Композитор Бекжігіт СЕРДАЛЫ: «Түркістанда туу бір бақыт болса, онда өмір сүру – мың бақыт!»

Көркемдік кеңес – әзірге халықтың өзі ғана
– Беке, мен жаңылыспасам, кеңес дәуірінде «аранжировщик» деген мамандық жайлы есітпеген сияқты едім. Қазір композиторлар оларсыз аттап баса алмайтындай. Ол кім өзі – композитор ма, оның атқосшысы ма, өңдеуші ме, әрлеуші ме? Сөздікте ол сөз «көркемдеуші» деп берілген. Оның міндетіне не кіреді өзі?
– Дұрыс айтасыз, мен кеңес заманынан, 1983 жылдан бері ән шығарып келемін. Әр композитор әнді әртүрлі аспаппен шығарады, мен – домбырамен, біреу сырнаймен, біреу басқамен дегендей. Әркімнің өзінің үйреншікті музыкалық аспабы бар. Және ең алдымен өзінің әнін өзі орындайды. Үйінде, дастарқанның үстінде немесе өзіңіз сияқты жақсы көретін достарының алдында. Ыңылдап болсын. Сосын тыңдап отырған адамдардың реакциясына қарайды – қалай қабылдады? Ән көңілінен шықпаса, олар екінші шумақта-ақ қыбырлап, жыбырлап, бір-бірімен әңгіме айта бастайды. Көңілінен шықса, ұйып, құлақ қойып, ары қарай да зейін салып тыңдауға тырысады. Ол кезде сен де «дұрыс дүние шыққандай болды ғой» деп марқайыңқырап қаласың. Біраздан соң отырғандардың біреуі «жаңағы айтқаныңды тағы бір қайталашы» деуі мүмкін. Қайталайсың. Әне, сол кезде ол сенің ғана емес, біраз тыңдаушының көкейінде қалып қояды!  
Ал, енді, аранжировщикке, мен оларды «өңдеушілер» деймін,  кім барады? Шығарған әні өзіне де, өзгелерге де ұнамаған адам барады. «Нашар дүниемді өңдеп, жақсы дүниеге айналдырып берсінші» деп барады.
– Жаратылысы нашар дүниені қалай өңдеудің күшімен жақсы дүниеге айналдыруға болады?
– Аранжировщик дайын дыбыстарды теріп отырады да, жаңа дүние жасап шыққандай түр көрсетеді. Оның аранжировкасын, яғни оның қосқан әндерін алып тастап, әншінің даусын ғана қалдырсаңыз, әні ән емес! Кез келген хит болып жүрген әннің бәрі сондай. Мен әдетте  былай етемін: құлағымды қолыммен басамын. Сіз де осы тәжірибені пайдаланыңыз – құлағыңызды қолмен басқан кезде, музыканың даусы жәй келеді-дағы, әншінің даусы қаттырақ естіледі. Сол кезде байқайсыз, әні ән емес – әңгіме! Неге? Бақылау жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аранжировка деген – нағыз бизнес. Басқа ешнәрсе де емес.
– «Түркістаным – Тұраным» әнін жазғанда аранжировщикті пайдаландым дегеніңіз бар еді. Ол қандай қажеттіліктен туды?
– Ол өзі қиналғаннан, уәде беріп алып, бірақ ән шыға қоймай, «шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дегендей, жанымның қысылғанынан, табан астында туған ән болатын. Әрі өзі марш. Соның кедір-бұдырын түзету керек болды ғой. Мен және әнді домбырамен шығарамын дедім. Марш домбыраға келе бермейді.
– Марш демекші, Шәмші атамыздың еліміздің әнұраны болып қабылданған «Менің Қазақ­станым» әні де марш түрінде жазылғаны белгілі. Ал, әнұранға, гимнге қойылар тиісті талаптар тұрғысынан қарасақ Ескендір Хасанғалиев ағамыздың «Атамекенінен» артық дүние жоқ. Сіз қалай қарайсыз?
– Толықтай қосыламын. Тек мәтінін қайта жазу керек. Қадыр ағамызға сондай тапсырыс болғанда, әні мен сөзі қабыса кететін керемет дүние туар ма еді...
– Ескендір ағамызды еске алып қалдық. Бұрынғы қазақтың бәрі композитор болмаса да, бәрі ақын еді. Құдай дауысты да қоса берген жағдайда Ақан сері, Біржан сал секілді алыптар туып жатты. Кеңес дәуірінде біз де батыстық, батыстық болған соң әлемдік үрдіске көштік – өлеңді біреу жазады, әнді біреу шығарады, оны мүлдем басқа біреу айтады. Осы үшеуі бір адамның қолынан шығатын өзімізге тән ұлттық үрдіске көшуге бола ма?
– Қазір ондайлар көбейді ғой.
– Жоқ, ойбай, тәуелсіздік заманындағы, көркемдік кеңес жойылғаннан кейінгі «әмбебаптарды» айтпаңыз!  Оған дейінгі дәуірді алайық.
– Ондайлар шынында сиреді ғой. Бұл негізі талаптың күшейгенінен болса керек. Сол Ескендір ағамыздың өзі әнді кейіннен барып айта бастады ғой. Неге? Есағаң әншілерден күйгеннен соң өзі ән салып кетті! Әншілер оның болмыс-бітімі бөлек әндерінің характерін аша алмады.
– Әдемі айттыңыз!.. Жалпы, қай өнер адамының болсын, шығармашылық төлқұжаты секілді шоқтығы биік бір туындысы болады. Мұхтар Әуезов десек есімізге «Абай жолы» түсетіні секілді, Бекжігіт Сердалы дегенде алдымен «Жас жұбайларды», сосын «Неге, негені?» аузымызға аламыз. Ол екеуінен сәл төмендеу, менің ойымша, әрине, он шақты әніңіз бар. Олардан бөлек, онша көп айтылмайтын елу шақты әніңіз бар екен. Оларды не істейсіз енді?
– Көпшілік қабылдамаған әнді халыққа тықпалап қажеті жоқ. Менің әнімнің көбісін бірінші болып Абылайхан Оспанов тыңдайды. Басқа да әншілер тыңдайды. Әне, менің әнім солардың көңілдеріне қонбай тұрса, бірден «мына ән нашар екен» демейді. Сүйейсалды қылып қоя салады. Ұнамағанын содан байқаймын. Әдетте менен «қанша әніңіз бар?» деп сұрағандарға, мен «алты әнім бар» деп  жауап беремін.
– Әп-бәрекелді!
– Олар «қанша, қанша?!» десіп қалады. «Алпысқа келіп, алты-ақ ән шығардыңыз ба?» деп жатады. Басқа-басқа, әннің пірі деуге болатын кешегі Мұхит, Ақан сері мен Біржан салдың әрқайсысынан бізге жеткені ары барса он шақты ғана ән ғой. Мэлс Өзбеков деген керемет композитор болды. Жазған әндері көп. Бүгін айтылып жүргендері бірнешеу ғана. Ендеше, мен болашағы жоқ әнімді неге тықпалауым керек? Эфирді бекер былғағанша, олардың менімен бірге көрге кеткені артық.
– Бірнеше этнографиялық әннің авторысыз. Ол тақырыпқа бет бұруға не себеп болды?
– Біздің бала кезімізде той атаулы екеу-ақ еді ғой – сүндет той мен үйлену тойы. Қазір тойдан көп нәрсе жоқ. Бұрын бес-алты әйелмен бітетін «бесік тойға» қазір ағайын-туыс, құда-жекжаттан алпыс-жетпіс адамды шақырады. Бүгінгі жастардың тойдан миы ашып қалды. Біздің салт-дәстүріміздің бәрінің аясы тарылып, түгел бір тойханаға сыйып кетті. Тойшыл қазақтың әр тойының өзінің ерекше ойы, философиясы, орны болатынын көрсету үшін жаздым мен ол әндерді. «Бесік жырының» өлеңін Бекарыс Шойбековке өзім тапсырыс беріп жаздырдым. Жалпы, алдымен ән туады менде. Ешбір өлеңге ән жазып көрмеппін. Кентауда Базарбай Оспанов деген әнге көп өлең жазған керемет бір азамат болды. Негізі, ондай мықты мәтін жазатын ақындар аз ғой, Шөмішбай Сариев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев, Сабырхан Асанов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Нұтфолла Шәкенов, Мұзафар Әлімбаев, Исрайыл Сапарбай. Болды-ау деймін.
– Орыста тек әнге мәтін жазумен айналысатын ақындар бар. Оларға соған қарай арнайы «поэт-песенник» деген атау да берген. Ондай бүкіл шығармашылық ғұмырын тек әнге мәтін жазуға арнаған ешкім жоқ. Әнге мәтінді ең көп жазған Шөмішбай Сариевтің өзі оқырмандарға ең алдымен лирик ақын ретінде белгілі.
– Ән туған соң мен Базекеңе қоңырау соғамын: «Өлең керек!» Ол: «Туу, сенің осындайың қалмайды екен, қалай жазамын!» деп кейігенсіп қалады. Әнді ыңылдап айтып беремін. Сосын «оның ішінде мынадай сөздер болуы керек» деп егжей-тегжейлей бастаймын. Мысалы, «ризамын» деген сөз болуы керек. «Жеңгеме ризамын, ағама ризамын» деген сөз болуы керек деп бәрін-бәрін айтып беремін
– Өлең қаңқасын құрып қойдыңыз ғой тіпті!..
– Ақынның бәріне сөйтіп айтамын. «Неге, негеде» Рахым Балабиев ағама да: «Сіз «сүйдім, күйдім» деген сөзді жазбаңызшы. «Неге?» деген жұмбақ сұрақты қойыңызшы. Әр шумақты «неге? неге?» деп аяқтаңызшы» дедім. Менің сондай талап-тілектерімді естіген, Шымкентте тұратын Көбей деген досым айтады: «Мен әннің елу пайызы ән екен-дағы, елу пайызы ақындардың сөзі екенін, бірақ, сол ақындарға өлеңнің бағыты қандай болуы керектігін композитордың түсіндіріп беретінін енді түсіндім дейді. «Бесік» те солай  жазылды.
Талдықорғандық Талап Қалмырзаев деген ақынның өлеңіне «Текемет» деген ән жаздым. Сөзін «сәл өңдеңіз» деп айтайын десем марқұм боп кеткен екен. Сосын өзгерісті өзім енгіздім. Асық ойынына да байланысты  ән жаздым.
Қысқасы, халықтың ішінде қай нәрсе жоғалып барады, мен соған арнап ән жазамын да, сосын оған сөз іздеймін. Бірақ, сөздің көбісі маған ұнамай қалатыны бар. Сол себептен де менің әнімнің тууы мен елге таралуының арасы ұзаққа созылып кетіп жатады. Ай сайын жаңа ән жазатындар да бар. «Менің жаңа әнімді тыңдаңыздар» дейді де жатады.  Посттың асты тола лайк: «Сен – кереметсің! Сен – сұмдықсың!..» Ондай жалған мақтау сөздерді мен тіпті оқуға ыңғайсызданамын. Лайкты жеке адам емес, көпшілік басса, әне, сонда дұрыс болар еді...
Сондай әндерді, мысалы, құдалар, құдағилар, құдашалар,  құдалық жайлы көбірек жазсам деймін.
– Өте дұрыс! Талабыңызға нұр жаусын! «Қазақ осы құда бол деп қинайтын, құдаларын Құдайындай сыйлайтын» деп Қадыр ағамыз жазғандай, қазақтың құдалығындай теңдессіз керемет дәстүр басқа ешбір халықта жоқ қой! Енді соған лайық етіп, қазақтың ғажайып қырын айдай әлемге жарқырата көрсетіп «Құдалар жырын» жазсаңыз, қанеки!
– Міне, мәселе – осында! Әйтпесе, ондай әндер жоқ емес, бар, бірақ халықтың, оның дәстүрінің қыр-сырын бере алмағаннан кейін таралмай жатыр. Олар екі иығыңды жұлып жейтін биге арналған әндер. Бұл – дұрыс емес! Құданың да, құдағидың да, құдашаның да, жалпы құдалықтың характерін, бейнесін ашатын әдемі бір лирикалық ән жазамын! Сіздің тапсырмаңызды орындаймын.
– Сізге сырт жұрт «Бекжігіт Сердалы – сегіз қырлы, бір сырлы» деп баға беріп жатады. Ал, кеттік санаймыз..
– Ой, ол өсіріп айтылған сөз ғой. Сегіз қырым жоқ.
– Қанша қырыңыз бар нақты?
– Сазгерлігім бар шығар, журналистігім бар шығар, ғалымдығым бар шығар. Болды.

Ел ішінен тума талантттарды іздестіруді жинап қойдық...
– Мен Кеңес Дүйсекеев ағамыздан бақиға аттанарының алдында сұхбат алып үлгердім. Сол кісі айтып еді. «Бір күні анам: «Балам, жұрттың баласы бес жыл оқып келіп бастық болып жатыр, сенің мектеп бітіргеніңе де он жылға жақындады, қашан наныңды жейміз?» деп еді. Мен анама: «Уайымдамаңыз, мен әлі олардан озып кетемін» дедім. Оздым да».
Айтайын дегенім, «Мен ғой Құдай берген самородок сары алтынның арқасында композитор болып, атым шығып жүр. Енді сол талантқа терең білімді қосайын, сөйтіп, осы салаға біржолата бет бұрып, еліме берерімді көбейтейін» деген ой келген емес пе?
– М-м-м, жоқ. Себебі, мен ешқашан композитор боламын, әндерім елдің аузында жүретін болады деп ойлаған емеспін. Енді – кеш. Бірақ, Шымкенттегі аймақтық-әлеуметтік институтқа түсіп, «музыкант» деген мамандықты оқып алдым. Нотаны білу үшін.
– Мұны неге сұрап отырмын? Мен Кеңес ағайдан басқа да Айман Мұсақожаева,  Жанғали Жүзбай, Айтқали Жайымов тәрізді таланттардан сұхбат алдым. Солардың бәріне қоятын бір сұрағым болды: «Қашан сіз де Бетховеннің «Айлы соната», Вивальдидің «Жыл мезгілдері», ең болмаса поляк Огинскийдің «Полонезі» секілді ғажайыптарды жазатын боласыз?» Әзірге нөлміз. Кеңес ағай «менің Ноктюрнім сол деңгейде» деді, бірақ, ол әлі жарнамаланып, әлемге таныла, мойындала қойған жоқ...
Біздің күй өнеріміз әлемде теңдесі жоқ өнер. Бірақ, оның ешқайсысы «Адамзаттың мұрасы» санатына кіргізілген жоқ, ал, Евгений Доганың кинофильмдегі вальсі кіргізілді. Қатарымыздан кем болғанымызға ішің күйе ме, күймей ме?..
– «Журналист болып жұрттың алдына түсіп кеткен жоқсыз, ғалым болып жаңалық ашып жатқан жоқсыз, ендеше, неге талантты біліммен ұштастырмайсыз, мүмкін, сонда ерекше нәтижеге жетер ме едіңіз» демекшісіз ғой?
– Солай деуге болады...
– Мен бұл сұрағыңызға былай жауап берейін. Серке Қожамқұлов секілді аға буын өкілдерінің сұхбаттарын оқып отырсаңыз, бәрі дерлік «астанадан келген бір лауазымды адам немесе аты шыққан өнерпаз адам мені көп ішінен танып, өзімен алып кетті» дегенді айтады.
– Нұртас Оңдасыновтың 14 жасар Хакімжан Наурызбаевты тани алғаны секілді ғой?
– Иә, иә. Міне, сол ізгі дәстүрдің тамыры үзіліп қалды. Соңғы 50-60 жылда Ауыл шаруашылығы институтының студенті Асанәлі Әшімовке «таста бұл оқуыңды!» деген Асқар Тоқпановтан басқа біреуді мысал ете аласыз ба? Ал, елдің іші таланттарға бұрын қандай бай болса, бүгін де сондай бай! Олардың арасында талай әлемді таңдай қақтырар туынды жазатын жастар көміліп, көрінбей жатқан шығар, іздесе, байқау өткізіп тұрса, олар табылар еді. Мен астанадағылардың іздеуді қоюының сыры олардың «ешкім өзімнен асып кетпесін» деп, көреалмаушылыққа салынуында деп ойлаймын.
Марқұм Өмірзақ Айтбай ағамыздан «Өнер қуғанда Доминго Плачидомен, Хулио Иглесиаспен иық тіресіп тұратын дара әнші болар едіңіз. Неге көп академиктің бірі болуға құмарттыңыз? Әншілік талантыңызды өз қолыңызбен көміп тастап, обал жасаған жоқсыз ба?» деп сұрағанымда, «сіз қойған сұрақты менің өзіме де қойған кезім болды... Рас, менің мүмкіндігім бар еді, бірақ, біздегі әртістерді менсінбейтін жалған намыс жібермеді-ау» деп еді...
– Осы жерде менің «Текеметімді» бір тыңдап алсақ бола ма?
– Болғанда қандай!..
– Дәл осы ән мәселесіне келгенде өзіңіз секілді әуесқой композиторлар консерваторияны бітірген кәсіби композиторлардан асып түсіп жатқан жоқ па?
– Олай деп айта алмаймын. Олардың да, мысалы, Төлеген Мұхамеджановтың «Іңкәрімі» секілді, жаңа өзіңіз айтқан Кеңес Дүйсекеев ағамыздың керемет әндері бар. Тек ел аузында көбірек айтылып жүрген, музыкасы жеңіл, әсіресе, билегенге қолайлы әндер жағынан әуесқойлар алда тұруы мүмкін. Мысалы, Шәмшінің көп әнінің өзі де, сөзі де өте қарапайым, жаттауға өте оңай.
– Беке, ғылымға да, журналистикаға да атсалысып жүрген азаматсыз. Міне, осы тұрғыдан келгенде, зерттегіңіз келгенді зерттеп болмасаңыз да маңайладыңыз ба? Айтқыңыз келген ойыңыздағының бәрін айтып, жазып жүрсіз бе? Асқар Тоқмағанбетов атамыз айтпақшы: «Айта алмай кетпе, айтып кет! Айта алмайсың қайтып кеп!» дейтін күн туады ғой ертең. Жалпы, осы екі саладағы ісіңізге өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, толмайды. Неге? Мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетке 1996 жылы келдім. Келіп, қазақша оқулықтар жетіспейтінін көрдім. Қожакеев,  Амандосов, Омашевтің санаулы кітаптары бар екен. Оқулық жазу оңай емес. Студенттер қай саланы жақсы көреді? Қыздар (90%)  көп, ұлдар аз, себебі журналистердің жалақысы аз. Әділдік жоқ. Әкімнің көмекшісі – кісі! Содан жазба журналистің тауы шағылады. Қайсыны қалайсың дегенде тележурналистиканы қалайды. Осылайша өте тез танымал бола қалғысы келеді!
– Сан-салалы болып кеткен журналистиканың көп саласының бәрін қамти алатын болу үшін «журналистерді қысқа курстар арқылы даярлау керек» деген сөз айтылып жүр. Осыдан 17 жыл бұрын жолым түсіп сіздерге барғанда, сіз журналистерді бір аудиторияға жинап, сұрақ-жауап түрінде сабақ өткізіңіз дедіңіз. Ал, мен сол күні студенттерге өзіме сұрақ бергізе алмадым. Қазір қандай?
– Әлі сондай. Тіпті, одан да жаман. Өйткені, бұлар кітап оқымайды. Бұл аурудың атын мен өзім «Сотка синдромы» деп атаймын..
– Сіздер оларды әдебиетті оқуға міндеттеп жатқан жоқсыздар ма? Әдебиет олардың ертең жейтін наны емес пе?!
– Иә, рас, міндеттейміз. «Екі» де қоямыз. «Оқып, дайындалып келіңдер, мына кітапты немесе мына мақаланы талдаймыз» дейміз. Кем дегенде жартысы дайындалмай келеді. Неге? Өресі жетпейді. Миының бәрін телефон жеп қойған...
Ал, қысқа курстарға келсек... Жоғарыда айттық қой, қазір газет журналисі болғысы келетін  бала жүзден біреу. Радио журналисі болатынды емге таппайсыз. Оның үстіне бағдарламалар қайталанады, ал, студенттер оларды оқудан жалығады. Қысқасы, «журналистерді 4 жыл оқытып керегі жоқ-ау, қысқа курспен-ақ даярлап алуға болады-ау» деген ойға бірте-бірте менің өзім де келіп қалдым...
– Қазір оқу мерзімі 5 жыл ма, 4 жыл ма?
– 4 жыл. Біздің кезімізде еді ғой бес жыл деген мерзім. Және сол бес жылда біз біліп шығуға тиіс көлемді игеріп үлгере алмайтынбыз! Бейнелеп айтсақ, жазба журналистер ол кезде көкте, тележурналистер жерде жүр еді ғой...
– «Ән – өлең – әнші» атты үштағанда әннің де, оны жазған адамның да, ең ақыры өзінің де атын шығарып, бағын ашатын тұлға әдетте әнші. Әншілерді таңдайтын композитордың өзі. Айтайын дегенім, ағылшынша «кавер-шоу» деген бір хабарды көріп қалдым. Сол жерде Калифорния есімді, сірә, лақап аты болса керек, микрофонды аузына жақын ұстап, төмен қарап бүгіліп жүріп, «жоқ, жаным, саған сенгім келмейді» деп мыңқ-мыңқ етіп мұрнынан ән салғансымақ болып жүрген жігіт 1-орынды алды! Елдің сүйікті әншісі Мейрамбек Беспаев бастаған қазылар алқасы оған ырза.
– ...Өмеке, осы әнге жастар өледі! Шыңғырады, жылайды...
– Сұрайын дегенім, осы бізде қазір өнерде «көркемдік кеңес» деген, кеңес кезінде атынан ат үркетін құдіретті ұйым бар ма өзі?
– Бар-жоғын білмеймін. Мені ешкім оған шақырған емес. Бізді емес, ірі бастыларды шақыратын шығар. Бірақ, бар болса «пәленшені шақырыпты» дегенді еститін едік қой.  Радиода бар екенін білемін. Өйткені, мен өзім бірнеше ән апарғанымда, ішінен бірнешеуін іріктеп алды.
Студенттерге сабақ беретін болған соң, мені олар өздерінің түрлі жиынына  шақырып тұрады. Қазір жастардың арасында караоке сәнге айналды. Жастар жаппай сонда отыр. Экранға өлеңнің сөзі шығып тұрады, сіз мына жақта қолыңызға микрофон ұстап отырып, экраннан сөзін оқып отырып ән айтасыз. Менің айтқым келіп кетті. Шәмшінің, Әсеттің әндерін іздеймін ғой. Жооқ! «Мма», «Ай-хой» деген әндерді көрдім.. Ой жоқ, ұйқас жоқ, ырғақ деген жоқ, буын-бунақ деген жоқ. Мәтіні қандай екенін мен сізге айта алмаймын.
– Айтпасаңыз да түсінікті. Баяғы «91-дің» кері келді десеңізші... Мен бірде солардың мәтіндерін ерінбей қағазға шығарып алып оқымаймын ба? Ойбай-й-й...
– Ойбайдың көкесі – караокеде. Сол жерде жастар көздерін жұмып алып, ән емес, әңгіме айтып отырады ғой! Мен «мынадай ән емес әнді, сөз емес сөзді қалай жаттап аласыңдар?» деймін ғой. «Ағай-ау, түнімен телефон құшақтап, құлаққап киіп алып сол әндерді жаттамай не істейді деп ойлайсыз бізді?» дейді.
– Кім кінәліні іздемейік. Не істеу керек деген мәңгілік сұрақ туады ғой...
– Жаңағы сіз айтқан бір ғана жол қалады: көркемдік кеңестерді жаппай тірілту керек. Талғамды тәрбиелеу керек! Мұхтар Шаханов айтқандай, өркениеттің кәрізінің сасық суына елітіп мас бола бермей, қазақтың табиғи бастауындағы тұнық, мөлдір, тап-таза суды ішкізіп, жақсы дегеннің қандай болатынын, жаман дегеннің қандай болатынын өздері көзімен көріп, қолымен ұстап, аузымен татып көретін ету керек. Сөйтіп, олардың өздері «біздің тыңдап жүргеніміз ән емес екен ғой, нағыз ән дегеніміз мынадай болады екен ғой» деген байламға, тоқтамға өздері келетін болуы керек.

«Желтоқсанға» қатысуым – тағдырдың сыйы
– Беке, алған атақтарыңызды тізсе, компьютер парағының бір парағына сыймайды екен... Солардың ішінен өзіңіз үшін ең қымбаттысы қайсысы?
– 1998 жылы алған Қазақстан Жастар Одағының сыйлығы жүрегіме ерекше жылы тиеді. Одан басқа айтарлықтай бір атағым бар деп ойламаймын.
– 2005 жылы алған Түркістан қаласының құрметті азаматы деген атағыңыз ше?
– Ә, оны алуымның өзі қызық болды. Мұхит Әлиев деген азамат бізге, Түркістан ауданына әкім болып келеді. Келген соң қаладағы көп қабатты үйлердің бәрі балконнан шығарып қойған  мұржасынан түтінін будақтатып, «буржуйкамен» отырғанын көреді. Осыларды көріп естен танып қала жаздайды. «Не масқара мынау, ТЭЦ қайда?». «Жоқ...».  Содан ол көп қабатты үйдің әрқайсысының жанынан, олардың жалпы саны 35 болса керек, автономдық қазандық қою керек деп шешеді. Оның бәрін қайдан алады? Әрине, салып ұрып Қытайға, Үрімшіге барады.
– 1754-1755 жылдары жоңғарды жаппай қуу басталғанда қазақта мынадай мәтел пайда болған екен: «Мал керек пе? Қалмақ бар! Қатын керек пе? Қалмақ бар! Жер керек пе? Қалмақ бар!» Біздің билікке де жақсы болды: «Қашан өзіміз бір нәрсе жасап шығаратын боламыз?» десең, «зачем? Қытайдан ала салу керек. Бәрібір олардан арзан етіп шығара алмайсың!» дейтін уәжі дайын...
