«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір»

Біздің ел әуелден мал шаруашылығына бейім. Бабаларымыз малдың қоңды болуы үшін жердің азып, жайылымның тозбауына үлкен мән берген.  
Бір аймақта орналасқан әртүрлі жайылымды өз кезегімен әртүрлі шөптердің пісіп, жетілгеніне орай пайдаланған бабаларымыз жайылымдық кешеннің тұтастығына нұқсан келтірмеген. Осы бір табиғатпен үндестік тапқан бабалар әдісін біз бүгін қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз?  

Жайылымның жайы қалай?

Жаппай жекешелендіру үдерісі басталған тұста кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып, жеке қожалықтар құрылды. Нарықтық қатынасқа өту кезеңінде жайылымдық кешендерді маусымдық ерекшеліктеріне қарай ауыстыра отырып пайдалану әдірем қалды. Әркім өз жайын күйттеп кетті. Жекелеген шаруалар уақыт белдеуіне, жер бедеріне қарай маусымдық жайылымдардың әлеуетін пайдалану әдісіне салғырт қарап, шығын шығарғысы келмеді. Осылайша табиғи жайылымдарды пайдалану жүйесі бұзылды. Бұл құлықсыздық бертін келе жайылымдардың азып-тозуына әкеп соқты. Төрт түліктің табаны тиіп, түлеп жататын жерлер қараусыздықтан эрозияға ұшырап, экологиялық тұрғыдан түрлі қолайсыздықтарға жол ашып берді. Мысалы, жайылымдық кешеннің құрамындағы жайылым типтерін ескере отырып, өрістегі әртүрлі өсімдіктердің жетілетін уақытына орай мал жіберіп, өрісті тықырламай, келесі өріске ауыстырып отырмағандықтан, тұяқкесті болған жайылымда біржылдық табиғи шөптер пісіп жетілмей, өрістің күйі жұтады. Мұның өзі сол алқаптан алынатын жалпы азықтық қор мөлшерінің азаюына әкеп соқты. Жаппай жекешелендіру үдерісінен кейін орын алған осы бір келеңсіздікті қайта қалпына келтіру кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде заңсыз бөлініп кеткен жайылым жерлер мен егістік алқаптарды қайта бөлу керектігіне назар аударды. Президенттің бұл тапсырмасынан кейін сең қозғалғандай болды, алайда, әлі де сол баяғы ескі сүрлеуден шыға алмай жатқан ауылдар аз емес.

Құдықтар қалпына келтірілсе...

Шалғай ауылдардағы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану үшін ондағы құдықтарды қалпына келтіру керек. Көптен бері күтімі болмай, әбден тозуға айналған ескі жұрттың жағдайын түзеу үшін ең алдымен ол жерге су жеткізу қажет. Жасыратыны жоқ, біздегі жайылымдардың 70 пайыздан астамы шөл және шөлейт аймақтарда. Бұл аймақтар негізінен уақ мал мен түйе шаруашылығын дамытуға қолайлы демесеңіз, төрт түліктің басқа түрлерінің ыңғайына келе бермейді. Қой малының еріндері икемді, тез қимылдағыш және тістерінің өткір болуына байланысты аласа бойлы өсімдіктерді түбінен тістеп, қырқып жейді. Осынау табиғи ерекшеліктеріне орай оған өрісте жейтін шөп жетеді. Уақ мал қырдағы шөптің жетпіс пайызын, жылқы алпыс, ал, ірі қара бар болғаны елу-ақ пайызын тұтына алады екен. Тағы бір ерекшелігі, қойдың жеген жем-шөбін асқазанында қорыту қабілеті де басқаша. Оған себеп, уақ мал ішегінің ұзындығы өз денесінен 33-38 есе ұзын болса, ірі қара атаулының ішегі өз денесінен 20-22 есе ғана ұзын.
Алуан түрлі өсімдіктермен қоректенетін қой етінің құрамы, әлбетте, бөлек. Себебі, көпжылдық жатаған өсімдіктердің көпшілігі бұршақ тұқымдастарға жататындықтан, оларда ақуыз мөлшері мол. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қой етінің құрамындағы амин қышқылдар ара қатынасының өте ұтымды қалыптасқаны анықталған. Сондықтан да, қой етінің құнарлылығы жоғары, әрі ағзаға пайдасы зор.

Қолдан ұрықтандыруды қолдан шығарып алдық...

Кеңестік кезеңде біз малдың тұқымдық қасиетін балдық жүйе негізінде оның нәсілін анықтау, ата тегінің әлеуетін ескеру және өзінің жеке басының өнімділік көрсеткіштерін нақтылау арқылы салмақтап отырдық. Нәсіліне, яғни, тектілік әлеуетіне және өнімділігіне қарай «өндіріске жарайтын мал», «тұқыммал», «асыл тұқымды мал» және «аталық мал» деп жіктеп, оларды бағалаудың арнайы жүйелері қалыптасқан еді. Аталық мал санатына іріктеп алу үшін төрт буын ата тегі асыл тұқымды, өнімі бойынша жоғары санатқа жатқызылған, өзінің өнімділігі тұқым стандартынан жоғары және қатарластарынан озық жас малдар таңдалды. Бұл жүйе бүгінде үзіліп қалды. Асыл тұқымды малды іріктеу, оны бағалау және аталық малды ұрпағының сапасы бойынша сынау үрдістері жүйесіздікке ұшырады.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, малдың тектік әлеуетін жақсарту барысында заманауи әдіс – геномдық сараптау әдісі өндірісте кеңінен пайдаланылады екен. Біздің елде бұл бағыттағы ғылыми ізденістер 2010 жылдан бастау алса да, әлі күнге дейін осы әдістің іс жүзінде қолданысқа енбегені таң қалдырады. Жеткен жетістік малдың шығу тегін дәлелдейтін геномдық сараптама деңгейінде қалды. Еліміздегі ғылыми мекемелерде зертхана жабдықтары бар, әдістемелік ұстанымдарды игерген мамандар бар. Ендігі тетік – мал асылдандыру жүйесіне осы заманауи әдісті пәрменді енгізу. Мал шаруашылығын дамытудың пәрменді тетігі ретінде қолдан ұрықтандыру мәселесіне немқұрайлы қарау бізді бүгінгі бейберекетсіздікке әкелгенін де айта кетейік. Шаруалардың қолдан ұрықтандыруға деген селқостығы мал басының көбеюіне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бұл салада бір жүйе қалыптаспағандықтан, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының нәтижесі де мардымсыз күйінде қалып отыр. Елімізде асыл тұқымды малдың орны ойсырап қалды. Қой шаруашылығында асыл тұқымды мал үлесі 1990 жылмен салыстырғанда 50 пайыздан 12 пайызға дейін құлдыраса, ірі қара малда 40 пайыздан 10 пайызға дейін төмендеген.

Құнар кеміп барады...

Бүгінде беде мен жоңышқа да бұрынғыдай көп өсірілмейді. Бұл жағдай құнарлы мал азығын дайындаудың тиімділігін арттыруға тежеу болып тұр. Осы түйткілді шешу үшін отандық ғалымдардың мал азығын қамдау саласындағы жетістіктерін шаруашылықтарға жеткізу және олардың өндіріске кеңінен таралуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Егер мал тұқымын асылдандырғымыз келсе, ол үшін оның азығының құнарына да мән беруіміз керек. Бұл мәселелер жолға қойылса, мал өнімін көптеп экспорттау жоспарымыз да жүзеге асқан болар еді. Осы ретте бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жолымызға тосқауыл болып тұрған проблемаларды да айта кетейік.
Мал шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесіне үңілсек, оларда көбіне табиғи жайылымдарды астықтұқымдас, бұршақтұқымдас шөптер егу арқылы жақсарту шаралары жолға қойылған. Біз де осы мәселеге мән берсек, шаруашылық жүргізу, оның ішінде мал бағу ісі қарқынды түрде жүзеге асатын еді. Бұл технологияда ғалымдар кеңес кезінен кең тараған әдістерді жергілікті жердің топырағы мен климатына орайластырып бейімдеген.

Тарлау қияқ қандай шөп?

Уақ мал сүйсініп жейтін «тарлау қияқ» деген өсімдік бар. Ол мал тұяғына төзімді, әрі құнарлы шөп. Тарлау қияқ шөбінің қасиеті малға жұғымды, әрі жыл бойына азықтық құнарын жоғалтпайды. Әсіресе, күзгі суық түсісімен шөп құрамындағы протеиннің арта түсуі байқалады. Еркекшөпке қарағанда тарлау қияқ өсімдігінің жапырақтарындағы протеин мөлшері екі есе көп. Көп жылдық өсімдік болғандықтан алғашқы еккен жылдары әлсіз болып, оңалып кетуі қиындау болады. Осы жағы сәл осалдау демесеңіз, мал азығы үшін таптырмайтын өсімдік.
Жалпы, біздің оңтүстік өңір ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы болып саналады. Мұнда ауа райы жылы болғандықтан әрі жерінің құнары жоғары болған соң ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері дерлік өседі. Осынау мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін, әлбетте, бұл саланы жетік білетін мамандар керек. Жасыратыны жоқ, қазір маман тапшылығы тек бұл салада ғана емес, басқа салаларда да білініп қалып жатады. Жастардың басым бөлігі қалалы жерде тұруды қолай көреді. Осы жағдайды ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын көптеп даярлау үшін оларды ынталандыру жағын да қарастырған жөн деп ойлаймыз.

Нұрлыбай ЕГЕМҚҰЛОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.


Әсет ЖЫЛҚЫБАЕВ,
биология ғылымдарының кандидаты.


Пікір қалдырыңыз