Президент: «Татулық пен келісім саясатта ғана емес, қоғамда, үйде, ұжымда да дәріптелуі қажет»

"Әлемдегі барлық қақтығыс пен соғыс ұлттық тәкаппарлықтан, өзге этностың, өзге ұлттың өкілінен жақын адамы мен досын қызғану мен көре алмаудан туындайды». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзді Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысында айтты.


Президент өз сөзінде нағыз патриоттықты ұлттық нақыштаумен шатастырмауды,  Ассамблеяны одан әрі дамытып, жұмыс әдістерін жетілдіріп, оның құрамын үнемі жаңартып отыру керектігін атап өтті.

Қ.Тоқаев мемлекеттілігіміздің ең басты тірегі  - бірлік пен тұрақтылық туралы да өз пайымын айтты. «Бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» деді өз сөзінде.

«Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұның жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек дегенді алға тартты.

«Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!» деді Президент.

Қ.Тоқаев қазақ даласында өмір сүріп азаматтардың бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қыздары екенімізді еске сала келе: "Ұлы даланың ұлан-ғайыр кеңдігінде бәрімізге де жеткілікті орын бар. Біздің бәріміздің осы қасиетті жерде қорғайтын, еңбек етіп, өмір сүретін нәрсеміз бар. Қазақстанның болашағы, балаларымыздың тағдыры, ата-баба аманаты – бәрі өз қолымызда. Ал біз уақыттың кез келген сын-қатерлерін басымызды тік тұрып қабылдаймыз" деді.

"Біз бір халықпыз, біз барлық сынақты жеңеміз. Әр отандасымның бойынан шынайы патриотизмнің, жоғары азаматтық жауапкершіліктің, бизнеске деген адалдықтың үлгісін көремін. Дәл осы қасиеттер Әділ Қазақстанды табысты құрудың кепілі!" деп қосты Президент.

Пікір қалдырыңыз