– Қытайдың қазақтары біздің әкім мен оның нөкерлерін «Қазақстаннан, Түркістандай қасиетті қаладан келді» деп, құдаларынан артық күтіп алады. Кешке қонақасы береді. Сол дастарқан басында  отырған күтушілердің ішінде Ербосын есімді, «Қазақ әуендері» деген жеке кәсіпорны бар, «МузАрт», «Жігіттер» секілді мықты өнерпаз ұйымдарды Қытайға шақырып, концерттерін өткізіп жүрген, атына заты сай бір азамат та отыр екен. Дастарқан болған соң ән де айтылады ғой. Және ол жақта қазақтың өнері мен тілінің, салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған ғой, біздің небір әндерімізді нәшіне келтіре орындаумен болады. Менің «Жас жұбайлар» әнім де орындалады. Бір уақытта әлгі Ербосын сөз сұрап алады. «Мұха! – дейді ол біздің әкімге қарап. – Сізге бір аманат айтуға бола ма?» «Әрине, болады, айтыңыз, – дейді Мұхит Әлиев. – Біздің елде қазір мына «Жас жұбайлар» айтылмай бір де бір үйлену тойы ашылмайды. Бірақ, мен осы әнді шығарған адамның кім екенін білейін деп Қазақстаннан келген әншілерден қанша сұрап жүрмін, ешкім білмейді. «Оны өзіміз де айтып жүрміз, бірақ, авторын білмейді екенбіз» дейді. Тек автордың Қазақстанда тұратыны ақиқат. Менің сізге айтайын деген аманатым – сіз сол адамның кім екенін маған тауып берсеңіз. Мен оны өзімізге шақырып, үш қалада концертін аншлаг етіп өткізіп, билеттің ақшасының бәрін қалтасына салып, риза етіп жіберсем деймін».
Мұхит Әлиев қалтасынан блокнотын алып, «Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төріне қоныңдар... Аманат» деп Ерсайынның телефонын жанына қосып жазып қояды.
– Ойпырм-ай, нөкерлерінің ешқайсысы да білмегені ғой, ә?
– Нөкерлерін қоя беріңізші, мені Қазақстаннан барған әншілердің өзі білмей жүр емес пе?!
Мұхаң марқұм Түркістанға келеді. Шетсіз-шексіз, бітпейтін-қоймайтын күйбең тірлікпен жүргенде арада бірнеше ай өтіп кетеді. Бір күні кешке жұмыста блокнотын қарап отырып, баяғы «Аманат» деген жазуға көзі түсіп кетеді ғой. «Оп-па, ұят бопты-ау!» деп дереу идеология жөніндегі орынбасары Жанболат Ибрагимовты шақырып алады. «Осындай да осындай, осы жігітті Қазақ­станның қай қаласында тұратын болса да тез тауып, маған қос!». Жанболат таң қалады:
– Мұха, сіз әзілдеп тұрған жоқсыз ба?
– Не үшін әзілдеймін мен? Тұр ғой мына блокнотта «Аманат» деген жазуым!
– Мұха, оны алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Ол өзіміздің университетте жұмыс істейтін Бекжігіт Сердалы атты бауырымыз.
– Не дейді?! Қап, мен өз қаламдағы өнерпазды білмей Ербосындардың алдында қас масқара болыппын-ау, ә!..
Мұның бәрін маған кейін марқұм Мұхит Әлиевтің өзі күліп, жыр ғып айтып бергені бар.
Сонымен, ол Жанболатқа Бекжігітті ертең таңертең менің алдыма алып кел деп тапсырма береді. Ертесіне жұмысқа келсем «әкім шақырып жатыр» деді. Өмірімде мені әкім шақырып көрмеген, «не болып қалды екен, не бүлдіріп қойдым екен» деп бардым ғой.
Кіріп едім, екі адам отыр екен, оларды тез шығарып жіберді. Көрмеген адамым еді, ұзын бойлы, келбетті, ақсары жігіт екен. Анадайдан құшағын жайып, «мен масқара болдым, мен масқара болдым» деп сөйлеп келе жатыр. «Шынымен авторы сенсің бе?» деп қояды. Өлеңін кім жазғанын сұрады, Өтеген Оралбай, Атыраудың азаматы дедім. «Қазір сені Ербосынға қосамын» деді. Ол екеуміз телефонмен жарты сағат сөйлестік. Басқа қандай әндерім бар екенін сұрады. «Неге, неге» дедім. «Ау, бұл әнді біздің жақта да бәрі айтады ғой» деді. «Сен онда бес-алты әншіні ертіп ала кел» деді маған Ербосын. «Келер қаражатты тапсаңдар болды, қалғанының бәрі менің мойнымда. Ертеңнен бастап үш қалаға афишаны іле бастаймыз. Қаражат таба аласың ба?» Мен Мұхитқа қарап едім, ол саусағымен көкірегін көрсетті...
