Тіркесең – көлік, тіркемесең – «өлік»

Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін өз көлігінің өзінікі екеніне сене алмай, дүдәмал күй кешкен отандастарымыз аз болмады. Президенттің араласуынан кейін шетелдік көліктерге қатысты бұл проблема біртіндеп шешімін таба бастады. Басқа өңірлерді айтпағанда, Түркістан облысында бүгінге дейін 1500-ден аса шетелдік көлік тіркеуден өтіп, қазақстандық «темір тұлпарлардың» қатарына қосылды. Дегенмен, көлігім «тіркеуден өте ме, әлде өтпей ме?» деп сан түрлі сауалмен басы қатып жүргендер әлі де аз емес. Біз көліктерді тіркеуге қатысты кейбір түйткілді мәселелер төңірегінде облыстық полиция департаментіне қарасты Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан ТАСТАНБЕКОВПЕН әңгімелескен едік.

– Алмасхан Мәмбетұлы, елімізге сырттан келген көліктерді тіркеу мәселесі бұған дейін талай жүргізушінің бас ауруына айналғаны белгілі. Себебі, утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы тым қымбат болатын. Дегенмен, еліміз бойынша жүргізіліп жатқан бір жолғы акция проблеманы түбегейлі шеше ала ма?
– Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында «Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 
200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын» деген болатын. Рас, бұған дейін мемлекеттік алымдар тым қымбат болды. Сондықтан жүргізушілер де өз көліктерін тіркеуге асыға қоймайтын. Міне, Жолдаудан кейін шетелден көлік кіргізген мыңдаған адамның проблемасын шешу үшін бір реттік шара қолға алынды.
Қалай айтсақ та, Қазақстанның көлік нарығын көрші елдердің көліктері толтырып жүргені жасырын емес. Басым көпшілігі утильдік алым мен тіркеудің қымбаттығынан құжаттарын заңдастыра алмады. Біздегі мәлімет бойынша соңғы жылдары Ресей Федерациясынан әкелінген 300 мыңға жуық көліктің 12 мыңнан астамы Түркістан облысында жүр. Армениялық көліктердің саны облыста 500-ден асады. Олардың бәрі тіркеуден өтпегені анық. Президент бұл заңсыздыққа енді жол бермеу керектігін айтуда. Яғни 2022 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді қолжетімді бағамен тіркеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – көлік иелері үшін үлкен жеңілдік. 
– Қандай көліктер заңдастырылады?
– Заңдастыруға жеңіл көліктермен қатар шағын және сыйымдылығы орта, салмағы бес тоннаға дейінгі автобустар, салмағы 3,5 тоннаға дейінгі шағын жүк көліктері жатады. Бастапқы тіркеу кезінде шетелдік көліктердің зауыттан шыққан жылына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Облыс тұрғындары автокөліктерін заңдастыру үшін Түркістан қаласы және Сайрам, Сарыағаш аудандарындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн түрде өтініш бере алады. Орталықтарда арнайы секторлар ұйымдастырылып, келушілерге ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр. Ол жерде азаматтарға облыстық полиция департаментінің мамандары, салық органдарының қызметкерлері, сондай-ақ, көлікті сақтандыру ұйымдарының өкілдері кеңес береді. 
Тағы да айтып өтейін, көлігін заңдастырамын деген азаматтарға арнайы талаптар бар. Біріншіден, көлік іздеуде болмауы керек. Екіншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Үшіншіден, кедендік тазартудан өтуі тиіс. 
– Соңғы жылдары Біріккен Араб Әмірлігі, Грузия, Моңғолия, Армения, Қырғызстаннан көлік алып келу үрдіске айналды. Олардың мәселесі қалай шешілмек?
– Бұл жерде тұрғындар мынаны білуі тиіс: биылғы бір жолғы заңдастыруға Біріккен Араб Әмірлігі, Грузия, сондай-ақ, Еуропадан әкелінген көліктер жатпайды. Бұл елдерден әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден өтуі керек. Негізінен, заңға сәйкес, «үшінші елдерден» әкелінген көліктерді Қазақстан азаматы жүргізуге болмайды. Мысалы, Грузиядан әкелінген көлікті сіз бен біз жүргізе алмаймыз. Оны тек Грузия азаматтары ғана жүргізе алады. Бұл тұрғыда шетел азаматтарына елімізде осындай автокөліктермен жүруге бір жыл уақытша мерзім беріледі. Біз алдағы уақытта бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастырамыз. Сол кезде осындай автокөліктер ұсталса, оларды уақытша сақтау қоймасына апарамыз.
Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Қырғызстан, Белоруссиядан әкелінген көліктердің мәселесі осы бір жолғы акция аясында шешіледі. Олар 200 мың теңгені құрайтын бастапқы төлеммен қатар, техникалық құжат үшін 4313 теңге мемлекеттік баж, сондай-ақ мемлекеттік нөмір үшін 9660 теңге төлейді. Ең бастысы, жүргізушілер ертерек қамданып, 1 шілдеге дейін автокөліктерін тіркетуі тиіс. Егер тіркету кезінде қиындықтар туындаса, оған бір- екі ай кетуі мүмкін. Сол себепті, азаматтардан заңдастыруға аса жауапкершілікпен қарауын сұранамыз.
– Рөлі оң жақта орналасқан көліктер тіркеле ме?
– Егер азаматтың оң рульді көлігі іздеуде болмаса, кедендік тазартудан өтіп, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге кіргізілсе, ешқандай кедергісіз тіркеуден өте алады. 
– Құрастырылған көліктер ше?
– Мұндай көліктер тіркеуге алынбайды. Себебі, олар қосалқы бөлшектер арқылы құрастырылғандықтан, ешқандай құжаты жоқ. Оның үстіне, бұл көліктер Қазақстанға заңсыз кіргізілген. Оны көліктің иелері де жақсы біледі. Сондықтан оны бөлшектеп сатудан басқа әзірге жолы жоқ.
– Көліктің елге кірген уақыты қалай анықталады?
– Көліктің елге қашан кіргізілгенін анықтау оңай. Көліктің елге кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері арқылы және сақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша анықталады. Өйткені, барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Сондай-ақ, Интерпол және ТМД базалары бойынша да тексеріліп, Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өтуі тексеріледі. Барлығы да цифрлық жүйеге қосылғандықтан, ешқандай қиындық туғызбайды.
– Тіркеуден өтпеген көліктердің тағдыры не болмақ?
– Ондай көліктер енді Қазақстан аумағында жүре алмайды. Оны тек бөлшектеп сату ғана қалады.
– Ал, 1 қыркүйектен кейін елге әкелінген көліктер қалай тіркеледі?
– Бұл бір реттік қана жеңілдік болғандықтан, көлік иелері бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланғаны жөн. Ал, бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған көліктерді сатып алғаннан кейін оларды Қазақстан Республикасында 10 жұмыс күні ішінде тіркетуі қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз