Мүгедектер жыл санап көбейіп барады...

Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan».

Ауылда өзімнен 3-4 жас үлкендігі бар бір кісіні білемін. Біз білгеннен «мүгедек». Мүгедек болғанда ақыл-есі бүтін, қол-аяғы балғадай, ауырып сабақтан қалғанын көрген емеспін. Төбелес болса, өзі құралпы екі-үш жігітті оңай сұлатып салады. Сондықтан аймаққа  «Атаман» деген лақап атымен танымал. Сөйтіп, жүрген сабаздың  сау емес, денсаулығы дімкәс дегенге сенгің де келмейді. Былайша ауыр жұмысқа жарамайтын көрінеді, сол себептен әскерден де қалды. Қалтасындағы құзыры күшті құжаттың күші шығар. Жұрт жабылып, колхоздың қара жұмысына жегілгенде, ол тиіп-қашып ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрді... Қазір қадірменді зейнеткер. Айтпағым, соңғы кезде елімізде мүгедектер саны жылдан-жылға артып келеді. «Солардың арасында әлгіндей «сау» сабаздардың қаншасы жүр екен?» деген көңілді күпті еткен сұрақтың басы кей-кейде қылтиып қалады. 


Ойды ой қозғайды ғой. Өткен жылы жазда бір әріптесіміз аяқ астынан қан қысымы күрт көтеріліп, Шымкент қалалық №2 ауруханасының инсульт орталығының жан сақтау бөлімшесіне түсіп қалды. Сол жатқаннан мол жатты. Ауруханадан шыққан соң оңалту орталығына барып жүрді. Емдеген дәрігерлер ауру тарихын толтырып жатып, «сізге міндетті түрде ІІ топтағы мүгедектік берілуі тиіс» деп қадап айтыпты. Уақыты келгенде әлгі әріптесіміз Мемлекеттік әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өткенде, оған ІІ-топтағы емес, ІІІ топтағы мүгедектікті тағайындаған. «Апам да аң-таң, мен де аң таң» демекші, емдеген дәрігерлер осылай диагноз қойып жатқанда, МӘС-тегілердің мұнысы несі? Сау болса, бір сәрі?! Күніне уыс-уыс дәрі ішеді. Жансызданып қалған сол аяғы әлі икемге келмейді, сылтып басады. «Олардың да бір білгені бар шығар» деп әріптесіміз қынжылды да қолын бір сілтеді...   Түлкібас ауданының Тастұмсық ауылында І топ мүгедегі Мейірхан Топанбай тұрады. Диагнозы – БЦП.  Кейде есінен танып құлап қала береді. Алайда, өмірге құштар жан кітапханада жұмыс істейді, көп тіл біледі. Әлеуметтік желіде белсенді. Мейірхан жыл сайын МӘС-тен тексеруден өтетініне шағымданған еді...     

Есімін атамауды өтінген отырарлық жігіт бала күнінен мүгедек. Бауырының айтуынша, бұл дәрігердің қателігінен де орын алған. Құлағы ауырған кезде түрлі укол сала берген. Соның салдарынан жасөспірімнің бір құлағы 100 пайыз саңырау болып қалса, екінші құлағы 15 пайыз ғана естиді. Бірақ оған ІІ топ мүгедектігі берілмей, ІІІ топқа ысыра салған... 

Мұндай мысалдар жеткілікті. Осындай жәйттер бізді мүгедектердің жәй-күйі туралы арнайы мақала жазуға жетектеді. Шымкент қаласында 39 515 мүгедектігі бар жан өмір сүруде. Оның ішінде 3832-сі – І топтағы, 15 268-і – ІІ топтағы, 12 861-і – ІІІ топтағы мүгедек. Сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі 2 540 бала, ал, 7 жастан 18 жасқа дейінгі І топта – 691, ІІ топта – 1 812, ІІІ топта 2 511 бала тіркеуде тұр. Ал, облыс бойынша 97 635 мүгедек бар екен. Оның 7920-сы – І топтағы, 35 802-сі ІІ – топтағы,  38 987-сі ІІІ топтағы мүгедектігі бар ересектер.  

7 жасқа дейін 4 299  бала мүгедек ретінде тіркелген. 7 жастан 18-ге толған 1 374 бала – І топтағы, 3601 бала – ІІ топтағы,  5 652 бала ІІІ топтағы мүгедек санатында. Мүмкіндігі шектеулі жандардың санын пайызға шаққанда Кентау, Түркістан қалаларында, Мақтаарал және Бәйдібек аудандарында жоғары екен. Мұның себебін білмек болып аталған аймақтардың МӘС басшыларына қоңырау шалдық. Олардың бірқатары  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Түркістан облысы бойынша департаменті басшыларының рұқсатынсыз қандай да ақпарат беруден бас тартқан соң, ресми хатымызды қолға алып Түркістан қаласына келдік. Аталған департаменттің медициналық және әлеуметтік  сараптама, әдісхана және бақылау бөлімінің басшысы Марат Архаровтың осы салада қызмет етіп келе жатқанына 19 жылдан асыпты. Білікті маман бізді біраз жайға қанықтырды. 

– Сізге бір нәрсе айтайын, мүгедектердің қатары алдағы уақытта көбеймесе, азаймайды. Қайта өсе түседі, – деп бастады Марат Аманғалиұлы әңгімесін әріден бастап. – Әлем бойынша Америка мен Еуропада халықтың 10 пайыздайы мүгедек. Ал, Ресейде бұл көрсеткіш 8 пайыз. Сондықтан бұл қорқынышты жағдай емес.Түркістан облысындағы 2 миллиондай халықтың 4,6 пайызы мүгедектер санатында.

Алғашқы куәландыру барысында интенсивті көрсеткіш деген бар екен. Ол алғашқы  рет тағайындалған мүгедектік параметрі 10 мың халыққа шаққандағы пайыздық үлесімен есептеледі. Мысалы, 2020 жылы республикалық көрсеткіш  24,8 пайыз болса, Түркістан  облысында ол 29,6 пайызға жетті. 2021 жылы республикада бұл көрсеткіш 26,6 пайызды құраса, облыс орталығында 29,4 пайыздан асты. Ал, 2022 жылы 27,3 пайызды құрады. Облыстың былтырғы көрсеткіші республикамен бірдей болып тұр. Демек, мүгедектік таяу арада азаймайтындай... 

Әрине, оның себептері аз емес. Бірінші кезекте өңіріміз экологиялық аймаққа жатады. Дәрігерлер жетіспеушілігі де кері әсер етуі ғажап емес. Үкімет денсаулық сақтау саласына қаражат аяп жатқан жоқ. Ендеше, мүгедектік неге кемімейді? Маманның пікірін естіп отырсыздар, мүгедектік қайта көбейеді. Неге десеңіз, даму эволюциясы осындай. Бұрын онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар арасында өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары болатын. Қазір өмір сүру деңгейі анағұрлым өсті. Қазіргі таңда аты жаман ауру құрығына ілінгендердің өмірін ұзартуға барынша әрекет жасалып жатыр. Кешегі күндерді еске түсірейікші. Кеңестік кезеңде инсульт алып, қоларбада отыратын немесе ақсаңдап жүретін адамдарды кем көретін едік. Ол кезде инсульт және инфаркт алған адам көбінде бірден қайтыс болып кететін. Қазір медицина дамыған, жағдайы ауыр науқастарды да ажалдан аман алып қалуға мүмкіндіктер көп. Сондықтан науқастардың бір жағы жансызданып қалса да өмір сүруді жалғастыруда. Қазір күрделі операциялар жасалып жатыр. Сондықтан да мүгедектік көбейеді. 

Марат Архаров бізге қай нозологияның бірінші орында тұрғанын айтты. Ең алдымен ересектер арасында қан айналымының бұзылысы алға шыққан. Алғашқы куәландыру бойынша тағайындалған мүгедектіктің ішіндегі 27, 5 пайызын осы нозология құрайды. Екінші орында онкологиямен ауыратындар тұр. Үшінші орында – жарақат алғандар, төртінші орында – сүйек бұлшық ет қызметтері бұзылғандар, бесінші орында – көз аурулары кеселдеріне шалдыққандар... Осылай ретімен кете береді.  Ал, балалар арасында жиі кездесетін кеселдер – туа біткен кемістіктер, жүйке жүйесі аурулары, психикалық ауытқулар, жарақат, одан кейін көз аурулары.

«Мүгедектік көрсеткіші Түркістан қаласында – 6,8 пайыз, Мақтаарал ауданында – 6,7, Бәйдібек ауданында – 6,3, Келес ауданында – 1,9 пайыз». Түсінік бере кетейін. Мәселен, Кентау қаласында көрсеткіш – 8,9 пайыз. Өйткені, бұл қалада Созақ, Отырар аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетіледі.  Бірақ мекенжай Кентау қаласы деп көрсетіледі. Дерекқор базасы бойынша солай қалып кетті. 

Келес ауданының ашылғанына 2-3 жыл ғана болды. Сондықтан пациенттердің көбісі Сарыағаш ауданында қалып кеткен болуы да мүмкін. Бәйдібек ауданында  Созақ және Түлкібас аудандары тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Бұрын Арыс қаласына қарайтын. Түркістан қаласында былтыр жазда 74 мың адам тұратын еді, қазір 218 мың адам тіркелген» дейді Марат Архаров. 

Әрине, елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы арнайы заң бар. Демек, нормативтік-құқықтық акт аясында  оларға түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Былайша айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғаммен етене араласуы үшін тең мүмкіндіктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттары  толық айқындалған. Бұл ретте халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық, білім және басқа саладағы уәкілетті органдардың құзыреті көрсетілген. Ал, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен медициналық-әлеуметтік сараптама  (МӘС) жүргізу қағидалары бекітілген. Демек, мүгедектік тағайындау соған сәйкес жүргізіледі. 

Мүгедектік тағайындау – мемлекеттік қызмет көрсетудің бір түрі. Қағида аясында стандарт бойынша қызмет көрсетіледі. Ауру адамды дәрігер дені сау деп жаза алмайды. Бұл жерде ең маңыздысы мынау: анатомиялық бір кемістік диагнозға негіз болады. Ал, қалғандарға бұл талап жүрмейді. Емхана немесе аурухана диагноз қоя алады, бірақ мүгедектік дәрежесін беруге құқы жоқ.  Ал, оны медициналық-әлеуметтік сараптама шешеді. Қай топқа жататынын солар белгілейді. Мысалы, адамның функциялары айқын түрде бұзылса, өзіне қызмет көрсете алмаса, өзін күту қабілеті нашарласа, күнделікті тұрмыстық әрекет жасай алмаса, тіршілігі шектелген деген сөз. Демек, сол кезде ғана мүгедектік туралы әңгіме қозғалады.

Адамдардың анатомиялық кемістіктері дегеніміз – былайша айтқанда, аяқ-қолы жоқ адам. Оған 4 ай емделудің, дәрігерге қаралудың қажеті жоқ. Жарамсыздық қағазы керек емес. Дәрігерлік кеңестік комиссия (ДКК) диагнозы анатомиялық кемістікке жататын болғаннан кейін бірден МӘС-ке толтырады. Ал, мұндағылар да бірден тиісті мүгедектікті тағайындайды. Егер ол бала болса, алдымен 7 жасқа дейін, кейін 18 жасқа дейін, содан соң ересектік мүгедектік беріледі. 

Марат Аманғалиұлының айтуынша, басқа аурулар, түрлі жарақат алғандар еңбекке уақытша жарамсыздық басталған күннен бастап аурудың деңгейіне, қойылған диагнозына қарай кемінде  төрт айдан кейін МӘС-ке жіберіледі. Мысалы, бір азаматтың аяғы сынды делік. Ол үйінде жатыр. Төрт ай бойы жергілікті дәрігерлер емдеді, науқас ауруханада жатты. Нәтижесі қандай? Сауығып шықса, қайта жұмысқа шығуға рұқсат етіледі. Жазылмаса МӘС-ке жолдайды. Әңгіме осында. Төрт ай деген ұғым қайдан шықты? Үкімет осынша уақыт беріп, науқасқа оңалту шараларын жүргізу үшін мерзім белгілейді. Сол сияқты бұған жазылмайтын ауруларды қоспағанда тағы да мынадай жағдай өмірде ұшырасуы әбден мүмкін: мәселен, 90 жасқа келген ақсақал инсульт алды. Оның енді оңала алмайтынына көз жетіп тұр. Оған өмірлік мүгедектік тағайындалады. 

Баяғыда екі бүйрегі істемейтін диализге дереу І топ мүгедектігі тағайындалатын. Неге десеңіз, ол күнара қанын тазалату үшін гемадиализ  аппаратының қызметіне жүгінеді. Қазір бес жылға мерзім берілген.  Осы уақыт ішінде донордан ағза ауыстырмаса,  тағы бес жылға созылады. Оған өмір бақи мүгедектік жазылмайды. Өйткені, оңалту шараларының ішіне ағза ауыстыру да кіреді. Егер «бөтен» бүйрек салдырса, ол науқас ІІ топ мүгедектігіне ауыстырылады.

«Түлкібастық Мейірхан Топанбайға қатысты мынаны айтқым келеді. 2020 жылы оған өмірлік ІІ топ мүгедектігі тағайындалған. Кейін осы жылы куәландыруға І топ мүгедектігі екі жылға жазып берілген. Соңғы рет 2021 жылы біздің департамент бақылауға алып, 2025 жылға дейін шешім шығарып берген. Бес жылдан кейін ары қарай белгілі болады. Диагнозын қарайық. Жамбасы, тізесі жарамсыз екен... оған буын ауруы да қосылған... Денсаулығы нашарлағаннан кейін бірден 5 жылға дейінгі мерзіммен І топқа ауыстырылған. Бес жыл жүргеннен кейін оған әлемде ота жасалатын механизм бар болса, соны күту керек. Мысалы, бір жамбас желініп кеткен. Ол 6 жылдай жүрді. Жамбасты ауыстыруға болады. Протез салады. Егер ағза қабылдап, жақсы жүріп кетсе, мүгедектікті алып тастайды». 

Сонымен қатар, М.Архаров отырарлық өреннің шағымына да жауап берді. Басшылыққа алған қағидаға сәйкес 26 пункттегі анатомиялық кемістіктер ішінде есту протездерін қою мүмкін болмағанда екі құлақтың кереңдігі әрі мылқау болуы да ІІІ топқа жатады. Уақытша ІІ топ мүгедектігі берілуі мүмкін. Аппаратқа түскенше. Қағидада солай көрсетілген. «Мәселен, адамның шынтағына дейін қолы жоқ, оған ІІІ топ мүгедектігі тиеселі. Ал, иықтан жоқ болса, ол – ІІ топтағы мүгедек. Адам жүрген кезде оған қол ырғақпен жәрдем етеді. Бұл мүгедек жүгіре алмайды, жүгірсе құлайды» дейді маман. 

Расында да МӘК-тің қызметіне шағым аз түспейді. Қағида талаптарына сәйкес олар стандарт бойынша қызмет көрсетеді. Мәселен, жер комитетіне бардыңыз делік. «Болды бара беріңіз, 15 күннен кейін шешім шығарылады» дейді. Ал, МӘС-те стандарт бойынша құжаттар топтапмасын тапсыруға бір сағат, қызмет көрсетуге бір сағат, айналдырған екі сағат уақытта нәтижесі қолыңызға тиеді. 

Сырттай куәландыру қалай жүзеге асады? Науқастың аты-жөні жоқ, дәрігердің қорытындысы ғана болады. Куәландыру 12 нозология бойынша жүреді. Құжаттарды серверге жібереді. Серверге түскеннен кейін науқастың жынысын қалдырады да,  аты-жөнін өшіреді. Сөйтіп, біреуін Алматыға, келесісін Қарағандыға, үшіншісін басқа қалаға жібереді. Екі дәрігердің жазғаны есепке алынады. Тиімділігі сол, бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, төсекте жатып қалған адамдарды ары-бері сенделтпейді.

Балалар арасындағы мүгедектіктің көбею себебі неде? Бұдан 2 жылдай бұрын балалар арасындағы аутизм ауруы туралы мақала жазған болатынбыз. Бұл – қоғамның жаңа дерті. Сонда Сайрам ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры мұндай дертпен ауыратын бір қазақ, бір орыс, қалғандарының барлығы өзбек балалары екенін айтып бергені есімде. Расында да аталмыш аймақта ересектер мен балалар арасында мүгедектер көп екені құпия емес (Аталған ауданның біраз елді мекендері мегаполиске өткендіктен, көрсеткіш кемуі заңды). Мамандардың айтуынша, бүгінде жасөспірімдер арасында қант диабеті ауруы жиіледі, 2-3 есеге дейін  көбейген. Аутизм, Даун, туабітті кемістіктер сияқты келеңсіздіктер белең алып келеді. «Ауру астан...» демекші, мұның себебі кока-кола, чипсы, кириешки секілді зиянды тағамдарды көп тұтынудан да болуы әбден мүмкін...


Пікір қалдырыңыз