Сонымен, әкім екеуміз танысып, ұшатын күнді белгілеп, мен қайтуға есікке қарай бет алдым. Сол кезде: «Бекжігіт, тоқта! – деп саңқ ете қалды Мұхаң марқұм. – Ол жаққа барғанда сені кім деп таныстырады, қандай атағың бар?». «Ешқандай атағым жоқ менің». «Не дейді тағы?». «Жанболат, – деді орынбасарына. – Шұғыл түрде Бекжігітке «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағын беріңдер». Бұл атақты мен солай алғанмын...
– 2010 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атаныпсыз.
– Иә. Бұл грантты ұту оңай емес, шарттары, критерийлері өте көп. Айтпақшы, мен бұл грантты биыл екінші рет ұтып алдым. 2010 жылы 4 млн. теңге берген болатын. Биыл оны 6 млн. теңге етіп көтеріпті.
– Сәбит Мұқанов жазғандай, Балуан Шолақтың Битабар деген жас палуанға өмірлік бата бергенде «Өнеріңді ақша табар кәсіпке айналдырма» деп өсиет айтатыны бар. Ал, бірақ, бүгінгі заманда Батыстан келген үрдіске сай әр өнерпаз өзінің өнерін күнкөріс үшін де барынша тиімді пайдаланып қалуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда өзің секілді әуесқой композиторлардың шығармашылық еңбегі қаншалықты қорғалады?
– Ешқандай да қорғалмайды. Мысалы, мен Алматыдағы Қазақ авторлар қоғамына мүшемін. Бастығымыз төлебилік Байғали Есенәлиев есімді әйгілі әнші. Құдайға шүкір, менің әндерім айтылып жатыр. Бір рет айтқан әншіге ақша құйылып барып жатыр, ал, сол әнді жазған маған, әрине, жалғыз маған емес қой, басқа да толып жатқан менің әріптестеріме неге ақша бөлінбейді десем, олар маған «сіз тойларға барыңыз, әніңіз айтылып жатқан болса сол жерде бейнекассетаға түсіріп, бізге жіберіңіз. Дәлелдеңіз!» дейді!.. Сонда мен жұмысымның бәрін жиып қойып, бір Түркістан емес, күллі Қазақстандағы тойханалардың бәрін аралап, тойлардан бейнебаян түсіріп, оларды Алматыға жіберумен айналысуым керек пе? Атырауға қалай барам, Өскеменге қалай барам? Берем деген мекемелер әр облыстағы жергілікті мәдениет басқармаларымен хабарласып, солар арқылы кімнің қай әні қаншалықты айтылатынын жобалап болсын анықтауына болады деп ойлаймын. Солар арқылы композиторларға стипендия түрінде орташа есеппен мынанша теңге тағайындап, ай сайын жіберіп тұрсын. Президенттік стипендия кімдерге беріліп жатыр? Рас, еңбегі барынша сіңген, бірақ, бүгінде асарын асап, жасарын жасағандарға беріліп жатыр, оларға емес, әлі нағыз қызу еңбектің үстінде жүрген жандарға берсе деймін ғой мен ол стипендияны.
– «Хан қызындай» Хан-апамыз – ақын Ханбибі Есенқарақызы ертеректе бір айтқан сөзінде: «Егер мен осы талантым, осы еңбегіммен Алматыда тұрғанымда ақындық мәртебем де басқаша болар ма еді» деген болатын. Сіз де Алматыда емес, Түркістанда еңбек ету  бұйырған тағдырыңызға өкпеңіз жоқ па?
– Қалай өкпем болады, сол тағдырымда «Желтоқсанда» Алматыда болуым жазылып қойған болса... Желтоқсан секілді ерекше құбылысқа қатысушы болу, бұл – Алланың үлкен сыйы. Біз – бітіруші курс болатынбыз. Билік «бойында «Желтоқсанның» рухы барларды астанада қалдыру – қауiптi» деп тауыпты. «Аудандық газеттердiң сапасын көтересiңдер!» деген желеумен бәрімізді Алматыдан айдап шықты. «Қазақ» радиосына орналасып қойған жерiмнен Кентауға топ ете қалдым... 1996 жылдан бері Түркістанда тұрып, еңбек етіп келемін. «Түркістанға таяққа мініп келгенді, тайға мінгізіп қайтарамын депті әулие бабамыз» деген сөз бар. Түркістанда туу бір бақыт болса, онда өмір сүру, еңбек ету – мың бақыт қой!
– Халқыңызды болашақта әсем әндеріңізбен қуанта беруіңізге тілектеспіз!
 
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз