Диплом сандықта...
Ордабасы ауданындағы Жеңіс ауылының тұрғыны НҰРЛЫБЕК Бауыржан бір емес, екі оқу орнын бітірген. Бүгінде жасы 27-ге келді, бірақ эколог мамандығы бойынша жұмыс бұйырмай-ақ қойды.
Қазір ол ауыл шаруашылығымен айналысып жүр. Егін егіп, бақша баптайды. Оның бәрі науқандық жұмыстар. Кесімді айлығы болып, зейнетақы шотына ай сайын ақша аударылып тұрғанын ол да қалайды. Бірақ мұның мамандығы бойынша ауылдық жерлерде жұмыс табу мүмкін емес.
«Адам баласы мамандық таңдаудан қателеспеу керек екен, себебі, мамандық -- күнкөрісің, табысың ғана емес, ол -- тағдырың. Ал, мен қателестім. Өзіме ұнамайтын мамандықта оқыдым. Одан жұмыс та табыла қоймады. Егер өзім ұнатқан мамандықта оқысам, бүгінгідей күн астында қара жұмыста жүрмес едім. Табыс бірде бар, бірде жоқ. Жас болса отызға таяды. Сондықтан, жастар мамандық таңдауда мен секілді қателеспесе екен» дейді ол.
Ол бүгінгі қоғамға жарамсыз мамандықтар бойынша оқыту, диплом беру тоқтатылуы тиіс деп санайды. Елімізде жұмыссыздықтың белең алуының бірден-бір себебі осында деп есептейді.
«Ел үкіметі оқу орындарында тек бүгінгі заманға қажетті мамандықтар бойынша білім берілуін қадағалауы тиіс» дейді ол.
Дипломын сандыққа салып тастаған Бауыржан ғана емес. Біздің арамызда ол секілді мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген не дипломдағы мамандықты жаны сүймейтін жастар өте көп. Сіздің дипломыңыз қайда, замандас? Мамандығыңыз өзіңізге ұнай ма?
Айдана ҚАЛЖАН,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің
журналистика кафедрасының
2-курс студенті.