Елімізді өзімізден басқа ешкім қорғамайды

Қасіретті Қаңтар оқиғасы қоғамда қордаланып қалған біраз проблеманың бетін ашып берді. Осы оқиғадан кейін қорғанысымызды қамтамасыз етеді деген әскеріміздің әлеуетіне Президент тарапынан біраз сын-ескертпелер айтылды. Мемлекет басшысы қорғаныс саласының қызметін қайта жүйелеп, кешегідей бүлік кезінде конституциялық құрылымды, егемендігімізді сақтап қалуға барынша жұмыла жұмыс істеуге тиіс екендігін күштік құрылым басшыларының қаперіне салды. Әсіресе, жастарды әскерге тарту мәселесіне ерекше назар аударып, армия қатарында қызмет ету абыройлы борыш екенін алға тартты. Бүгінгідей әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған тұста әскердің әлеуетін көтерудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Алайда, бүгінгі бозбалалар Отан алдындағы борышы саналатын әскерге барудан қашқақтайды. Мұның себебі неде? Біз осыны білмек мақсатта Түркістан облыстық Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Бабай АЛДАБЕРГЕНОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Бабай Тәңірбергенұлы, өзіңізге мәлім, соңғы кездері жастарды әскерге көшеден немесе үйден ұстап әкете бастады. Ата-аналар да бұған наразы екендіктерін білдіріп жатыр. Осы ретте сұрайын дегенім, жалпы, әскерге күштеп әкету заңда қарастырылған ба, жоқ, әлде жоспар орындаудың амалы ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Кешегі кеңестер дәуірінде бойында отаншылдық рухы тасыған жастар әскери борышын өтеуді өзіне абырой санайтын. Әскерге бармау жігіттікке сын болатын. Содан болар, өздері сұранып, әскерге аттанатын. Ал, қазір соның ұшқыны да қалмағандай. Неге десеңіз, бүгінгі жастардың әскерге баруға ниеті жоқ. Бірақ, мұндай жастар заңнан, тәртіптен құтыла алмайды. Себебі, талап – ортақ. Мұның заңдылығын көп ата-аналар түсінбей жатады. Әрбір әскерге шақырылатын азамат Ата Заңымыздың талаптарын міндетім деп қабылдағысы келмейді. Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, әскерге жарамды 18 бен 27 жас аралығындағы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған кез келген Қазақстан азаматы әскери қызметін өтеуге міндетті. Бұдан өзге қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғандарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралған. Атап айтар болсақ, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 647-бабында әскерге шақырылғандарды белгіленген мерзімде дәлелді әрі себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Бұдан бөлек, шақыртудан жалтару дерегі бойынша заңға бағынбағандарға Қылмыстық кодекстің 387-бабының 1-бөлігінде көрсетілген 1000 айлық есептік көрсеткіш немесе түзеу жұмыстарына тарту қарастырылған. Тіпті, болмаса 1 жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы көзделген. Сондықтан азамат 18 жасқа толғаннан кейін шақыру қағазын күтпей, жергілікті әскери органға барып, шешім қабылдау керек.  Жарамды болса әскерге бару керек, ал, түрлі себептермен жарамсыз болса, ресми түрде әскерден қалу керек. Бірақ, оны қазір ешкім орындап жатқан жоқ. 
Қазір барлық шақырылушыға шақырту қағазы жіберіледі. Сонымен қатар ұялы телефонына хабарлама барады. Соның өзінде қашқақтап, шақыру бекетіне келмейді. Келмеген азаматтарға жергілікті әскери басқару органы іздеу жариялап, ішкі істер органдарына мәлімет жібереді. Полиция қызметкерлерінің міндеті – оларды іздеп, анықтап, шақыру бекетіне табыстау. Әрине, азамат өз еркімен келмеген соң тиісті органдар оларды үйінен, көшеден ұстап алады.   
– Егер әскери қызметтегілер жастарды әскерге заңсыз алып кетсе, оларға осы әрекеттері үшін жаза қарастырылған ба?
– Егер шақырылушыны заңсыз алып кетсе, оған әскери органдар жауап береді. Оған күмән жоқ. Барлық әрекет заң аясында жүргізіледі.
– Бүгінгі жастардың әскерге баруға деген құлшынысы неге төмендеп кетті? Мұның себебі, неде деп ойлайсыз? Тәрбиеден бе, әлде еліміздегі идеологиялық жұмыстардың кемшіндігінен бе?
