Жанармайдан проблема жоқ

Қыс көбесі сөгіліп, жер дегдісімен диқандар көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Осы орайда Мақтаарал ауданы аумағындағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит ӘЛІМҚҰЛ мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Өзіңізге белгілі, көктемгі дала жұмыстары қазір қызу қарқын алып отыр. Осы жауапты науқанға дайындық барысы туралы айтып берсеңіз.
– Мақтаарал ауданы аумағында 60,8 мың гектар егістік алқап болса, биылғы  жыртылуы тиіс жер көлемі 59,1 мың гектарды құрап отыр.  Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты диқандар жұмысты былтырғы жылмен салыстырғанда 10-15 күнге кеш бастады.  Бүгінгі күнге аудан бойынша 58,7 мың гектар жер айдалып, 46,9 мың гектар жердің палы алынды. Қазіргі таңда 50 мың гектар алқап қысқы сор шаюдан өтті. 
– Егіс жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін диқандарды жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармаймен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы орайда ауданда қандай жұмыстар қолға алынды? 
– Жылдағыдай көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ауданымызға 5655 тонна жеңілдетілген бағада жанар-жағармай бөлінген. Мақтаарал, Бірлік, Жамбыл және Еңбекші (39,04 га) ауылдық округтеріне «Тұл- парОйл» ЖШС; Еңбекші, Иіржар, Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев (160,73 га) ауылдық округтеріне «TS нефть» ЖШС; Нұрлыбаев, Достық және А.Қалыбеков ауылдық округтеріне «ХалықОйл» ЖШС операторлары тағайындалған.
 Ақпан айына 1755 тонна жанар-жағармай бөлінген болса, оның 1404 тоннасы босатылған. Наурыз айына 1560 тонна бөлінген болса,  бұл шаруаларға толық жеткізілді. Сәуір айының да жанар-жағармайы уақтылы келіп жатыр. Сонымен қатар операторлармен келісімшарт нәтижесінде бір айға бекітілген жанар-жағармай көлемін ұлғайту көзделуде. 
– Бүгінгі күні қанша тонна тұқымдық шит дайындалды?  
– Ауданымыздағы суармалы жердің негізгі бөлігіне мақта егілуіне байланысты, тұқымдық шит дайындауға баса мән беріледі. Бүгінгі күні аудан аумағында 
4 тұқым шаруашылығы бар. Олар: Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы, «Қайнар» шаруа қожалығы, «Хамро-ата» ӨК және «Иіржар-Агро» шаруа қожалығы. Биыл аталған тұқым шаруашылықтары 1068 тонна отандық шит өндірді. Сондай-ақ, Өзбекстаннан 374 тонна (Сұлтан) шит әкелінді.   
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Сәбитхан ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз