятынбыз.
«Уралды» Дархан Алматыға оқуға кеткенде Дихан ағам мінді. Мен көп айдамадым. Бірде Келтемашат ауылынан келе жатып, өзіміздің көшеге бұрыла бергенде, үлкен жылдамдықпен келе жатсам керек, мотоциклдің кебежесі көтеріліп кетті. Қарама-қарсы жағына аяғымды тіреп қалдым. Абырой болғанда, «Урал» қалыпты жағдайына түсіп, әрі қарай тоқтамай жүре бердім. Қазір есіме түсіп кетсе жүрегім дір ете қалады, аяғым сынып кетсе, болмаса, мотоцикл аударылып кетсе не болар еді? Әрине, ол кезде қорыққан жоқпын.
Ика сол мотоциклді көп айдады, жарамай қалғанша айдады. Ал, көкем айдамады. Осылай істегені дұрыс болған екен. «Көк айғырда» көп жүйткіген тәтем қартайғанда шыққан ауруларының бәрін «Уралдан» көретін.
Былайғы жұрт көкемді қатал деп ойлайтын. Кейбіреулер сұсынан сескенетін. Мен олай ойламаймын. Көкем кішкентай балаларын, немере-жиендерін жан-дүниесімен елжірей жақсы көретін, алғаусыз еркелететін. 
Көкемнің отбасы тәрбиесіндегі ұстанымынан арабтың мына мақалының шындығына көз жеткізгендей болатынбыз: «Балаңды 3 жасына дейін патшаңдай құрметте, 12 жасына дейін құлыңдай жұмса, 13 жастан кейін досыңдай көр». 
Ес білгелі маған ақылгөйсіген емес, бітірген жұмысымды туралаған емес. Өмірлік принциптері, істері  бізге ақыл, бағдар болды. Жылы қабағы қолдау болды. 1993 жылы көктемде Ика екеуміз Шымкенттен бір бөлмелі пәтер сатып алдық. Мақтанған сыңаймен әкеме «сіз 24 жасыңызда үй салған екенсіз, мен де 24 жасымда қаладан үй алдым» дедім.
Көкем жауап қатудың орнына күлімсіреді...
Көкемнің менің жадымда қалған тағы бір бейнесі – төсек тартып, ауырып қалған кезі. Мұңайып отырады. Көп сөйлемейді. «Бұл өмірде қызық жоқ!» деп қорытындылай келе айтқаны қазір де құлағымда тұр.
16 жасымда жүргізген күнделігімнің бір бетіне былай жазыппын: «Егер мемлекеттің айтқаны әкемнің айтқанына қайшы келсе, әкемнің айтқанын істеймін».
Бұл менің көкеме деген құрметім еді.
Мен Мәскеуге жоғары оқу орнына түскенде анам: «Көкең басқа балалары оқуға түскенде саған қуанғандай қуанғанын байқамаппын. Сен түскенде қатты қуанды» деген еді. 
Үйленген кезімде де жүзінен ерекше қуаныш байқадым. 
Тұңғышымыз дүниеге келгенде сүйіншілеп алдына барғанда, атын Тахауи деп қойды. «Нағашылары «қандай мағына білдіреді?» деп сұраса, «ұрпақ жалғастырушы» деп айтарсың» деді.
Балалық шақ – таза, кіршіксіз шақ. Біреу «үйіңде ең жақсы кім?» десе, әлі де бала күнгімдей «үйде ең жақсысы мен!» деп жауап беретіндей. Өйткені, мұндай елестің арғы жағында ата-анам үшін де, өзім үшін де қадірлі, ізгі арман тұрғанын сезінемін. 

Бархан МЫҢБАЙ,
«Ақбиік–агро» кооперативінің төрағасы.
Пікір қалдырыңыз