– Біріншіден, тәрбиенің барлық түрі отбасыдан бастау алады. Әрбір ата-ана өзінің ұлына әскерде қызмет етудің маңыздылығын айтып отырулары керек. Оны қорғаштамай, жасырмай, елді, жерді қорғау ер азаматтың қасиетті міндеті екенін айтып, ұлының санасына құйып отырса, мұндай жағдайлар орын алмаған болар еді. Осы ретте бір оқиға есіме түсіп отыр. Жұбайым жергілікті әскери басқару органында жұмыс істеді. Шақыру қағаздарын тарату үшін шақырылушылардың мекенжайларын көбіне бірге аралайтынбыз. Бірде әскерге шақырылатын осындай азаматтардың бірінің үйіне бардық. Бір жас жігіт шақыру қағазын алғаны жөнінде қолын қойып, енді үйіне кірер кезде әкесі келіп қалды. «Қолыңдағы не?» деп сұрады. Қолындағы шақыру қағазын оқып көріп, умаждап лақтырып жіберді де «кір үйге!» деп ұлын алып кетті. Мен бұл көріністен жастарды емес, олардың әкелерін тәрбиелеу керек екендігін түсіндім.
Бірде жұма намазын оқу үшін Шымкенттегі орталық мешітке барып қалдым. Жиналғандардың дені әскерге баратын жастағы жастар мен солардың әкелері құралпы кісілер екен. Пандемия кезі болатын. Бас имамға кіріп, намаз уақытында Отан алдындағы әскери борышты өтеу жөнінде 5-10 минут неге уағыз айтпайсыз деген базынамды білдірдім. Оның не айтқанын естігіңіз келе ме? Мешітте ондай уағызға шектеу қойылған деді. Кейін осы жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хат жаздым. Ол жақтан мұны қолдау жөнінде жауап та келді. Қазір облыстағы барлық қала және ауыл мешіттерінде елді қорғау, Отан алдындағы әскери борышты өтеу жөнінде уағыз айтылады. Өзімнің үш ұл, үш қызым бар. Екі қызым, үш күйеу балам әскери қызметшілер. Ұлдарым әлі жас болғандықтан, күнде әскерге барасыңдар деп құлақтарына құйып жүрмін.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда идеологиялық жұмыстар сын көтермейді. Мәселен, бұрын мектептегілерден «өскенде кім боласың?» деп сұраса, «танкист», «ұшқыш», «космонавт», «барлаушы» боламын дейтін. Өйткені, теледидардан әскер жайлы қызықты фильмдер, кітапханаларда әскери қызметкерлер жайлы жазылған кітаптар көп болатын. Ал, қазір әскери борышты өтеудің қажеттілігі жайлы жастарға біздің ардагерлерден басқа ешкім айтып жүрген жоқ. Фильмдер түсірілмейді, кітаптар жазылмайды. Бар болса да өте аз. Міне, біздегі идеологияның ақсап тұрған тұсы осы. Идеология саласы жұмыс істемесе, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады.    
– Соңғы кездері әскерге барғысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп жатыр. Мәселен, бұл ретте әскерден келгендерге жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік жасау, әскери борышын өз өңірінде өтеу секілді ынталандыру шараларын атап өтуге болады. Айтпағым, мұндай шаралар жастардың әскерге деген қызығу-шылығын арттыра ала ма? Қалай ойлайсыз?
– Кейінгі жылдары әскери борышын өтеп келгендерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп жатыр. Бұл тек уақытша жеңілдіктер ғана. Ал, заң жүзінде әскерге жарамды азаматтардың барлығы (әрине, қалыс қалуға себептері барлардан басқа) әскери борышын өтейтін талап болса, сонымен қатар бірінші кезеңде әскери қызметсіз мемлекеттік қызметке, екінші кезеңде басқа да лауазымды қызметтерге қабылданбайтын болса, қазіргі мүшкіл халіміз дұрысталатын шығар деген үмітім бар. Сол кезде ғана армия тек кедейлер мен қарапайым жұмысшылардан тұрады деген көзқарас жойылар еді. Өйткені, әскерге шақырылып жатқандардың арасында әкімнің, үлкенді-кішілі шенеуніктің, кәсіпкердің балалары жоқтың қасы.
Өзіңізге мәлім, Кеңес өкіметі әскери сарбаздардың күшін әлеуметтік мәселелерге тиімді пайдалана білді. Тұрғын үй салуға, тағы басқа да құрылыстардың бой көтеруіне сарбаздардың септігі молынан тиді. Енді сол тірліктерді неге қайтадан қолға алмасқа?! Әрі-беріден соң бұл әскери салаға да, мемлекетке де үлкен пайда келтірер еді.  
– Осы саланың білікті маманы әрі Қарулы Күштердің ардагері ретінде әскерден жалтарып жүрген жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құру жолында жанталасып жүр. Міне, осы істі идеологияға мықтап көңіл бөлуден бастаған ләзім. Қалғаны сәтімен орындала береді. Жастар Отанымнан не аламын деп емес, Отанға не беремін деп ойлануы керек. Қырық сылтау айтып, әскерге барудан қашатындар өзінен кейін келе жатқан буынға қандай үлгі көрсетпек? Біздің жерді бізден басқа ешкім қорғамайды. Жастар осыны ұғынғаны дұрыс. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз